• Басты
  • >
  • Кәсіподақ белсендісі Ерлан Балтабай бостандыққа шықты

Кәсіподақ белсендісі Ерлан Балтабай бостандыққа шықты

21.03.2020

«Айыппұл төлемегені үшін» бес ай сегіз күнге қамалып, жазасын ИЧ-167/9 түзеу мекемесінде өтеген кәсіподақ белсендісі Ерлан Балтабай 20 наурызда бостандыққа шықты.

Жұма күні таңертең Ерлан Балтабайды қарсы алу үшін отбасы мен туыстары және белсенділер бас-аяғы жиырма шақты адам түзеу мекемесіне келді. Екі сағаттан кейін түрме қызметкерлерінің бірі Балтабайды “Самал” шағын ауданындағы жеке тұрғын үйіне жеткізіп салғанын хабарлады. Бұдан соң Балтабайдың туыстары мен белсенділер оның үйіне барды.

«Лайықты еңбек» кәсіподағы мен отын-энергетика кешенінің салалық кәсіподақтың бұрынғы төрағасы Ерлан Балтабайдың айтуынша, Абай аудандық соты үкім күшіне енгенше тергеу изоляторында отырған бір күнін бір жарым күн деп есептеу туралы өтінішін қанағаттандырғаннан кейін 13 наурызда қамаудан шығу керек болған.

«Түрмеде отырған кезімде қолдау білдірген еліме, құқық қорғаушыларға алғысымды айтамын. Заңсыз сотталдым, қамалдым. Ізіме түскендер кәсіподақты тартып алып, белсенділігіме шектеу қойғысы келді. Ендігі кезде 7 күн шығармаудың амалын жасап, түрмеде ұстағандардың үстінен шағымданамын. Өтемақы талап етемін», – деді Балтабай.

Ерлан Балтабай 2019 жылы шілде айында «Сеніп тапсырған мүлікті иемдену» бабы бойынша кінәлі деп танылып, жеті жылға сотталған. Тамыз айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың рақымшылығымен босап шыққан. Қазан айында Шымкенттің Әл-Фараби аудандық соты президент рақымшылығынан соң Ерлан Балтабайдың түрме жазасы 1 млн 595 мың теңге айыппұлмен алмастырылғанын, бірақ Балтабайдың оны төлеуден бас тартқанын алға тартып, 5 ай 8 күнге қамаған.

Бұған дейін халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін Ерлан Балтабайға бостандық беруге шақырып, оған шығарылған үкімнің күшін жоюды талап еткен. Қазақстандық құқық қорғаушылар 2019 жылы 30 желтоқсанында Ерлан Балтабайды “саяси тұтқындар” қатарына қосқан.


Пікір үстеу

Сондай-ақ қараңыз