Журналист Айнұр Асанбердіге сұхбат алғаны үшін айыппұл салынды
  • Басты
  • >
  • Журналист Айнұр Асанбердіге сұхбат алғаны үшін айыппұл салынды

Журналист Айнұр Асанбердіге сұхбат алғаны үшін айыппұл салынды

15.10.2026

Діни уағызшы Дарын Мубаровтан сұхбат алған журналист Айнұр Асанбердіге айыппұл салынды. Оған әкімшілік кодекстің 490-бабының 1-бөлігі «діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де материалдарды таратуға белгіленген талаптарды бұзды» деген айып тағылған. Журналистің өзі тағылған айыппен келіспейді.

«Дін істері басқармасы Дарын Мубаровтан алған сұхбатым үшін мені сотқа берген еді. Нәтижесінде сот маған айыппұл салды. Айыппұл сомасы – 130 мың теңге. Мен бұл ақшаны төлей аламын, бірақ төлемеймін деп шештім», – деді Айнұр Асанберді Instagram желісінде жариялаған жазбасында.

Оның сөзінше, журналистің жұмысы – сұрақ қою. Жұмыс барысында дін өкілінен де, қылмыскерден де сұхбат алады. 

«Біз сонда сұхбат алмауымыз керек пе? Екпе туралы сұхбат алған едім, оны өшіртіп тастады. Енді Дарын Мубаровқа да жетіпті», – дейді журналист.

Айнұр Асанберді жазбасында Дін істері комитетінің өзін сотқа бергенін мәлімдеді. Оның сөзінше, қазір іс бойынша мүддесін үш бірдей заңгер қорғап жатыр.

Журналист дау болған подкастын 31 шілдеде You Tube арнасына «Сізге уағыз айтуға тыйым салынды. Енді не істейміз?» деген тақырыппен жариялаған. Қонақ ретінде діни уағызшы Дарын Мубаровты шақырған. Екі жарым сағатқа созылған сұхбатта Мубаров соңғы жылдары әлеуметтік желіден жоғалып кеткені, уағыз айтуға тыйым салғаны туралы айтады. Ұлттық дәстүрге көзқарасын білдіреді. Журналист көп әйел алғаны туралы да сұрайды.

Подкаст жарияланғаннан кейін Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы Мубаровты «тіркеусіз діни миссионерлікпен айналысты деп мәлімдеп», сұхбатты тексеріп, құқықтық баға беретінін хабарлады. Басқарма подкаст шықпас бұрын ескерту берілгенін де мәлімдеді.

«Мониторинг барысында Айнұр Асанбердінің 31.07.2026 жылы You Tube парақшасында ҚР аумағында тіркеусіз діни миссионерлікпен айналысқан Дарын Мубаровпен түсірген подкасы анықталды. Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы тарапынан хабарландыру болғанына қарамастан әлеуметтік желіде бұл подкастты жариялаған. Аталған материал бойынша құқықтық баға беріледі және діни заңнаманы бұзу анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылданады», – деп хабарлаған сол уақытта Діни басқарма.