Белсенді Жахин жеті жылға сотталды
  • Басты
  • >
  • Белсенді Жахин жеті жылға сотталды

Белсенді Жахин жеті жылға сотталды

12.06.2026

«Алға, Қазақстан» тіркелмеген ұйымының жетекшісі «экстремистік ұйымды қаржыландырды» деп танылып, жеті жылға түрмеге кесілді

«Алға, Қазақстан» тіркелмеген ұйымының жетекшісі Амангелді Жахин жеті жылға бас бостандығынан айрылды. 

10 маусымда Көкшетау соты белсенді Амангелді Жахинді “тыйым салынған ұйымның ісіне араласты”, “экстремистік ұйымды қаржыландырды” деген айыппен түрме жазасына кесті. Бұл туралы белсенді Әсет Әбішев Facebook парақшасында жазды. Жахиннің жеті жылға сотталғанын адвокаты Аслан Сәденов Азаттыққа растады.

2023 жылы қараша айында дәл осындай айыппен «Алға, Қазақстан» ұйымының тағы бір жетекшісі, марафоншы Марат Жыланбаев та жеті жылға сотталған еді. Одан бөлек, журналист Думан Мұхамедкәрім де сол айыпты арқалап, жеті жылға түрмеге кесілді. Жыланбаев жазасын Степногорск түрмесінде өтеп жатса, Мұхамедкәрім қазір Қызылорда түзеу мекемесінде отыр. 

“Сценарий бұл жолы толық қайталанды, – деп жазды белсенді Әсет Әбішев Facebook парақшасында. – Бүгін Амангелдіні қолдау үшін Көкшетауға көп белсенді келді. Олар ұзақ жолды артқа тастап келіп, қоғам бұл істі қадағалап отырғанын көрсетті. Бірақ оларға сотты ашық бақылауға, Амангелдіні көруге мүмкіндік бермеді”. 

Естеріңізге сала кетсек, Жахинді полиция қызметкерлері Көкшетауда тұтқындап, Астанада оның тұрғылықты жері бойынша тінту жұмыстарын жүргізген болатын. 2023 жылы наурыз айында ол бір мандатты округ бойынша мәжіліс сайлауына қатысып, өз өзін үміткер ретінде ұсынған еді. 

«Алға, Қазақстан» тіркелмеген ұйымы өздерін партия ретінде тіркеуді сұрап, Әділет министрлігінің алдына жиі барып тұрады. Алайда, билік органдары олардың құжатындағы қателіктерге сілтеп, бұл ұйымды ресми түрде тіркеуден өткізуге мүмкіндік бермеді. 

Жахинге үкім шығатын күні бірқатар белсенділер Көкшетауға жиналды. Алайда, жабық өткен сот процесіне олар қатыстырылмады. Бұған наразылық білдіргендер Жахин отырған автокөлікті жібермеуге тырысты. Бұл наразылыққа арнаулы жасақ қызметкерлері араласып, наразыларды тықсырып тастады. Жахин отырған көлік ары қарай түрмеге бет алды.