Кері кету vs гүлдену: ЕҚЫҰ конференциясындағы пікір қайшылығы
  • Басты
  • >
  • Кері кету vs гүлдену: ЕҚЫҰ конференциясындағы пікір қайшылығы

Кері кету vs гүлдену: ЕҚЫҰ конференциясындағы пікір қайшылығы

20.10.2026

Жыл сайын Варшавада өтетін ЕҚЫҰ-ның Адам өлшемі жөніндегі конференциясында Қазақстаннан барған делегаттар елдегі саяси және адам құқықтары ахуалына қатысты екі түрлі пікір білдірді. Бірі жетістіктер туралы айтса, екінші бөлігі керсінше елдегі проблемалар мен шешімін таппаған мәселелерге тоқталды.

15 қазанда Варшавада ЕҚЫҰ-ның кезекті Адам өлшемі жөніндегі конференциясы аяқталды. Бұл – Еуропадағы адам құқықтарына арналған ең ірі форум. Ол жыл сайын өткізілетін ЕҚЫҰ-ның Адам өлшемі жөніндегі кеңесінің орнын басты. Формат 2022 жылы Ресейдің Украинаға басып кіріп, Беларусьтің көмегімен кеңестің өтуіне кедергі келтіргеннен кейін өзгертілді.

ТМД мемлекеттері ЕҚЫҰ-ға мүше болған сәттен бастап конференция аясында мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам өкілдері арасында пікірталас болып келеді. Кейде тараптардың әрқайсысы өз ұстанымын жеке ұсынып, кімге сену керектігін басқа қатысушылардың өздері шешуіне тура келеді. Бұл жолы да жағдай өзгерген жоқ деуге болады: қазақстандық қатысушылар жұртшылыққа екі түрлі Қазақстанды ұсынды. Бірі – жетістікке толы тамаша ел. Екіншісі – проблемалар мен құқық бұзушылықтарға толы мемлекет.

Алдымен Қазақстанның № 1 нұсқасына тоқталайық.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев пленарлық отырыстардың бірінде жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты адам құқықтарын қорғау саласындағы жаңа жетістіктер туралы айтты.

«Еліміздің конституциялық даму тарихында алғаш рет «Миранда ережесі» негізгі заңда тікелей бекітілді. Сонымен қатар кінәсіздік презумпциясы, өзіне қарсы айғақ бермеу құқығы және бір әрекеті үшін қайтадан жауапқа тартуға тыйым салу адам құқықтарына арналған бөлімге енгізілді. Мұның бәрі жеке тұлғаны нақты әрі тиімді қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған. (…) Адам мен мемлекет арасындағы дауларды қарайтын әкімшілік сот төрелігі өзін жақсы жағынан көрсетті», – деді жиында Артур Ластаев. Оның сөзі Уәкіл аппаратының сайтында жарияланды.

Мемлекеттік құқық қорғаушы өзінің тағы бір сөзін Қазақстанның теңдікті қамтамасыз ету саласындағы бірегей тәжірибесіне арнады. «Қазақстан Конституциясы мен ұлттық заңнамасы азаматтарды шығу тегі, нәсілі, ұлты, тілі, дінге көзқарасы, наным-сенімі және өзге де мән-жайлар бойынша кемсітушіліктен қорғайды», – деп атап көрсетілген ресми сайтта.

«Тең құқықтылықты бұзғаны, әлеуметтік, ұлттық, этностық, нәсілдік немесе діни араздықты қоздырғаны, соның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарын, телекоммуникация желілері мен онлайн-платформаларды пайдаланғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген», – деді Артур Ластаев. Ол Қылмыстық кодекстің «Араздықты қоздыру» туралы 174-бабын меңзеді. Бұл бапты құқық қорғаушылар «саяси бап» деп атайтыны белгілі.

Соңында ол республикада діни сенім бостандығына қатысты да ешқандай проблема жоқ екенін аңғартты. Оның айтуынша, «ізбасарларының санына қарамастан, барлық діни бірлестіктерге бірыңғай құқықтық қағидаттар қолданылады».

Сонымен қатар, ол «ЛГБТ насихаты» тақырыбына да жеке тоқталды.

«Біз дәстүрлі құндылықтарға қарсы сөйлей алмаймыз. Азаматтардың басым бөлігі бұл тақырыптың ақпараттық кеңістікте көрініс табуын, әсіресе жасөспірімдерге қатысты бөлігін шектеуді қолдады», – деді ол.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина оған қарама-қарсы пікір білдірді. Ол Қазақстан айтуға құлықсыз тағы бір кемсітушілік түріне назар аударды.

«Толеранттылық пен кемсітпеу дегеніміз – басқа ұлт пен дін өкілдеріне ғана емес, өзге саяси көзқарастарын ашық әрі бейбіт түрде білдіретін адамдарға да құрметпен қарау. Қазақстанда бұл қағидаттың сақталуы күмән тудырады», – деді ол.

Құқық қорғаушы саяси қудалаудың ең шулы оқиғаларын және мемлекеттің БҰҰ қабылдаған шешімдерді орындамау жағдайларын атап өтті.

«Егер адам өз наным-сенімін, сыни пікірін немесе азаматтық белсенділігін білдіргені үшін қудалауға ұшырауы мүмкін деп қауіптенсе, бұл тек «Пікір білдіру бостандығы» немесе «Жиналыс бостандығы» мәселесі ғана емес, сонымен қатар толеранттылық пен кемсітпеу мәселесі», – деді ол.

«Еркіндік Қанаты» қоғамдық қорының өкілі Елена Швецова да Қазақстанда азаматтық қоғам мен тәуелсіз бақылаушыларға жүйелі қысым жасалып отырғанын мәлімдеді. Ол елде іс жүзінде саяси оппозиция жоқ екенін, бейбіт жиналыстар өткізу құқығы шектелетінін, ал сайлау туралы заңға енгізілген жаңа түзетулер тәуелсіз үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына қауіп төндіретінін айтты. Сондай-ақ қор қызметкерлері мен олардың ата-аналарына арнайы қызмет өкілдері келетінін хабарлады.

Ол халықаралық қоғамдастықты Қазақстан билігінен сайлауды тәуелсіз бақылауға кедергі келтіретін заңнамалық тосқауылдарды жоюды талап етуге шақырды.

«Бүгін мен Қазақстан толыққанды демократиялық ел деп айтқым-ақ келеді, бірақ, өкінішке қарай, мұны айта алмаймын», – деді ол.

Human Rights Consulting Group ұйымының тең құрылтайшысы әрі тіркелмеген «Request» құқық қорғау бастамасының негізін қалаушылардың бірі Арсен Әубәкіров «ЛГБТ насихатына» тыйым салу мәселесіне тоқталды.

«Бұл тыйымның қажеттілігі жеткілікті түрде негізделмеген. Бұл құқықтық айқындық пен заң шығару сапасына күмән келтіреді», – деді ол.

Мысал ретінде ЛГБТИК+ жасөспірімдерге арналған ағартушылық сайттың бұғатталуын және «Request» бастамасын тіркеуден жеті рет бас тартылғанын келтірді.

Киевте қастандықпен өлтірілген Айдос Садыковтың әйелі Наталья Садықова елдегі тәуелсіз журналистиканың жағдайы туралы айтты.

«Бүгін мен ЕҚЫҰ-ны нақты шаралар қабылдауға шақырамын. Біріншіден, интернеттегі тәуелсіз журналистиканы бұғаттау үшін пайдаланылатын авторлық құқықтың бұзылғаны туралы шағымдарды теріс пайдалануға қарсы тұру қажет. Екіншіден, журналистердің кәсіби қызметі үшін қылмыстық қудалауға ұшырауына қарсы шығу керек. Үшіншіден, қоғамның еркін әрі тәуелсіз ақпаратқа қол жеткізу құқығын қорғау қажет. Ақырында, Айдос Садықовтың өліміне қатысты істің әділ шешілуін талап ету керек. Менің күйеуімді өлтірді, бірақ біздің журналистік жұмысымыз жалғасып жатыр. Журналистерді шындықты айтқаны үшін өлтіруге, қылмыстық қудалауға ұшыратуға немесе үнсіз қалуға мәжбүрлеуге болмайды…», – деді ол.

Елден кетуге мәжбүр болған «Демос» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тұрарбек Құсайынов Ресейдің Украинаға қарсы соғысына қазақстандықтардың қатысуы мәселесіне делегаттардың назарын аударды. Ол күшпен немесе алдау арқылы соғысқа қатысуға мәжбүр болған адамдардың отанына оралуына ЕҚЫҰ-ның жәрдемдесуін сұрады.

Сондай-ақ ол ұйымнан шешен белсендісі Мансур Мовлаевты экстрадициялауға жол бермеу үшін Қазақстан билігіне ықпал етуді және «соғысқа қарсы ұстанымы» үшін төрт жылға бас бостандығынан айырылған бұрынғы діни қызметкер Иаков Воронцовтың ісіне назар аударуды сұрады.

ЕҚЫҰ-ның Адам өлшемі жөніндегі конференциясына 1800-ден астам адам қатысты. Халықаралық алаңда ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердегі адам құқықтары, сөз бостандығы, демократия және заң үстемдігі мәселелері талқыланды. Өкінішке орай, ЕҚЫҰ мен БҰҰ сарапшылары мемлекеттерге тек заңнама мен құқық қолдану тәжірибесін халықаралық ұйым стандарттарына сәйкестендіруді ұсына алады.