Күштеп ұстап, баласынан айыру: Журналист Олеся Вертинская үйқамаққа алынды
  • Басты
  • >
  • Күштеп ұстап, баласынан айыру: Журналист Олеся Вертинская үйқамаққа алынды

Күштеп ұстап, баласынан айыру: Журналист Олеся Вертинская үйқамаққа алынды

04.09.2026

Атырауда «Budetgrom» Instagram-паблигінің авторы Олеся Вертинская жол-көлік оқиғасына қатысты іс бойынша қатарынан екі рет күштеп тергеуге жеткізілді. Кейіннен оған үйқамаққа алу бойынша бұлтартпау шарасы тағайындалды.

3 қыркүйекте «Будет гром» Instagram-паблигінің авторы Олеся Вертинская тергеушінің шақыруымен Атырау облысының полиция департаментіне барды. Оның кәмелетке толмаған қызының сырқатына байланысты тергеуге қатыса алмайтынын айтып, медициналық құжаттарды ұсынғанына қарамастан, оған қатысты мәжбүрлі түрде жеткізу туралы қаулы шығарылған.

Биыл 23 сәуірде Вертинская тауар алуға барған азық-түлік базаларының бірінің күзетшісімен сөзге келіп қалған. Ер адам Вертинская басқарған көліктің аумақтан шығуына кедергі келтірген. Ол кикілжің болған аумақтан жерден кетпек болған сәтте күзетшіні көлігімен жанап өткен болуы мүмкін. Вертинская ер адам әдейі көлік соққандай етіп көрсетіп, полиция шақырған болуы мүмкін деп топшылайды.

Вертинскаяның айтуынша, оқиға орнына келген полиция қызметкері жол-көлік оқиғасы болмағанын растаған. Соған қарамастан кейінірек күзетші денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтірілгені туралы медициналық анықтама ұсынған.

Бұған жауап ретінде Вертинская пабликке «жәбірленуші» деп көрсетілген адамның суретін, аты-жөнін және «Абай болыңыздар – көліктің астына секіреді» деген мәтінді жариялаған. Осы жазбасы үшін оған «жала жабу» бабы бойынша айып тағылып, биыл шілде айында айыппұл салынды. («Одно к одному»)

Алайда кейіннен осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Іс ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы «Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру» бойынша сараланған. Вертинская полицияға бірнеше рет жауап алуға шақырылған.

Кеше ол полиция басқармасына баласын қолына ұстап, өз еркімен барған. Полиция қызметкерлері оған мәжбүрлі түрде жеткізу туралы қаулыны табыстап, оны іс жүзінде кабинетке сүйреп кіргізген. Өзі таңдаған адвокаты қалада болмаған. Вертинская мемлекеттік қорғаушыдан бас тартып, өзінің адвокатының іске қатысуын талап еткен.

Қалалық прокуратура араласқаннан кейін Вертинская босатылды. Алайда сол күні полиция қызметкерлерінің әрекетіне шағымдану үшін прокуратураға барған соң ғимараттан шыға берісте оны бетперде киген адамдар қайтадан ұстаған. Олар баласын тартып алып, оны белгісіз бағытқа алып кеткен.

Үш сағатқа жуық уақыт бойы оның қайда екені белгісіз болды. Адам құқықтары жөніндегі бюро өкілі мен қоғам белсенділері қалалық прокуратураға жүгінгенімен, олардың өздері Вертинскаяның қай жерде екенін білмеді.

Кейін оның қайтадан полиция басқармасына жеткізілгені анықталды. Сол жерде бұлтартпау шарасын санкциялау жөніндегі сот отырысы онлайн режимде өткізілген. Сот шешімімен Вертинская екі айға үйқамаққа алынған.

Вертинская сол күні полиция ғимаратында шамамен 12 сағат болған. Осы уақыттың алғашқы бөлігінде баласы да онымен бірге болған.

Қайта ұстау кезінде баланы анасынан күштеп ажыратқан. Бетперде киген қызметкерлердің әрекеті салдарынан кішкентай қыздың денесінде сызаттар мен гематомалар қалған.

Адам құқықтары жөніндегі бюро полиция қызметкерлерінің барлық әрекеттерінің заңдылығын, Вертинскаяға қатысты физикалық күш қолдану жағдайларын, оның қорғалу құқығының сақталуын, жүргізілген процессуалдық әрекеттердің заңдылығы мен ұзақтығын, сондай-ақ ананы кәмелетке толмаған баласынан ажыратудың мән-жайларын анықтауды талап етеді.

Бұған дейін Олеся Вертинская өзіне қатысты полиция әрекетіне күдік келтіріп, блогер ретіндегі белсенділігін тоқтату мақсатында қандай да бір арандатушылық жасалуы мүмкін екенін айтқан.

Олеся Вертинскаы Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталып, «Динамо» спорт залына қамалған. Ол жерде полиция қызметкерлері ұсталғандарды жаппай азаптағаны туралы айтылған. Вертинская ол уақытта «Жол бақылауы» порталының журналисті болған.

Вертинская бостандыққа шыққаннан кейін берген көптеген шағымдарға қарамастан, полиция қызметкерлерінің ешқайсысы жауапқа тартылған жоқ.