Азаттық радиосының мәліметінше, 8 наурызда әйелдер маршына қатысқан белсенділерді полицияға шақырған.
Бірнеше күн бұрын Алматыда өткен әйелдер маршына қатысқан белсенді Арина Осиновская мен Фариза Оспанды полицияға шақырған. Осиновская – “заңсыз шеру ұйымдастыру” бойынша, Фариза Оспан “қоғамдық шарада жүріс-тұрыс қағидаларын бұзу” бабы бойынша күдікке ілінген. “Заңсыз шеру ұйымдастыру” бабы бойынша ең үлкен жаза – 10 күн әкімшілік қамау, ал “қоғамдық шарада жүріс-тұрыс қағидаларын бұзу” бабы бойынша 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл (53 мың теңге) салу жазасы қарастырылған.
Осиновская 11 наурызда таңертең Алмалы аудандық полиция басқармасында отырғанын айтып, адвокатпен келісім-шарт жасасып жатқанын хабарлаған.
Ал Фариза Оспан Facebook-желісінде полицияның Арина екеуін марш кезінде “гүл шоғын жаққаны үшін” жауапкершілікке тартқысы келетінін жазды.
8 наурыз күні Алматыда өткен маршта қазақстандық феминистер қозғалысының өкілдері мен белсенділер Қазақстандағы әйелдер құқығының ахуалы және тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесін айтып, биліктен тұрмыстағы зорлық-зомбылық жазасын күшейтуді талап еткен. Олардың айтуынша, Қазақстанда жыл сайын 400-ге тарта әйел күйеуінің не басқа жақынының қолынан көз жұмады.
Биыл қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев “Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы” заң қабылдаған. Жаңа заңға сай, отбасында әйелге қол көтергендерге ескерту беріледі. Құқық қорғаушылар мен заңгерлер заңды сынаған. Ал ІІМ бұл өзгерісті “айыппұл жазасы ескертуге өзгертілді, себебі бұрын жанжал шығарған адам айыппұлды отбасы бюджетінен төлейтін. Бұдан отбасы мен бала жапа шегеді” деп түсіндірген.