Адам құқығы және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстандағы халықаралық бюросы мен Equal Rights Trust (Ұлыбритания) үкіметтік емес ұйымының мұрындық болуымен 28 маусым күні Астанада барлық тараптардың қатысуымен дөңгелек үстел өткізілді. Онда адам құқығы мен теңдігі саласындағы үздік сарапшылар мен заңгерлер дайындаған үш баяндама көпшілікке таныстырылды.
Дөңгелек үстел Еуропа Одағының қаржыландыруымен жүзеге асатын екі жоба аясында өткізілді. Олар: Адам құқығы мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстандағы халықаралық бюро жүргізетін «Дискриминацияны жою жөніндегі кеңестерді орындау бойынша эдвокаси кампаниясы» мен азаматтық қоғамның дискриминацияны жою ісіндегі потенциалын күшейтуге бағытталған ERT ұйымы іске асыратын жобалар. ERT – бұл Қазақстанда 2014 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ұлыбританиялық үкіметтік емес ұйым. Аталмыш үкіметтік емес ұйым біздің еліміздегі бірқатар ұйымдармен және Адам құқығы мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан бюросымен дискриминацияны жою жобасы аясында бірге жұмыс істейді.
Жоба жұмысына 3 заңгер-сарапшы қатыстырылды. Олар мына саладағы дискриминация мәселесіне тоқталды:
- Мүмкіндігі шектеулі адамдарға ақпарат алу мүмкіндігі
- Көру қабілеті нашар адамдардың құқығын шектеу
- Терроризм мен экстремизм қылмыстарына қатысты сотталған адамдардың экономикалық және әлеуметтік құқықтарының шектелуі
Сарапшы-заңгерлер халықаралық стандарттарға сәйкес адам құқықтары мәселесін және Қазақстан заңнамаларын зерттеп, соған қатысты өз тұжырымдарын таныстырды.
«Бұл сараптамалық зерттеулер мүгедектердің құқығына байланысты теңдік пен дискриминация жасамау бойынша халықаралық стандарттарды енгізу және терроризм мен экстремизмге қарсы заңдарды азаматтардың құқығын шектеу үшін қолдану мәселесі сияқты күрделі проблемаларды билікпен талқылау үшін жасалған маңызды құжаттар болмақ», – деді Евгений Жовтис, АҚмЗСҚХБ директоры.
Дөңгелек үстелден кейін сарапшылар журналистер мен басқа да қызығушылық білдірген тараптар үшін брифинг өткізіп, аталған тақырыптағы сұрақтарға жауап берді.