Ермек Нарымбай қамауға алынды
  • Басты
  • >
  • Ермек Нарымбай қамауға алынды

Ермек Нарымбай қамауға алынды

05.02.2026

Азаматтық белсендінің үстінен ҚР Қылмыстық Кодексінің 430 бабы («Сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін не атқарушылық құжатты орындамау») бойынша іс қозғалды

Азаматтық белсенді Ермек Нарымбайдың үстінен қылмыстық іс қозғалып, Астана соты оны екі айға қамауға алу туралы қаулы шығарды. 

Нарымбайдың ұсталғаны туралы ақпаратты алғаш болып журналист Лұқпан Ахмедьяров хабарлады. «Ермек Нарымбайды Қырғызстанда қонақта жүрген жерінен ұсталды. Оны Қазақстанға соттың қаулысын шығармай ақ депортациялады. Қазақстан полициясы оның үстінен «сот қаулысын орындамау» бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі таңда ол Астана қалалық полиция департаментінде» деп жазды журналист. 

Кейіннен Ермек Нарымбайды қамауға алу туралы тергеу соты өтті. Полиция қызметкері әлеуметтік желілерді мониторинг жасау барысында Нарымбайдың материалдар жариялап, заңды бұзып отырғанын анықтағанын хабарлады. Соның негізінде, тергеу соты Нарымбайды екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды.

Бұған қатысты Астана қаласы полиция департаменті мәлімдеме жасады. «Аталған дерек бойынша полиция қызметкерлері бұған дейін сотталған Н. есімді азаматты ұстады. Оның соттың заңды күшіне енген үкімі мен қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға салынған тыйымды біле тұра, әдейі және бірнеше рет заңсыз әрі арандатушылық материалдарды таратуды жалғастырып, азаматтарды жаңылыстырғаны анықталды», – деп хабарлайды бейсенбі күні Астана қаласы полиция департаментінің (ПД) баспасөз қызметі. «Бұған дейін ол сот шешімін орындамағаны үшін бес рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Осыған байланысты оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот шешімімен оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу жалғасуда», – деп қосты Астана қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сонымен бірге, Семейде белсенді Нұржан Сембаевтың да ұсталғаны белгілі болды. Белсенді Елдос Досановтың айтуынша, Нұржан Сембаевты 3 ақпанда арнайы жасақ жұмыс істеп жатқан жерінен қолын қайырып, ұстап алып кеткен.

«Мемлекет тағайындаған адвокат хабарласып, “405-бап (“тыйым салынған ұйымның ісіне араласу”) бойынша ұстады”деп айтты», — деді Елдос Досанов.

Қазіргі таңда жаңа Конституцияны қабылдау жөнінде қызу талқы жүріп жатыр қоғамда. Осы орайда, премьер-министр Олжас Бектенов отырыс өткізіп, ішкі істер министрлігіне жалған ақпарат тарататындарды жазаға тартуды тапсырған еді. Белсенділердің қамалуына бұл тапсырманың қатысы бар ма, жоқ па, ол жағын айта алмаймыз.