• Басты
  • >
  • Еуропарламентте Қазақстандағы адам құқығы мәселесі тағы да талқыланды

Еуропарламентте Қазақстандағы адам құқығы мәселесі тағы да талқыланды

08.12.2021

Еуропарламент Қазақстанға адам құқықтарына байланысты кезекті рет сын айтты. Еуропарламент депутаттарының пікіріне Қазақстан өкілдері қарсы уәж айтпақ болды.

Халықаралық адам құқығы күні қарсаңындағы апта құқық қорғау саласында қызу талқыға толы болады. Биыл 9-10 желтоқсанда Вашингтонда демокартия бойынша әлемдік саммит өтеді. Оған 110 елдің мемлекет басшысы шақырылған. Ал желтоқсанның 10-ы күні Ослода 2021 жылы Нобель сыйлығы иегерлері сөз сөйлейді. Оның ішінде Ресейдің «Новая газета» басылымының редакторы Дмитрий Муратов пен Филиппин журналисі Мария Ресса сөз сөйлейді деп жоспарлануда. Бұл адам құқығы күніне орай өтетін шаралардың бір сыпырасы ғана.

Негізінен адам құқықтары күніне орай ұйымдастырылған шаралар легі дүйсенбі күні Брюссельде басталды. Дәл осы күні Еуропарламенттің адам құқықтары бойынша комитетінде Қазақстандағы адам құқығы мен азаматтар бостандығы мәселелері қаралды. (Осыдан он күн бұрын ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Брюссельге ресми іс-сапармен барып, Еуро Кеңес төрағасы Шарль Мишельмен кездескен). Оған Қазақстанның атынан ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова қатысты. Ал Қазақстан құқық қорғаушылары тарапынан АҚмЗСЖҚХБ директоры Евгений Жовтис қатысты.

Еуропа Нұр-Сұлтаннан құрғақ уәде емес, нақты реформалар күтеді

Қазақстан өкілдеріне сөз бермес бұрын Еуропарламент депутаттары Human Right Watch халықаралық адам құқығын қорғау ұйымының өкілі Мир Риттманға сөз берді.

– Бізге Қазақстаннан құрғақ уәде емес, адам құқықтары бойынша нақты реформалар күту қажет. Президент Тоқаев осында болғанда, ол өз елінің азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуді басты міндетім деп айтты. Бірақ оның келуінен бір күн бұрын Алматыда бұрынғы саяси тұтқын Арон Атабек қайтыс болды. Ол 15 жыл түрмеде отырды және өте ауыр жағдайда бостандыққа шығарылды. Оның қамауға алынуы, сотталуы, Қазақстан түрмелеріндегі жағдай Қазақстанға қойылған халықаралық талаптарына сай келмейді. Бұдан бөлек, бізді Қазақстандағы саяси партиялар мен қозғарлыстары экстремистік ұйым деп тану және оның мүшелерін соттау практикасы алаңдатады. Жақында ғана «Қазақстанның демократиялық таңдауы» және «Көше партиясы» қозғалыстарының өкілдері түрме жазасына кесілді. Бұдан бөлек, Қазақстан билігі осыдан бірнеше жыл бұрын тәуелсіз кәсіподақтардың көзін жойды. Қазір жаңа кәсіпордақтарды тіркеуден бас тартып отыр. Қорта айтқанда, біз Еуроодақ көшбасшыларынан Қазақстан билігінен елдегі қоғамдық өмірді демократияландыруда нақты қадамдар жасауға қол жеткізуге шақырамыз, – деді Риттман.

Либерализация декларативті емес, нақты болуы тиіс

Өз кезегінде Евгений Жовтис Қазақстандағы адам құқығы мен бостардығына байланысты қалыптасқан жағдайды төмендегідей сипаттады:

-Соңғы екі жылда прездент Тоқаев, жалпы Қазақстан билігі саяси либерализация жөнінде дүркін-дүркін мәлімдемелер жасады. Бұл жөніндегі ақпарат халықаралық аренаға насихатталды. Мен қазір осыған байланысты өз пікірімді айтамын.

Бірінші кезекте құқық қорғау саласындағы бірқатар жетістіктерге тоқталайын:

1.Өзім жазасына толықтай жою.

2. «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заңның Париж қағидаттарына сәйкес қабылдануы.

3. Неміс әділет моделі негізінде әкімшілік іс жүргізу кодексінің қабылдануы.

4. Пенитенциарлық жүйенің азаптау мен қатыгездіктің алдын алу тұрғысынан кейбір реформаларды.

5. Әйел және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға байланысты кейбір реформалар.

Бұдан бөлек, қоғамдық бақылау туралы заң жобасының әзірленуін, түрлі диалог алаңдарының, жұмыс топтары мен кеңестердің саны мен форматтарының ұлғаюын, яғни “еститін мемлекет” тұжырымдамасын ілгерілетуді атап өткім келеді, ол шын мәнінде сәл көбірек тыңдайтын бастады, бірақ әлі де ести қойған жоқ. Енді бізді алаңдататын мәселелерге тоқталсам.

1.2020 жылдың маусым айында бейбіт жиындар жөнінде заң жобасы қабылданды. Ол жиын өткізуді жеңілдететін үлкен жетістік ретінде таныстырылды. Алайда, жаңа заң демонстрациялар мен шерулерді ұйымдастырудың рұқсат беру тәртібін сақтайды, ал митингілер мен пикеттерді өткізудің енгізілген хабарлама жасау тәртібі бұрынғы рұқсат беру тәртібіне тым ұқсас, өйткені ол биліктің үш жұмыс күні ішінде хабарламаға реакциясын күтуін және жиналысқа тыйым салу мүмкіндігін болжайды. Бұл ретте алдағы жиналыстың әлеуметтік желілерінде талқылау үшін биліктің мақұлдауын алғанға дейін жиналыстың ұйымдастырушылары мен ықтимал қатысушыларын әкімшілік қамауға дейін әкімшілік жауапкершілікке тарту жиі орын алады.

Жаңа заңға сәйкес, пикетті тек бір адам ғана өткізе алады. Митинг билік бөлген екі-үш жерде ғана өткізілуі мүмкін, ал мемлекеттік органдар ғимараттарының жанында немесе орталық алаңдарда митингілер өткізуге болмайды, ал демонстрациялар мен шерулер билік белгілеген бағыт бойынша ғана өткізілуі мүмкін. Жоспарланбаған бейбіт жиналыстар мүлдем өткізілмейді.

Ал соңғы жылдары билік бейбіт наразылыққа шыққандарды суықта немесе ыстықта бірнеше сағат бойы шеңберде күштеп ұстап тұрудың, адвокаттарға жол бермеудің және дәретхананы пайдалануға немесе ыстық тамақ пен сусын алуға мүмкіндік бермеудің кеттлинг – тактикасын қолдана бастады. Билік бейбіт жиналыстардың ықтимал ұйымдастырушыларын немесе қатысушыларын алдын-ала ұстауды үнемі қолданады, тіпті жиналыстардың алдында да әкімшілік қамауға алады.

2. Саяси партияны тіркеу үшін міндетті мүшелер санының төмендегені, парламент сайлауы кезінде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілгені және парламенттік оппозиция үшін құқықтық негіз құрылғаны туралы жарияланды. Алайда партия мүшелерінің санын 40 мыңнан 20 мыңға дейін азайту ештеңені өзгертпейді. Соңғы он жыл ішінде ешқандай оппозициялық партия тіркелген жоқ.

Сонымен қатар, сайлау заңнамасына енгізілген өзгерістерге сәйкес парламент пен жергілікті өкілді органдарға сайлау енді тек партиялық тізімдер бойынша өткізіледі, нәтижесінде саяси оппозиция Парламентте де, жергілікті билік органдарында да көрсетілмейді. Сондықтан, егер оппозициялық партияны тіркеу, саяси үгіт-насихат жүргізу және сайлауға тиімді қатысу мүмкін болмаса, квоталар немесе парламенттік оппозиция туралы ережелер ештеңені білдірмейді. 2021 жылғы 10 қаңтардағы парламенттік сайлау және оларды ЕҚЫҰ Миссиясының бағалауы осыны айқын дәлелдеді.

3. Жала жабу деп аталатын бапты қылмыссыздандыру туралы жарияланды, бірақ ол қылмыстық заңнамадан азаматтық заңдарға көшірілмеді – бұл қылмыстық құқық бұзушылық әкімшілік құқық бұзушылыққа айналды. Әрине, қазір жала жапқаны үшін бұрынғыдай үш жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылмаған, бірақ ол  30 күнге дейін айыппұл немесе әкімшілік қамауға алу арқылы жазаланатын әрекет болып қала береді. Жазаның мөлшері, әрине, айтарлықтай азаяды, бірақ ол жаза болып қала береді және бұл тұрғыда қылмыссыздандыру болған жоқ.

4. Мен саяси тұтқындардың тізімін жасау жөніндегі қазақстандық құқық қорғау ұйымдарының сараптамалық кеңесінің мүшесі ретінде бұл тізім кейбір саяси тұтқындар босатылғаннан кейін де үнемі өсіп келе жатқанын атап өтуім керек. Сондай-ақ біз мерзім аяқталғаннан кейін немесе шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуға байланысты бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтық белсенділерге, сондай-ақ бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаға сотталған адамдарға ауқымды қысымға тап боламыз. Бұл қысым екі нысанда жүзеге асырылады.

Біріншіден, барлық сотталған азаматтық белсенділерді соттар қоғамдық қызметпен айналысу құқығынан айырады. Заңнамада бұл қызметтің заңды анықтамасы болмағандықтан, соттар мен қылмыстық-атқару жүйесі органдары белсенділерді бірқатар азаматтық құқықтар мен бостандықтардан айырады. Мұндай сотталғандарға митингілер мен демонстрациялар ұйымдастыруға және оларға қатысуға, қоғамдық бірлестіктердің қызметіне, қоғамдық-саяси тақырыптарға арналған семинарларға, тренингтерге, дөңгелек үстелдер мен конференцияларға қатысуға болмайды. Оларға әлеуметтік желілерде кез-келген ақпаратты таратуға, блог жүргізуге немесе пост жариялауға және саяси тақырыптарда біреумен сөйлесуге тыйым салынады.

Екіншіден, белсенділерді әдетте ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы бойынша қандай да бір алауыздықты қоздырғаны үшін немесе экстремизм үшін тыйым салынған ұйымға қатысқаны үшін 405-бабы бойынша соттайды, оларға ешқашан зорлық-зомбылыққа шақырмаған және зорлық-зомбылықты қолданбаған “Қазақстанның демократиялық таңдауы” және “Көше партиясы” оппозициялық қозғалыстары жатады, ал екі бап та “экстремистік” санатына жататындықтан, мұндай сотталғандардың барлығы “терроризм мен экстремизмді қаржыландыратын адамдардың тізбесіне”енгізіледі. Сонымен қатар, белсенділерге қатысты мұндай қаржыландыру туралы ешқандай дәлел жоқ.

Осындай үкімдердің салдарынан сотталған адамның банктік шоттары бұғатталған, адам отбасы мүшесіне 100 доллардан артық ақша ала алмайды, қандай да бір бизнес аша алмайды, мемлекеттік органдарда немесе нотариустарда қандай да бір құжаттар рәсімдей алмайды. Бұл шектеулер соттылығы өтелгенге дейін, яғни олар бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаннан кейін алты жылға дейінгі мерзімге қойылады.

5. Діни бостандыққа байланысты, әсіресе діни азшылықтар үшін, әсіресе зорлық-зомбылықсыз исламдық топтар үшін немесе тіпті WhatsApp топтарында діни мәтіндерді талқылайтын сенушілер үшін үлкен проблемалар бар. Осы жылдың қыркүйегінде БҰҰ-ның ерікті ұстау бойынша жұмыс тобы осындай талқылау үшін 5 жылдан 7,5 жылға дейін бас бостандығынан айыру мерзіміне сотталған 9 мұсылманның ісі бойынша қорытынды қабылдады. Жұмыс тобы сөз бостандығы мен діни сенім бостандығын бұзу фактілерін анықтап, оларды босатуға шақырды, бірақ әзірге сотталғандардың жағдайында бұл іс бойынша ештеңе өзгерген жоқ.

6. Қазақстандық құқық қорғаушыларды дәстүрлі емес жыныстық бағдар деп аталатын адамдарға қатысты дұшпандық ортаның жай-күйі алаңдатады, бұл бірнеше өңірде ЛГБТ-қоғамдастық өкілдеріне жаппай шабуыл жасау арқылы көрінді.

– Міне, менің қысқаша айтқым келгені осы. Егер сұрақтар болса мен жауап беруге дайынмын”, – деп Евгений Жовтис сөзін аяқтады.

Бұл бір күннің мәселесі емес, іс алға қозғалса болғаны

Адам құқықтары жөніндегі бюроның директоры сөз сөйлегеннен кейін Кіші комитеттің төрағалық етуші басшысы былай деді: “Мен сіз ұсынған кемшіліктердің тізімі сіз ұсынған жетістіктер тізімінен әлдеқайда ұзағырақ екенін көріп отырмын”. Содан кейін ол құқық қорғау саласындағы Қазақстанның ресми өкілі – ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімоваға алдыңғы спикерлер айтқандарына түсініктеме беру ұсынысымен жүгінді:

– Сіздің президентіңіз «еститін мемлекет» туралы үнемі айтады, алайда ол азаматтық қоғам мен халықаралық ұйымдар сынын естиді ме, еститін болса қазіргі жағдайды қалай түзетпек? Әзірге біз сіздің шенеуніктеріңізден ұзақ жылдар бойы бір  уәделерді естиміз, ал нақты жағдай мүлдем өзгермейді”, – деп сабақтады модератор өз сұрағын.

Осы сұрақтарға жауап бере отырып, Эльвира Әзімова азаматтық белсенділер мен блогерлерге шығарылған үкімдердің мазмұнына қатысты барлық шағымдарды бірден алып тастады, бұл сөзбе-сөз бір сөйлемге айналды: “мен барлық сот шешімдерін адам құқықтары жөніндегі уәкіл немесе үкімет емес, соттар шығарғанын еске салғым келеді, сондықтан бұл бір күндік мәселе емес” деді ол.

Бұдан ары Әзімова ханым өткен жылдың жазында Еуропарламент депутаттары берген тізімдегі алты сотталушы қазір бостандықта екенін, ал тағы он бір сотталушының бас бостандығынан айыру мерзімінің бостандығын шектеу жазасына ауыстырылғанан айтты.

Өз кезегінде Бас мемлекеттік құқық қорғаушы Қазақстандағы қоғамдық қызметке тыйым салу түріндегі қосымша жаза тағайындаудың қолданыстағы тәжірибесін бас мемлекеттік емес құқық қорғаушының сынына нақты қолдау көрсетті.

– Біздің ойымызша, заң шығарушыларға Қылмыстық кодекске бұл тыйым не үшін екенін түсіндіретін қосымша енгізуі қажет.  Қосымша жазалау шараларын тағайындау практикасын да қайта қарау қажет, біз қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Бұл мәселені біз жүз пайыз шешіп отырған жоқпыз, бірақ біз оны күш – жігерімізге қарай ілгерілетудеміз, дегенмен, бұл жерде басты рөл тағы да бізге емес, прокурорлар мен судьяларға тиесілі, – деді Әзімова ханым.

Бұдан әрі ол Қазақстандағы діни қудалау мәселесін қозғады. Елде мұндай қудалаудың бар екенін растамады және айыптамады да,  бірақ олардың бар екенін жоққа да шығармады. Оның орнына омбудсмен еуродепутаттарға Қазақстан парламентінде діни жоралғылар мен дінтану сараптамаларын өткізу тәртібіне қатысты діни ұйымдар туралы заңнаманың жекелеген тұжырымдарын нақтылау бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

Сондай-ақ, Әзімова ханым Қытай билігі тұтқындаған туыстарын босатуға ұмтылған Қытайдан келген этникалық қазақтармен жұмыс туралы хабарлады.

– Мен бұл адамдармен үнемі кездесіп тұрамын, менің аппаратымның қызметкерлері оларды қабылдайды және олардың өтініштері бойынша жұмыс істейді. Біз бұл істер бойынша Сыртқы істер министрлігіне және Бас прокуратураға жүгінеміз. Өкінішке орай, бұл жерде қандай да бір айқын ілгерілеуді күтудің қажеті жоқ, өйткені біз басқа мемлекетпен жұмыс істеп жатырмыз,- деді омбудсмен.


Сондай-ақ қараңыз