АҚмЗСЖҚХБ – Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы
  • Басты
  • >
  • ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АДАМ ҚҰҚЫҒЫ ЖӘНЕ ЗАҢДЫЛЫҚТЫҢ САҚТАЛУЫ ЖӨНІНДЕГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БЮРО МӘЛІМДЕМЕСІ

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АДАМ ҚҰҚЫҒЫ ЖӘНЕ ЗАҢДЫЛЫҚТЫҢ САҚТАЛУЫ ЖӨНІНДЕГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БЮРО МӘЛІМДЕМЕСІ

11.05.2018

10 мамыр 2018 жылы Қазақстанның бірнеше қаласында саяси тұтқындарды босату және түрмедегі азаптауларды тоқтатуды талап етіп, бейбіт жиын өткізу талпынысы болды.

Наразылық акциясы Еуропа парламенті ресми делегациясының Қазақстанға арнайы сапармен келуіне орайластырылып өткізілген. Делегация Еуропа Одағы мен Қазақстан арасында жасалған серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің орындалу барысын бағаламақ. Келісімде қарастырылған баптардың арасында Қазақстанда адам құқықтары мен азаматтық бостандықтардың сақталуын қамтамасыз ету де бар. Акцияға Қазақстан бойынша 300-ге дейін адам қатысып, оның 150-ден астамын полиция ұстаған.

Алматы мен Астана қалаларында рұқсат берілмеген наразылық шарасы полиция күшімен таратылып, көп азамат ұсталған. Оның ішінде жасөспірімдер мен қарттар да бар. Ұсталғандардың біразы көп ұзамай босатылды. Алайда, бір бөлігіне ҚР әкімшілік кодексінің 488 бабы, «Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу» бойынша іс қозғалып, 5-10 тәулікке жазаға кесілді.

Декларация деңгейінде және жекелеген қадамдар жасау арқылы Қазақстан түрмедегі азаптаумен күрескенмен және елде саяси тұтқындардың барын жоққа шығарғанмен, бұл екі құбылыс та қазіргі күннің шындығы болып табылады. Сондықтан, ол мәселеге қатысты елдің ішінде де, шетел де алаңдаушылық бар екені жасырын емес. Осыған орай көпшіліктің саяси тұтқындарға бостандық және азаптауды тоқтатуды талап етуі заңды құбылыс болып табылады.

Кеше күштік құрылымдардың бейбіт халыққа қарсы күш қолдануы, әкімшілік жазаға тартуы Қазақстан билігінің өзіне алған халықаралық міндеттемелерді орындағысы келмейтінін, оның ішінде Қазақстан мен ЕО арасындағы бейбіт жиындар бостандығын сақтау туралы келісімін орындауға құлқы жоқ екенін анық көрсетті. Тәуелсіз БАҚ және нәтижелі диалог алаңы жоқ шақта, халықтың үкіметке өзінің заңды талаптарын жеткізуінің жалғыз жолы, бейбіт жиындар бостандығы ғана қалды.

Осыған орай Қазақстанның адам құқығы және заңдылықтың сақталуы жөніндегі халықаралық бюросы кезекті рет Қазақстан билігін адам құқығын сақтау бойынша, оның ішінде бейбіт жиындар бостандығы бойынша өзіне алған халықаралық міндеттемелерді орындауға шақырады.

Біз барлық әкімшілік жазаға тартылған азаматтарды босатуды талап етеміз. Себебі, бұл билік тарапынан бейбіт жиынға қарсы заңсыз әрекет болып табылады.

Сонымен қатар біз Қазақстан билігін БҰҰ Комитеті және БҰҰ Арнайы есепшісінің бейбіт жиындарға қатысты ұсыныстарын орындап, елдің осы мәселеге қатысты заңдарын және олардың орындалу тәжірибесін халықаралық стандарттар мен міндеттерге орай қайта қарастыруға шақырамыз.

11 мамыр 2018  жыл, Алматы қ.

 

 

 


Пікір үстеу

Сондай-ақ қараңыз