2 қазанда Түркістан обылсының Сарағаш аудандық әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі соты «Сарыағаш-Информ» басылымының бас редакторы Амангелді Батырбековты 20 тәулікке қамауға алуға шешім шығарды. Бұл жөнінде журналистің өзі Facebook желісінде жазды.
«Бүгін мені біздің Құрал Сейітханұлы қамалғаннан бері жариялап келе жатқан постарым үшін, “тапсырмамен” қаматпақшы болып жүрген үшеудің бірі – Сарыағаш аудандық полиция басқармасының басшысының тергеу бойынша орынбасары полковник Қуаныш Байзақовтың “жала жапты” деп өзінің бастығына жазған баянаты бойынша заңға қайшы түзілген хаттамамен, менімен бірнеше жылдан бері басараздық ұстанған, яғни, мені екі рет заңсыз соттап қамаса да жазаға бүгінгі күнге дейін тартылмаған Берік Қаипов басқарып отырған Сарыағаш аудандық әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі соты, маған қатысты істі, орысша айтқанда, “беспредел” қарап, 20 тәулікке әкімшілік қамауға алуға қаулы шығарды», – деп жазды ол.
Амангелді Батырбеков өзінің қамалуын биыл 8 қыркүйекте Түркістан қалалық соты 3 жылға бас бостандығынан айырған белсенді Құрал Сейітханұлы туралы жариялаған видеосымен байланыстырып отыр.
«Менің бұл қамалуыма кешегі «Сенсация деуге ертерек немесе Құрал неге қамалды?» атты видеопостымның да салдары бар екенін сезем. Оған мен дайын болғам және ол туралы мен алдын ала видео да дайындап қойғам», – деді Батырбеков жазбасында.
Журналистке әкімшілік кодекстің 73-3-бабы «Жала жабу» бойынша айып тағылған.
Амангелді Батырбеков бұған дейін де бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылып, қамауда болған. 2023 жылы шілдеде Түркістан соты оны дәл осы «Жала жабу» айыбы бойынша кінәлі деп танып, 20 тәулікке қамаған. Ол кезде журналистің үстінен сол кездегі мәжіліс депутаты Болатбек Нәжметдинұлы арыз жазған.
Батырбеков 2023 жылы наурызда «Сыбайластық па не бұл?» деген тақырыпта Facebook-та жазба жариялаған. Жазбада журналист «алаяқтық дерегімен басталған қылмыстық іс бойынша Болатбек Нәжметдинұлы күдікті болып танылған» деп жазған. Депутаттың сотқа жүгінуіне осы сөйлем себеп болған. Нәжметдинұлы арызында «Көрінеу жалған мәлімет жариялап, абыройым мен қадір-қасиетіме нұқсан келтірді» деп көрсеткен.
Батырбеков жала жаппағанын, 2020 жылы Нәжметдинұлы «Алаяқтық» бабымен күдікті болып танылғанын дәлелдейтін құжаттың түпнұсқасы бар екенін айтқан.
Дәл осы жылы қазанда Амангелді Батырбеков сот шешімімен тағы да 20 тәулікке қамауға алынды. Ол кезде Шымкент қалалық құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі прокуратура басқармасының басшысы Асқар Сапарғалиев «жала жапты» деп арыз жазған. Батырбеков өзіне тағылған айыппен келіспеген.
Асқар Сапарғалиев «Сарыағаш–Информ» газетінде жарияланған «Нағыз қарабет кім екен?» деген мақалаға байланысты арыз жазған. Мақалада Амангелді Батырбеков «Мәжіліс депутаты Болатбек Нәжметдинұлы соттылығы бола тұра сайлауға түскенін, оған қалалық құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқарма басшысы Сапарғалиев сайлау комиссиясына «соттылығы жоқ» деген анықтама бергенін» жазған.
Амангелді Батырбековтың өзіне тағылған айыптар бойынша ақталып шыққан кездері де болды. 2020 жылы наурызда Сарағаш аудандық соты «Заңғар Медет» қоғамдық қорының төрайымы Ләйла Дарханбаеваның журналистің үстінен түсірген «Қорлау», «Жала жабу» баптары бойынша шағымын қанағаттандырмады.
Бұған дейін Түркістан облыстық соты Келес аудандық білім бөлімінің бастығы Бахтияр Абдиев «ар-намысыма тиіп, қорлады» деп Амангелді Батырбековті сотқа берген. Сарыағаш аудандық соты Батырбековті 2 жыл 3 айға түрмеге қамаған. Ал Түркістан облыстық соты аудандық соттың үкімін жойып, журналисті ақтаған.
Амангелді Батырбеков журналистік қызметіне байланысты істі болып ғана қойған жоқ. 2022 жылы оны жергілікті экс-шенеунік Бауыржан Майриховтың тапсырысымен өлтірмекші де болған.