• Басты
  • >
  • 405 бап бойынша тағы бір блогер істі болды

405 бап бойынша тағы бір блогер істі болды

10.03.2020

Бүгін Алматы қаласындағы Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі бюрода  азаматтық белсенді Азамат Байкеновтың ісіне қатысты баспасөз мәслихаты өтті.

Азамат Байкеновтың сөзінше, оның үстінен саяси себептер бойынша қылмыстық іс қозғалған.

«Қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойғаным үшін мені 488 баптың 2 тармағы бойынша 10 күнге соттады. Дәл осы күні түнде үйіме тінту жұмыстарын жүргізіліп, компьютер, телефон сияқты техникаларды тәркіледі. Мені 174 бап (әлеуметтік алауыздық қоздыру) бойынша қозғалған қылмыстық іспен таныстырды… Семей қаласынан келген уақытта тергеуші шақырды. Ол жерде мені қылмыстық істің 174 баптан (әлеуметтік алауыздық қоздырудан) 405 бапқа (экстремизм) ауыстырылғанын айтты», – деді А. Байкенов.

Блогердің пікірінше, оған тағылған айыптар ақылға сыймайды. Себебі жасалған сараптамада әлеуметтік желілерде жазылған пікірлер мен лайктар көрсетілген. Осы үшін оны «ҚДТ» ұйымымен (Қазақстан аумағында экстремистік деп танылған) байланыстыруда.

Адвокат Ғалым Нұрпейсовтың айтуынша, ол бұған дейін «ҚДТ» ұйымына қатысы бар бес істі қараған. Бұл жолғы істің де олардан айырмашылығы болмайды.

«Менің практикамда «ҚДТ» қоғамдық-саяси қозғалысына қатысты бес іс болды. Бұндай істердің барлығы сараптама төңірегінде құрылады. Ал ол сараптама тапсырыспен жасалады. Менің оның форматы қалай болатынын да біліп отырмын. Қылмыстық іске қатысты ақпаратпен іс аяқталғанда ғана бөлісе аламын. Енді істің өзге бапқа ауыстырылуы жөнінде айтатын болсақ, бұл жерде заң өрескел бұзылған. Қазір бізде 2014 жылы қабылданған жаңа Қылмыстық Кодекс жұмыс істейді. Ол бойынша, егер қылмыстық құрам табылмаса, онда іс тоқтайды. Бұл жерде бірінші іс бойынша қылмыстық құрам табылмаған соң оны басқа бапқа ауыстырған», – деді Ғ. Нұрпейсов.

Азамат Байкенов «Facebook» және «You Tube» желілерінде саяси бағыт бойынша блог жүргізеді. Онда ол оппозициялық көзқарастағы саясаткерлерден сұхбат алады және елде болып жатқан оқиғаларға өздігінше баға береді.


Пікір үстеу

Сондай-ақ қараңыз