Түркістан облысындағы бюджет туралы зерттеген журналист қысымға ұшырағанын мәлімдеді
  • Басты
  • >
  • Түркістан облысындағы бюджет туралы зерттеген журналист қысымға ұшырағанын мәлімдеді

Түркістан облысындағы бюджет туралы зерттеген журналист қысымға ұшырағанын мәлімдеді

23.10.2026

4vlastinfo ақпараттық порталының бас редакторы Мадина Жатқанбаева Түркістан облысындағы бюджет қаражатының жұмсалуына қатысты журналистік зерттеу жариялағаннан кейін қысымға тап болғанын айтты.

Оның сөзінше, өзіне қарсы екі сот талабы түсіп, полиция әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырған. Журналист құжаттың заңдылығына күмән келтіріп, жағдайды тексеруді талап етіп отыр.

Мадина Жатқанбаева бұл туралы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Бас прокурор Берік Асыловқа және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевқа жолдаған үндеуінде мәлімдеді. Үндеу басылымның Instagram парақшасында жарияланған.

Журналистің айтуынша, дау 2026 жылғы 23 шілдеде «СПК «Түркістан»» АҚ қызметіне арналған видеорепортаж жарық көргеннен кейін басталған. Материалда бюджет қаражатының жұмсалуы, сондай-ақ Түркияға 5 миллиард теңге аудару мәселесі көтерілген.

Жатқанбаеваның мәлімдеуінше, видеорепортажға дейін сұхбат берген корпорация басқарма төрағасының орынбасары Асланбек Исахов материалды өшіруді талап етіп, сотқа жүгінген. Осыған ұқсас талап-арызды «СПК «Түркістан»» АҚ да берген.

Президентке жолдаған үндеуінде Мадина Жатқанбаева өзіне қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-3-бабының 2-бөлігі — көпшілік алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдары мен телекоммуникация желілерін пайдалана отырып жала жабу бойынша хаттама толтырылғанын хабарлады.

Журналистің сөзінше, хаттама кейінгі күнмен рәсімделген. Ол сараптама жүргізу кезінде де заң бұзушылықтарға жол берілгенін айтып, құжаттағы қолтаңбаның өзіне тиесілі емес екенін мәлімдеді.

Осыған байланысты Жатқанбаева ел басшылығы мен құқық қорғау органдарынан оқиғаның мән-жайын жан-жақты тексеріп, полиция қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға беруді сұрады.

Қазақстанда билік органдарына сын айтқан журналистер қысым көріп жатқаны туралы жиі айтады. Жақында спорт журналисі, «24kz» телеарнасының тілшісі Аслан Қаженов Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Генадий Головкин туралы жазбасынан кейін қоқан-лоқыға ұшырағанын айтып, Facebook желісінде жазба жариялаған. Ол телеарна басшылығы «жұмыстан өз еркіңмен кетесің немесе соттатамыз» деп қысым жасалғанын айтқан. Кейіннен келіспеушілік шешілгенін, жұмыста қалатынын мәлімдеген.

Бұдан бөлек, елде «Араздық қоздыру», «жалған ақпарат тарату» баптары бойынша журналистердің үстінен іс қозғау кейінгі жылдары қалыпты жағдайға айналған. Қыркүйекте ғана «Ахуал сегодня» You Tube арнасының авторы Азамат Омаров «Әлеуметтік араздықты қоздыру» бабы бойынша 3,5 жылға шартты жазаға кесіліп, 5 жылға материал жариялауына тыйым салынды.

2025 жылы Алматы соты «Алауыздық қоздыру» айыбы тағылған журналист әрі Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебектің бас бостандығын бес жылға шектеді. Бұған қоса, сот Еңсебектің қоғамдық жұмыспен, соның ішінде журналистикамен айналысуына, митингіге қатысып, сұхбат беруіне тыйым салды.

2025 жылы тамызда Qaznews24 жұмысын тоқтататынын мәлімдеді. Жоба авторлары жабылу себебін құқық қорғау органдары тарапынан жасалған қысыммен байланыстырды.