Степногорск қаласындағы №5 мекемеде ауыр дертке шалдыққан сотталушылар қажетті медициналық көмек ала алмай отыр. Кейбірі денсаулығына байланысты бостандыққа шығару туралы өтініш те берген. Алайда сот оны қанағаттандырудан бас тартқан.
Құқық қорғаушы Елена Семенова сотталушылар мен олардың туыстарының шағымынан кейін №5 мекемеге барған. Сөзінше, сол жерде үш бірдей сотталушымен кездесіп, шағымдарын тыңдаған. Барлығы денсаулығы нашар екенін айтқан.
«Иван Николаевич ішек қатерлі ісігінің 4-сатысымен ауырады, метастаздары бар. Оған бұған дейін ота жасалып, ісік алынып тасталғанымен, нәтиже болмаған. Осы уақытқа дейін онкологқа небәрі екі рет қана апарылған, қажетті тексерулер, соның ішінде гистологиялық зерттеулер жүргізілмеген. Жасы небәрі 48-де болса да, сырт көзге егде жастағы адам сияқты көрінеді. Денсаулығының нашарлығына қарамастан, оған белгіленген мүгедектік тобы жеңілдетілген топқа ауыстырылған», – дейді Елена Семенова Facebook желісінде жариялаған жазбасында.
Құқық қорғаушының сөзінше, өзі тілдескен сотталушы Айбек Еркінбекұлы мен Владимир Михайлович те денсаулық жағдайлары нашар екендерін айтқан. Бірі бауыр цирозымен ауырса, екіншісі ісіктен бастап, гепатитке дейінгі аралықтағы қатерлі дертке шалдыққан. Екеуі де денсаулығына байланысты босату туралы сотқа өтініш берген. Алайда сот оны қанағаттандырмаған. 74 жастағы Владимирдің қазір тіпті жүріп-тұруы қиындаған.
«Владимир Михайлович 74 жаста. Әзер жүреді, бойында ісіктен бастап гепатитке дейін сан түрлі ауру бар. Ол 72 жасында ұрлық жасаған. Неліктен бұлай істегенін сұрағанымда: «Мәжбүр болдым, өмір сүру өте қиын болып кетті, жағдайым ауырлады», — деп жауап берді. Ол ауруына байланысты жазадан босату туралы сотқа өтініш берген. Алайда судья бірнеше себепті алға тартып, бас тартқан. Айтылған себептердің қатарында бір ғана тәртіптік көтермелеуінің «поощрения» болуы айтылған. Судья мұны жеткіліксіз деп санаған… Бас тартудың тағы бір себебі ретінде «Әлеуметтік әділеттілік» көрсетілген. Ақсақал менен «Сонда әлеуметтік әділеттілік орнау үшін мен өлуім керек пе?» деп сұрады», – дейді құқық қорғаушы.
Елена Семенова заң бойынша бұл адамдар медициналық тексерістен өткізіліп, істері сотқа жіберілуі тиіс дейді. Ал Владимир Михайловичті сот денсаулығына байланысты босатуы керек еді деп есептейді.
Қазақстан колониялары мен түрмелерінде сотталушылардың құқықтары бұзылатыны, азаптаулар мен адами қадір-қасиеті аяқ асты болатыны туралы жиі айтылады. Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та көмек сұраған оқиғалар ауық-ауық жарияланып тұрады.
Сондай оқиғалардың бірін 13 қазанда «Бәсе» телеграм арнасы жариялады. Видеода өзін Қарақат деп таныстырған әйел адам 9 қазан күні Атбасардағы №1 мекемеде жазасын өтеп жатқан ағасы Ержұмен Арынбектің өз-өзіне қол жұмсап қайтыс болғанын айтып, көмек сұрайды. Ол ағасының өзіне қол салғанына сенбейтінін айтады.
«Менің ағам өз-өзіне қол жұмсайтын адам емес. Өмірге деген талпынысы мықты болатын. Осы уақытқа дейін бірде-бір тәртіп бұзбаған. Менің ағам ҚК 106-баптың 1-тармағымен отырған болатын. Осы айдан шығуы керек болатын. Өз-өзіне қол жұмсады деген хабар келді. Бірақ ол мүмкін емес. Қазақстан Республикасының президенті, бас прокуратура, ішкі істер министрлігінен көмек сұраймын», – деді видеода Қарақат.
«Бәсе» телеграм арнасының жазуынша, 26 жастағы Ержұман Арынбекті еден жууға мәжбүрлеген. Алайда ол бас тартқаннан кейін карцерге қамалған. Ресми нұсқа бойынша, сол жерде өзіне қол жұмсаған.
22 қыркүйекте Павлодардағы №46 колонияда отырған сотталушылардың туыстары мекемеге әскер кіргізіліп, жаппай күш қолданған болуы мүмкін екенін айтып, дабыл қаққан болатын. Сол уақытта әлеуметтік желіде тараған видеода сотталушылардың туыстары жақындарымен кездесе алмағанын айтып, ықтимал азаптау фактілері жария болмас үшін колония әкімшілігі зардап шеккендерді жасырып отыр деп алаңдаушылық білдірген.
Ал Павлодар облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті сотталушылардың соққыға жығылғанын жоққа шығарған. Департамент колония аумағында тінту жұмыстары жүргізіліп, тыйым салынған заттар тәркіленгенін хабарлаған.
Оқиғадан кейін колонияға құқық қорғаушылар Елена Семенова, Қоғамдық бақылау комиссиясының төрағасы Алексей Журбин, Павлодар облысы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өңірлік өкілі Игорь Тарасенко және Павлодар облысы бойынша Ұлттық превентивті тетік (ҰПТ) тобының жетекшісі Сергей Молчанов барған.
Сергей Молчанов №46 мекемеде үш бірдей сотталушымен кездескен.
Молчановтың дерегінше, 22 қыркүйекте тінту шаралары кезінде бетперде киген күштік құрылым қызметкерлері сотталушыларды футбол алаңына алып шыққан. Қолдарын желкесіне қойып, тізерлетіп қойған. Бұл жағдай сағат 08:30-дан 15:30-ға дейін созылған.
Кейбір сотталушыларды спортзалға алып барған. Сол жерде ұрып-соққан. Сондай-ақ бетперде киген қызметкерлер сотталғандарға балағат сөздер айтқан.