Атбасар түрмесі қызметкерлері қайта сотқа тартылады
  • Басты
  • >
  • Атбасар түрмесі қызметкерлері қайта сотқа тартылады

Атбасар түрмесі қызметкерлері қайта сотқа тартылады

18.03.2026

Азаптау ісі бойынша сотқа тартылған 12 түрме қызметкерін алқабилер соты ақтаған еді. Ақмола облыстық сот алқасы бұл үкімнің күшін жойды

Атбасар түрмесіндегі азаптау ісі бойынша сот үкімі жойылып, ол қайта қарауға жолданды.

Естеріңізге сала кетсек, құқық қорғаушылар «саяси тұтқын» деп таныған Тимур Данебаевты және басқа да сотталушыларды азаптады деп айыпқа ілінген түрменің он екі қызметкерін алқабилер соты екі мәрте ақтап жіберген болатын. Бұған наразылық ретінде сотталушылар аштық жариялап, прокуратура наразылығынан соң іс сотта қайта қаралды. Одан кейін де алқабилер соты түрме қызметкерлерін ақтау туралы шешім шығарған еді.

Енді міне, іс осымен үшінші рет қайта қарауға жіберілмек. «Облыстық сот алқасының қаулысымен Атбасар ауданындағы ҚАЖК-нің 12 қызметкеріне қатысты қылмыстық іс бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімінің күші жойылып, іс сол сотқа, басқа құрамда жаңадан қарауға жолданды” деп жазылған сот хабарламасында.

Онда облыстық сот алқасы апелляциялық тәртіпте істі қайта қарау барысында процессуалдық бұзушылықтарды анықтағаны жазылған.

«Азаттықтың» жазуынша, «2023 жылғы қыркүйекте желіде Атбасар қаласындағы колонияда отырған Тимур Дәнебаев пен басқа да сотталған адамдардың соққыға жығылғаны көрінетін видео тараған еді.  Дәнебаев сотта куәлік беріп, түрме қызметкерлері оны қатты ұрып-соққаны соншалық, есінен танып қалғанын айтқан. Дәнебаевтың сөзінше, оны әжетханадағы еденді жууға мәжбүрлеген, бас тартқаннан кейін қатты соққыға жыққан. Оның айтуынша, оны әжетхананы жууға мәжбүрлеп, басын унитазға тыққан. Айыпталушылар түрменің ішкі ережесіне сай, тәртіп сақтап, қарсылық көрсеткендерге арнайы құралдар қолдануға мәжбүр болғанын, заң бұзбағанын айтып, өздерін ақтауды сұраған. 2025 жылы ақпанда бірінші инстанциядағы сот түрме қызметкерлерін ақтаған. Құқық қорғаушылар мен белсенділер бұған наразы болған. Сәуірде ақтау үкімі жойылып, іс бірінші инстанцияға қайтарылған еді».

Бұл қылмыстық іс қоғамда үлкен резонанс тудырды. Әлеуметтік желіде жарияланған видеоларда түрме қызметкерлерінің сотталушыларды ұрып соққаны, азаптағаны көрінді. Осыдан кейін бірден қылмыстық іс қозғалып, қылмыстық жүйесі департаментінің бірқатар қызметкері жұмыстан босатылды, ал түрме қызметкерлері сотқа тартылды.

Облыстық сот алқасы үкім шығарда бірқатар процессуалдық бұзушылықтар болғанын анықтады. Атап айтқанда, алқабилер сотының құрамында соттылығы бар адамның болғаны анықталды. Бұл заңға тікелей қайшы әрекет. Алқабилер соты құрамында соттылығы бар адам болмауы тиіс.

Одан бөлек, түрме қызметкерлерінің қорғаушысы сот процесі кезінде жәбірленушілерді айыптайтын сөздер айтқан. Осының әсерінен алқабилер жәберленушілер туралы кері пікір қалыптасуы мүмкін деген тоқтамға келді облыстық сот.

Осы процессуалды қателіктерге байланысты іс қайта қарауға жолданды. Бұл жолы соттың қандай үкім шығаратынын уақыт көрсетеді.