• Басты
  • >
  • АЭС референдумы алдында қамалған белсенділердің соты басталды

АЭС референдумы алдында қамалған белсенділердің соты басталды

11.07.2025

Алмалы аудандық сотында прокурор бес белсендінің айыптау актісін оқыды. Оларға Қылмыстық кодекстің 272 бабы 1-тармағы бойынша айып тағылып отыр.

АЭС құрылысы бойынша референдум қарсаңында қамалған алматылық бес белсендінің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот процесі басталды. 

Сот офлайн түрде, Алмалы аудандық сотында басталды. Сот залына жеткізілген бес белсендінің түрі шаршаңқы көрінеді. Оның себебі де түсінікті. Бұлардың барлығы – зейнеткерлер мен мүгедектігі бар адам. Оларға прокуратура «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға» әрекет жасады деген айып тағып, Қылмыстық кодекстің 272-бабы, 1-тармағы бойынша іс қозғады. 

10 шілде күні өткен процесте негізінен прокурор сөйледі. Ол сотталушыларға қатысты жасалған айыптау актісін оқыды. Прокуратура мына бес белсендіге қатысты іс қозғады: 

Казакбай Жанат Туйтенулы, 15.01.1958 жылы, Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Каракемір ауылында дуниеге келген.

Жауылбаев Нурлан Мырзатаевич, 10.05.1959 жылы, Туркістан облысы, Тулкібас ауданында дуниеге келген.

Сыдыков Фазылжан Мейрамгалиевич, 15.05.1961 жылы, Алматы облысы, Аксу ауданында дуниеге келген.

Мубараков Айдар Шамшиденович, 21.08.1969 жылы, Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дуниеге келген.

Темиргалиев Нурлан Муслимович, 25.11.1970 жылы, Алматы облысы, Райымбек ауданы, Текес ауылында дуниеге келген.

Бұлардың саяси белсенділігін қылмыстық әрекеттерге теңеген прокурор олардың барлығы Қылмыстық кодекстің 272-бабы бойынша сотқа тарту керек деген ұйғарымға келді. 

Сотталушылар бұл айыппен келіспейді. Бүгін олардың қорғаушысы Жанар Балғабаева сотталушыларды денсаулық жағдайына байланысты үйқамаққа жіберуді сұрады. Алайда, сот бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартты. Келесі сот процесі 17 шілдеге белгіленді. 

Естеріңізге сала кетсек, АЭС референдумы қарсаңында қамалған бес белсендіні халықаралық құқық қорғау ұйымдары «саяси тұтқын» деп таныды.