Павлодарда Hronika.kz журналисі Ольга Вороньконың көлігінің дөңгелегін тесіп, зеленка шашып кеткен
  • Басты
  • >
  • Павлодарда Hronika.kz журналисі Ольга Вороньконың көлігінің дөңгелегін тесіп, зеленка шашып кеткен

Павлодарда Hronika.kz журналисі Ольга Вороньконың көлігінің дөңгелегін тесіп, зеленка шашып кеткен

04.09.2026

Павлодарда әлдекімдер Hronika.kz сайтының журналисі Ольга Вороньконың көлігінің дөңгелектерін тесіп, машинасына зеленка шашып кетті. Оқиға 2 қыркүйекке қараған түні болған. Басылымның жазуынша, сол түні Павлодардағы тағы бір веб-сайт редакторының пәтерінің құлпы бүлінген.

Ольга Воронько бұл оқиғаны өзінің кәсіби қызметімен байланыстырып отыр. Алайда әзірге күдіктілердің нақты кім екенін растайтын дәлелдер жоқ.

Кейінгі уақыттары журналист Павлодар облысы Қорғаныс департаментінің бұрынғы басшысы Бекзат Оразов пен қазір іздеуде жүрген Сұлтан Ичиев туралы мақалалар жариялаған. Вороньконың айтуынша, көлігі Ичиевтің айналасындағы адам туралы материал жарияланғаннан кейін зақымдалған.

Оқиға болған түннен сәл ертерек Hronika.kz редакциясы Қорғаныс министрлігінен ресми шағым алған. Онда Оразов туралы мақалаға өзгерістер енгізу және теріске шығару жариялау талап етілген. Ведомство әсіресе әскери қызметкердің қызметтен босатылуына қатысты тұжырым мен «дуалау» туралы айтылған сөздерге наразылық білдірген.

Бұған дейін Воронько Оразов пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) Павлодар облысы бойынша департаменті арасындағы жанжал, одан кейінгі қылмыстық істер және оның қызметке қайта алынуы туралы жазған.

Қазақстанда кейінгі уақыттарда журналистер мен саяси белсенділерге қысым күшейді. Журналистердің көлігіне бояу шашып кету сияқты оқиғалар бұған дейін де болған.

24 шілдеде Астана қаласында тәуелсіз журналист Лұқпан Ахмедияровтың көлігіне белгісіз адам әдейі бояу шашып кеткен. Журналист бұл жағдайды өзінің кәсіби қызметімен байланыстырып, қаскөйдің бейнебақылау камераларына түсіп қалған сәтін әлеуметтік желіге жариялаған.

Бұдан өзге, 3 тамызда Лұқпан Ахмедияровты Қазақстаннның Шекара қызметі елден шығармай қойған. Ол Астана әуежайынан Черногорияға отбасымен бірге ұшпақ болған жерінен кері қайтуға мәжбүр болды.

Оның айтуынша, әуежайда Шекара қызметінің өкілі оған «сіздің елден шығуыңызға Астана полициясы тыйым салған, не себепті екенін білмеймін» деген.

Журналист бұл оқиғаға дейін, 31 шілдеде тергеушінің шақыртуымен полиция басқармасына барып, түсініктеме берген. Оның сөзінше, Андрей Котов деген Өскемен тұрғыны оның үстінен арыз түсірген.

Соның қарсаңында әлеуметтік желіде өзін Андрей Котовпын деп таныстырған өскемендік «заңда көрсетілген құқықтарым бұзылып жатыр» деп Бас прокурор мен Ішкі істер министрінің атына үндеу жолдаған.

Котов журналистің Украинадағы “Хочу жить” жобасының Ресей әскерінің қатарында жалдамалы ретінде соғысып жатқан қазақстандықтар тізімін бөліскеніне шүйліккен. Сөзінше, тізімде оның да есімі бар. Бірақ Украинада соғыспағанын, Ресейде вахтада жұмыс істегенін айтады.

Лұқпан Ахмедияров Украинаның мемлекеттік жобасы жариялаған тізімді бөлісіп, билік назарын аударуды көздегенін айтады.

31 шілдеде Алматыда журналист Динара Егеубаеваның көлігіне велосипедші соғылып, кейіннен Егеубаеваның үстінен қылмыстық іс қозғалған.

Динара Егеубаева велосипедшімен болған көлік оқиғасы әдейі ұйымдастырылған деп есептейді. Кейіннен ол оқиғаға қатысты видео жариялады. Онда велосипедші жоғары жылдамдықпен келіп, тұрақтан шығып келе жатқан көліктің бүйіріне келіп соғылады.