• Басты
  • >
  • Қазақстанда адвокаттардың өзі қорғауға зәру

Қазақстанда адвокаттардың өзі қорғауға зәру

02.08.2018

Жуырда үстінен «жалған ақпарат тарату» бабы бойынша іс қозғалған адвокат Бауыржан Азанов өзінің тек қана заң шеңберінде және жәбірленушінің құқығын қорғау бағытында жұмыс істегенін, өз ісінде еш қылмыстық құрамның жоғын айтады. Өзіне қатысты қылмыстық істі Оңтүстік Қазақстан облысында жеті жастағы балаға қатысты зорлық әрекеттерін әшкерелегені үшін қозғағанына сенімді.

Жиі құқығының бұзылуына ұшырап жүрген адвокаттардың бірі Айман Умарова да онсыз да заң шеңберінде қорғаушылардың құқығы өте тар екенін, ендігі бар құқытарының шектелуі жиілегеніне наразы. Өзінің аты мен тегін қате жазып, қасақана келемеждеуге барған прокуратура өкілдерін сотқа бергенін айтады.

Құқыққорғаушы Евгений Жовтис та органдар тарапынан қудалауға ұшырап, түрлі істерге тартылатын адвокаттардың тәуелсіз, белсенді қорғаушылар екенін еске салып, оны қасақана қудалау ретінде қарауға болатынын мәлімдеді.

Айман Умарова қылмыстық іс бойынша әріптесі Бауыржан Азановқа қорғаушы болғанын, ендігі сотқа дайындық басталғанын айтады.

Дәл қазір астаналық және алматылық құқыққорғаушылар мен белсенділер адвокат Бауыржан Азановты қолдап қол жинап жатыр.

Құқық қорғаушы Диана Окремованың айтуынша, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Бас прокурордың атына арналған үндеуге астаналықтар қол қойып жатыр. Үндеуді қолдағандардың дені – қала тұрғындары мен белсенділер.

Адвокатты қолдап қол жинаушылардың сөзінше, “Азанов зардап шеккен балаға өз қаржысына, тегін қызмет көрсеткен. Азаматтық белсенділігі үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуға болмайды”.

Естеріңізге сала кетейік биыл 13 наурыз күні Сарыағаш ауданындағы Абай ауылында тұратын Шарипа Батырбекова жеті жастағы жиенін былтыр тамыздан бері жоғарғы сынып оқушылары бірнеше мәрте “ұрып, зорлағаны” туралы жергілікті полицияға дер кезінде шағымданғанымен, тек үшінші рет барғанда ғана арызын қабылдағанын айтқан. Бұл хабар әлеуметтік желіге кең тарап, жергілікті БАҚ-тың назарына ілініп, әлеуметтің ашу-ызасын тудырып, қатты талқылауға ұласқан.

 


Пікір үстеу

Сондай-ақ қараңыз