Қазақстандағы адам құқығы және заңдылықтың сақталуы жөніндегі бюроға Қазақстан азаматы Жахангерей Сатубалдин атты азаматтан арыз келіп түсті. 25 жылдан бері заңды мүлкіне қол жеткізе алмай келе жатқан ол, бұл іске құзырлы органдар қызметкерлерінің қатысы барын айтады. Оның айтуынша, кезінде оны мүлкінен заңсыз айырған қылмыскерлердің жазадан құтылуына көмектескен полиция қызметкерлері қазір Астанада үлкен бастықтар. Сондықтан, ешкім оның мәселесін шешуге құлықты емес екенін айтады.
Оның арыздануының себебі көп жылдан бері өзінің кәсіпкерлік құқығын қорғай алмай, мемлекеттік органдармен күресіп келеді екен.
Айтуынша, 2000 жылдың 8-тамыз күні Алматы облысы, Қарасай ауданы, Қырғауылды ауылында «Производствено — коммерческое предприятие МТС—АУЫЛ» атты ЖШС (жауапкершілігі шектеулі серіктестік) тіркелген. Оның 1,12 гектар жері Қаскелең ауданы әкімі шешімімен бекітілген. Бұл ЖШС үш үлескердің иелігінде болған: Сатубалдин Ж., Балтабеков Ж., Сулейменов Т.
1995 жылы 1-шілде күні серіктестіктің меншігіне аудиторлық бағалау жасалған. Оған сай серіктестік мүлкі 62,3 миллион теңгеге бағаланған. Сатубалдиннің айтуынша, оның бұл мүлкін түгел құқыққорғау органдары өкілі Абдыкалыков өзіне меншіктеп алған. Ал оған заңды жазадан құтылуға көмектескен сол кездегі жергілікті учаскелік полиция бастығы болған ағалы-інілі Жакуповтардың қазір Астанада үлкен бастық екенін айтады. Сондықтан, ол еш жерден әділеттілік таппай жүрмін дейді.
Жиырма бес жылдан бері Сатубалдин өз мүлкін қайтаруға әрекет жасап, еш әділеттілік таппай жүргенін айтады. Оның мәселесі жөнінде әр жылдары журналистер жазған. Бірақ, ол мақалалар әділдікке жетуге көмектеспеген.
Ал бар жиғанынан заңсыз айрылып, 25 жыл әділдік іздеген Жахангерей Сатубалдин дәл қазір күші мен қайраты кетіп, қартайған шағында қиын жағдайға түскенін айтады.