Белсенді митинг өткізуге рұқсат бермеді деп пикетке шықты
  • Басты
  • >
  • Белсенді митинг өткізуге рұқсат бермеді деп пикетке шықты

Белсенді митинг өткізуге рұқсат бермеді деп пикетке шықты

30.10.2025

Оралдық белсенді Бекболат Өтебаевтың айтуынша, әкімдік осымен төртінші рет митинг өткізуге тыйым салды

Оралда белсенді Бекболат Өтебаев қалалық әкімдіктің алдына келіп, «митинг өткізуге рұқсат бермеуіне» наразылық ретінде жалғыз адамдық пикет өткізді.

«Мен қала тұрғыны ретінде асқынып бара жатқан қымбатшылыққа қарсы, зейнетақы мен жалақының аздығына наразылық ретінде пикетке шықтым. Осы мәселелерді көтеріп, бейбіт митинг өткізуге төрт рет өтініш жаздым. Бізге үнемі тыйым салады жиналуға. Соған наразылық таныту үшін бүгін әкімдік алдына келдім. Конституциялық құқығыма сәйкес, менің митинг өткізуге мүмкіндігім бар» деді Бекболат Өтебаев.

Айта кетерлігі, оралдық белсенділер митинг өткізуге төрт рет ескерту қалдырған. Бәріне де тыйым салды әкімдік. Кейін белсенділер әкімдікті сотқа беріп, облыстық сот мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің әрекетін заңсыз деп таныды. Бірақ, бұдан жағдай өзгермеді деді Бекболат Өтебаев.

Белсенді «Біз өмір сүргіміз келеді» деген плакатпен шықты әкімдік алдына.  Оған бірден полиция қызметкерлері келді. Белсенді оларға қандай талаппен шыққанын жеткізді. Мұны тыңдаған тәртіп сақшылары Өтебаевқа ары қарай кедергі келтірмеді. Артынан белсендімен қала әкімі сөйлесіп, оның қандай талаптармен шыққанын тыңдады.

Бекболат Өтебаев өзін осыған дейін бірнеше рет полиция қызметкерлері ұстағанын, өзін ұрып соққанын да айтып, шағымданды. Атап өтерлігі, Өтебаев екінші топтағы мүгедектігі бар зейнеткер.

Естеріңізге сала кетсек, 25 қазан күні митинг өтеді деген соң билік өкілдері ондаған белсендіні әкімшілік қамауға алды. Арасында оралдық белсенді Маруа Ескендірова да бар. Оны қалалық сот 10 тәулікке әкімшілік қамауға алды. Құқық қорғаушылардың есептеуі бойынша, полиция қызметкерлері жалпы саны 70-ке жуық адамды ұстаған. Бірақ, олардың барлығы да белсенді емес, митинг өтеді деген жерден кездейсоқ өтіп бара жатқан азаматтар.

Қазақстанда митинг өткізу үшін рұқсат сұраудың керегі жоқ, ескерту тапсырса жеткілікті дейді билік өкілдері. Бірақ, іс жүзінде, олай емес. Митинг өткізуге түрлі сылтаулармен әкімдік тыйым салады. Көбінесе «дәл сол митинг өтетін кезде басқа іс шара жоспарланған» деген сылтау айтады. Конституциялық сот мұны заңсыз деп таныса да, жағдай өзгермеді.