Белсенді Марат Әбдірахманов «жалған ақпарат таратты» деп танылып, оған 86 500 теңге айыппұл салынды. Ол жаңа Конституциядағы нормаға қатысты өз пікірін білдірген еді
31 қаңтар күні ақпарат құралдарында жаңа Конституцияның жобасы жарияланып, оны халық кең талқыға салды. Олардың арасында Марат Әбдірахманов атты белсенді болды. Ол да әлеуметтік желіде өз пікірін білдіріп, «Жаңа Конституция жобасын оқыдым. Не нәрсе түбегейлі өзгереді? Жерімізді шетелдіктерге сатуға қойылған тыйым алынып тасталады! Яғни, президент пен құрылтай жерімізді сата алады! …. Жерімізді сата алады» деген жазба қалдырды.
Артынша Әбдірахмановтың үстінен Әкімшілік іс қозғалып, оны «жалған ақпарат таратты» деген құқық бұзушылық бойынша сотқа тартты.
Сот отырысы кезінде полиция капитаны Кипеков жауапкер жариялаған жазба “қоғамдық тәртіптің бұзылуына қолайлы жағдай жасайды” деп айтқан.
Марат Әбдірахманов өзіне тағылған құқық бұзушылықты мойындамаған, ол бар болғаны өз пікірін білдіргенін, жаңа Конституцияның жобасына қатысты пікір білдіргенін айтқан. Қорғаушысы да ешқандай әкімшілік құқық бұзушылық болмағанын мәлімдеген.
Соған қарамастан, Әбдірахманов әкімшілік құқық бұзушылық жасады деп танылып, оған 86 500 теңге көлеміндегі айыппұл салынды. Конституция жобасы жариялана салысымен белсендіні жазаға тартқан күштік құрылымдардың әрекетін әлеуметтік желіде айыптағандар көп болды.
Әбдірахманов 31 қаңтар күнгі жазбасында жаңа Конституция жобасын сынап, онда “президент пен құрылтайдың жауапкершіліктері” мүлде жазылмағанын, барлық міндет тек азаматтарға жүктелгенін, құқық тек “шенеуніктерде бар” деп жазған.
Дәл сол күні мемлекеттік жалған ақпаратпен күрес орталығы хабарлама таратып, «”жаңа Конституция жобасы жерді шетелдіктерге сатуға тыйымды алып тастайды деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді” деп мәлімдеді.
«Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясының 6-бабы 3-тармағына сәйкес «жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар» жөніндегі тұжырым жаңа Қазақстан Республикасының Конституциясы жобасындағы тұжырыммен бірдей және қандай да бір өзгерістерге ұшыраған жоқ” деп жазылған орталық таратқан хабарламада.
