«Жұмыстан кетесің немесе сотталасың»: «24KZ» журналисі қысым көріп жатқанын мәлімдеді
  • Басты
  • >
  • «Жұмыстан кетесің немесе сотталасың»: «24KZ» журналисі қысым көріп жатқанын мәлімдеді

«Жұмыстан кетесің немесе сотталасың»: «24KZ» журналисі қысым көріп жатқанын мәлімдеді

08.10.2026

Спорт журналисі Аслан Қаженов сын айтқаны үшін қудаланып жатқанын мәлімдеді. Оның сөзінше, өзі жұмыс істейтін «24KZ» арнасы қарайтын «Хабар» агенттігі басшылығы «жұмыстан өз еркіңмен кет немесе соттатамыз» деп қоқан-лоқы көрсеткен. Бұл жөнінде ол Facebook парақшасында жазды.

Аслан Қаженовтың айтуынша, мәселенің барлығы Жапонияда Азия ойындарынан ақпарат таратып жүрген уақытта басталған. Сол уақытта ол Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Генадий Головкин туралы жазба жариялаған. Алайда кейіннен оны алып тастауға мәжбүр болған. Себебі қысым сол уақытта басталған.

«Жапония төрінде болған жағдайды білесіздер. Сол кезде Геннадий Головкинге қатысты постты алмасаң эфирге шығармаймыз, жұмыстан шеттетеміз, заңмен қудалаймыз деген сияқты әртүрлі хабарлама келді. Екі күннен кейін «ұлтаралық алауыздықты қоздырдың» деген себеппен соттатқалы жатырмыз дегенді тағы жеткізді. Амал жоқ, постты алып тастадым. Отбасы бар, бала-шаға бар дегендей. Енді Астанаға келсем, жұмыста «қазір өз еркіңмен қызметіңнен кет немесе бірнеше бап бойынша соттатамыз дегенді» алға тартады. «Хабар» Агенттігінің заңгері кәдімгідей ізденіп, бүкіл постымды зерделеп шығыпты», – деді ол жазбасында.

Журналистің сөзінше, агенттік заңгері посттағы сөздері үшін оның үстінен «ұлтаралық араздықты қоздыру» бабы бойынша арыз-шағымын дайындап қойған.

«Айтпақшы, бұл істер ІІМ-де жатыр. Егер өз еркіңмен кетпесең, басың бәлеге қалады дегенді қадап айтты», – дейді ол.

Аслан Қаженов өзіне қатысты қысым жоғары лауазымды шенеуніктердің тапсырмасы бойынша жүріп жатқанын айтып отыр. Алайда ол нақты кімдердің тапсырма бергенін атамады.

«Ең қызығы – барлық тапсырманы Президент Әкімшілігіндегі бір адам беріп отыр дейді. Одан кейін ақпаратқа жауапты министрдің тікелей тапсырмасы дегенді естідім. Жазбасы да бар. Біз өзі қандай елде өмір сүріп жатырмыз? Қазақ спортының проблемасын айту – қылмыс па? Қазақ спортшыларының жанайқайын жеткізуші – қылмыскер ме? Сөз бостандығы қайда? Журналистің құқығы қайда? Сонда «Ясмина Тоқсанбаеваның, Виктория Графееваның, Наталья Богданованың жеңістерін ұрлатып, не істеп жүрсіңдер?» дегенге темір торға қамата ма? Онда біткен екенбіз ғой», – деді ол.

Азия ойындары кезінде Қазақстан құрамасында даулы жағдай орын алған. Мәселе жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаеваға қатысты болды.

Қазақстандық спортшы жеңіп алған алтын медалінен айырылып қалды. Жарыстан кейін оның аяқ киімі белгіленген талаптарға сәйкес келмегені анықталып, спортшы жарыстан шеттетілді. Салдарынан бірінші орын Қытай спортшысына берілді. Кейіннен Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитеті бұл шешімге апелляция бергенін мәлімдеді.

Қазақстанда журналистердің үстінен «Араздық қоздыру», «жалған ақпарат тарату» баптары бойынша іс қозғау кейінгі жылдары қалыпты жағдайға айналған. Қыркүйекте ғана «Ахуал сегодня» You Tube арнасының авторы Азамат Омаров «Әлеуметтік араздықты қоздыру» бабы бойынша 3,5 жылға шартты жазаға кесіліп, 5 жылға материал жариялауына тыйым салынды.

2025 жылы Алматы соты «Алауыздық қоздыру» айыбы тағылған журналист әрі Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебектің бас бостандығын бес жылға шектеді. Бұған қоса, сот Еңсебектің қоғамдық жұмыспен, соның ішінде журналистикамен айналысуына, митингіге қатысып, сұхбат беруіне тыйым салды.

2025 жылы тамызда Qaznews24 жұмысын тоқтататынын мәлімдеді. Жоба авторлары жабылу себебін құқық қорғау органдары тарапынан жасалған қысыммен байланыстырды.