Түрмедегі тәуелсіз журналист Думан Мұхаммедкәрімнің анасы Қалимаш Тілепова АҚШ президенті Дональд Трмапның әйелі Мелания Трамптан көмек сұрады. Ол қамаудағы ұлының денсаулығына алаңдаушылық білдіріп, босатуын талап етті.
Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының баспасөз орталығында өткен жиынға Қалимаш Тілепова, құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова, бұрынғы мәжіліс депутаты Гаухар Танашева қатысты.

«Қазақстанның ішінде бір жанашыр болса, оқыған қызыл жағалылар, сол прокуратурада оқығандары болса, менің ұлыма қайтадан қарап… Жеті жылға жақындап қалды, екі жыл тергеуде отырды. Шығаруын талап етемін. Өйткені менің ұлым – Думанның денсаулығы бітті. Барған адвокаттар айтады оны. Екі жылдан бері мен көрген жоқпын. Екі жыл туған күніне бардым. Анасы ретінде маған бір секундқа ұлымды көрсеткен жоқ. Менің ұлым мылтық алып біреуді қуды ма? Не боқтады ма, не кісі өлтірді ме? Жәй ғана таза шындықты айтты ғой… Мен Қазақстаннан көңілім қалды деп айтпаймын. Мүмкін жүрегі жылы біреу менің ұлымды қайта қарар, көмектесер. Бірақ мен Мелания Трап ханымнан өзімнің аналық жүрегіммен, алпауыт мемлекеттің бірі ғой, басқа мемлекеттер сияқты Қазақстанның байлығына қызығып, таласып отырмаған, сол кісіден көмек сұрап отырмын. Менің жалғыз ұлымның денсаулығы бітті, құрыды. Көмектессе екен деп жан айқайымды білдіріп отырмын», – деді Қалимаш Тілепова.
Құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова Думан Мұхаммедкәрімнің денсаулығына байланысты құзырлы органдардың ешқандай шара қолданбай жатқанына наразылық білірді.
Осыған дейін Думан Мұхаммедкәрімнің түрмеде наразылық ретінде батарейка мен оттық жұтқаны туралы айтылған болатын.
«Қазіргі сәтте, жедел түрде жан-жақты денсаулығына тексеру жүргізілуі керек және де ота жасалуы керек. Ол ота түрменің жанындағы процендурный кабинетте емес, Алматы немесе Астанаға апарылып, білікті дәрігерлердің бақылауымен жасалуы керек. Талап осы. Бұның барлығы қарап отырған өтініш емес. Бұл заңда көрсетілген. Яғни, жарайды жазықсыз соттады. Үкім шығарды. Жеті жылға қамады. Ал енді оның денсаулығы мен өмірі үшін тікелей мемлекет жауапты. Яғни, мемлекет міндетті, қаратуға, емдетуге, дұрыс қалпына келтіруге. Неге мемлекет осыны жасамайды? Неге президент осыны қадағаламайды? Бас прокуратура деген институт осындай мәселелерді қадағалауға шамасы келмесе не керек оны бюджеттен қаржыландырып. Адам құқығы жөніндегі арнайы уәкіл дейді. Қызылорда облысы бойынша өкілге хабарластық. Осы уақытқа дейін кірген жоқ. Ақпарат жоқ. Біз қазір бейхабар болып отырмыз. Сонда біз бүкіл ел болып, халық болып осылай тапа-тал түсте жап-жас жігітті өлтіріп жатқанға қалай қарап отырамыз? Мен түсінбеймін», – деді құқық қорғаушы.
Тамыз айының басында адвокат Ғалым Нұрпейісов журналист қамауда отырған Қызылорда қаласына барып, Думан Мұхаммедкәріммен кездескенін айтқан болатын.
Адвокат қылмыстық атқару-жүйесі департаменті өкілдерімен сөйлесіп, журналиске рентген жасатып, асқазанындағы заттарды алып тастауына көмектесуін сұраған. Олар медициналық жолмен заттарды алып тастауға көмектесетіндерін айтқан.
«Пенитенциарлық жүйе оның денсаулығын тексеруге міндетті. Себебі Қылмыстық-атқару кодексіне сәйкес, оның денсаулығына мемлекет, оның ішінде мекеме басшылығы, сәйкесінше ҚАЖД жауапты. Мұнда сонымен бірге заңның орындалуын қадағалайтын прокуратура да жауапты», – деген адвокат.
Қорғаушының сөзінше, мамыр айында журналист отырған түрмеге омбудсмен Артур Ластаев та барып, Мұхаммедкәріммен де кездескен.
«Алайда омбудсмен әңгімелескеннен басқа ештеңе бітірмеген. Егер әрекет еткенде, зиян келетін заттарды жұту фактісі болмас еді» деген адвокат.
Парламент мәжілісінің бұрынғы депутаты Гаухар Танашева Думан Мұхаммедкәрімге араша сұраған үндеу тек Мелания Трампқа ғана емес, өзге де демократиялық елдер мен халықаралық ұйымдарға жолданатынын айтты.
«Қалимаш апайдың хатын біз тек ғана Мелания Трампқа ғана емес, тағы да басқа тұлғаларға жібереміз. Шетелдік тұлғалар. Бастамасын осы біздің қазақстандық депутаттардың барлығына жібереміз. Кім қолдайды екен? Партияларға жібереміз. Қандай партиялар халықты қолдайды екен? Думан Мұхаммедкәрімді қолдайды екен? Барлық шетелдік азаматтар бар ғой, соларға да жолдаймыз. Мәселе қылып көтереміз», – деді Гаухар Танашева.
Думан Мұхаммедкәрімнің әкесі Алмас Тілепов ұлының денсаулығына қатысты осыдан үш ай бұрын алған медициналық құжаттарды көрсетті.
«Біздің қолымызға ол кезде осындай қағаздарды беріп еді, дәрігерлік амбулаториядан өткізген. Мен енді сіздерге соны көрсетейін. Одан бері міне қаншама қиындықтар келіп жатыр. Ол кезде екі бүйректің төмен түсіп кеткені, асқазанында жара бары туралы, бел омыртқасында остеохондроз, протрузия, жүрек ауруына шалдыққаны туралы қағаздардың бәрі менің қолымда тұр. Бірақ мен бұның барлығын шешесіне көрсеткен жоқ болатынмын. Бұл бұдан екі ай бұрынғы қағазы. Енді қазіргі хәлі біз қандай екенін білмейміз. Өйткені адвокат Ғалым Нұрпейісовтің алдын күні салған сұрауына «Біз Думанның денсаулығы туралы адвокатқа жауап бермейміз. Өйткені Думан адвокаттардан бас тартқан» деп айтыпты. Бұл енді Думанның өз шешімі болатын. Бірақ қазіргі таңда Думан қайтадан қағазын жазып, адвокаттарын қайтадан шақырды. Олар іске қайтадан араласады», – деді ол.
Алмас Тілеповтың сөзінше, Думан Мұхаммедкәрім ота жасап, асқазанын талықтай тазалауды талап еткен. Алайда, ол әлі күнге дейін жасалмаған.
«Ота жасаудан бас тартты ол дейді. Қолынан қолхат алғанбыз дейді. Ал ол эндоскопиялық, ұзын шланга тығып, бір-бірден алуға қарсымын, маған ота жасап, асқазанымды түгел тазаласын деген талап қойған екен. Бірақ олар сол эндоскопиядан бас тартты деп, соны ғана ұстап отыр. Бұл енді адам баласына тікелей қауіпті жағдайға әкеліп отыр. Енді Думанның қазіргі денсаулық жағдайы туралы біздің қолымызда ешқандай да ақпарат жоқ. Болған жағдайда осы журналистер қауымына жеткіземіз», – деді Алмас Тілепов.
Думан Мұхаммедкәрім 2024 жылы Қызылордадағы N60 колонияға этаппен жеткізілген. Ол сол уақыттан бері жалғыз адамдық камерада отыр. Журналист қарсылық ретінде түрме киімін киюден бас тартқан. Бірнеше рет аштық жариялаған.
Белсенді, журналист, «Ne Deidi?» You Tube арнасының авторы Думан Мұхаммедкәрімге «экстремизмді қаржыландырды» және «тыйым салынған ұйым жұмысына араласты» деген айып тағылған. Қонаев қалалық соты оны кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырған. Журналистің соты жабық өткен. Ол істі ашық қарауды талап етіп, бірнеше рет аштық та жариялаған. Іске журналистің шетелде тұратын тіркелмеген «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысының жетекшісі, экс-банкир Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты себеп болған. Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын «экстремистік ұйым» деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент оны бейбіт, саяси ұйым деп таныған.
Қазақстандық құқық қорғаушылар Думан Мұхаммедкәрімді «саяси тұтқын» деп таныған. Ресми Астана елде «саяси тұтқын» да жоқ, саяси көзқарасына бола қудалауға түскендер де жоқ дейді.
Думан Мұхаммедкәрім саяси ортада Қаңтар оқиғасынан кейін кеңінен таныла бастады. Ол – кемі 238 адамның өмірін қиған қырғын кезінде Алматыдағы дүрбелең ошағынан хабар таратқан санаулы журналистің бірі.
Қаңтар қырғынынан кейін Думан Мұхаммедкәрім YouTube-арнасында Қаңтар құрбандарының туыстарынан сұхбат алып, дүрбелеңнен кейін ұсталып, полицияда азапталған адамдардың көрген зәбірі жайлы жүздеген материал жариялады. Қаңтар оқиғасынан кейін Мұхаммедкәрімнің арнасын жұрт жиі қарайтын болды.