Жаңаөзен тұрғыны Ержан Елшібаевтың бостандыққа шыққаны туралы ақпарат тарады. Ол 2019 жылы жұмыс талап еткен митингілерге қатысып, сондай-ақ сол кездегі президентті елді тиімсіз басқарды және сыбайлас жемқорлық жасады деп айыптағаны үшін сотталған.
Бұл туралы жергілікті азаматтық белсенді Шолпан Өтекеева Facebook желісінде хабарлады. Оның жазбасына сілтеме жасаған журналист Сания Тойкен:
«Құтты болсын барша Қазақ жұртына. Кезінде халықтың әлеуметтік мәселелерін көтерген белсенді. 2019 жылы қудалауға ұшырап, жазықсыз сотталған. Бостандыққа шығуыңмен Ержантай батыр», — деп жазды ол.
Ержан Елшібаев 2019 жылы Жаңаөзенде өткен жұмыссыздар наразылығының бірқатар акцияларында негізгі тұлғалардың бірі болды. Мұнайлы өңірде тұратын жұмыссыздар жұмысқа орналасуды талап етіп, қалалық әкімдік алдына шыққан. Әкімдікке жасалған соңғы акция кезінде жиналғандар сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевқа бейнеүндеу жасады. Онда Елшибаев президентті елді сыбайлас жемқорлықпен тиімсіз басқарды деп айыптады.
Осыдан кейін Елшібаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оған екі жыл бұрын болған тұрмыстық жанжал ілік ретінде алынды.
2019 жылы 7 қазанда Ержан Елшібаев Қылмыстық кодекстің 106-бабының 2-бөлігінің 7-тармағы — «бұзақылық ниетпен денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бойынша бес жылға бас бостандығынан айырылды.
Қызылордадағы колонияда жазасын өтеп жүрген кезінде Елшібаев мекеме әкімшілігі тарапынан қысымға ұшырағанын мәлімдеді. Осыған байланысты ол наразылық ретінде 2020 жылы тамызда аузын тікті. Бір жылдан кейін ішін тіліп, өз-өзіне пышақ жарақатын салды.
Бұдан бөлек, түрме әкімшілігі оған тәртіпке «бағынбады» деген желеумен қосымша жаза тағайындап, белсендінің жалпы бас бостандығынан айыру мерзімі сегіз жылға дейін ұзартылды.
Сондай-ақ Елшібаев мекеме басшыларының бірінің нұсқауымен үш айға жалғыз адамдық камераға қамалғаннан кейін өзіне қол жұмсау ниеті болғанын мәлімдеді.
2021 жылы халықаралық деңгейде БҰҰ-ның Ерікінен тыс ұстап, қамауға алу жөніндегі жұмыс тобы Қазақстанды белсендіні заңсыз қамауға алып, соттағаны үшін адам құқықтарын бұзған мемлекет ретінде таныды. Елшібаевты босатуды еуропалық парламент те талап етті.
Алайда Қазақстан билігі саяси оппоненттер мен билікті сынаушыларды қудалау мәселесінде БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі құрылымдарының шешімдері мен демократиялық елдердегі экономикалық серіктестерінің үндеулерін орындаудан үзілді-кесілді бас тартып келеді.