Алматыда Көк-Жайлау шатқалына тау шаңғы курортын салуға қарсы баспасөз мәслихатын полицияның келуіне байланысты өтпей қала жаздады. Жиын алдында азаматтық киімдегі полиция қызметкерлері эко-белсенді Салтанат Тәшімованы ұстап алып кетпек болды.
17 қызкүйекте адам құқықтарын қорғау бюросында кезекті рет Көк-Жайлау шатқалында тау шаңғы курортын салуға қарсы баспасөз мәслихаты өтті. Бұл жолы да эколог, эко-белсенді және сарапшылар билікке бұл жобаның тиімсіз екенін және табиғатқа орасан зор зиян келтіретінін жеткізуге тырысты.
Алайда жиын басталар алдында өздерін полиция қызметкеріміз деп таныстырған азаматтық киімдегі екі адам эко-белсенді Салтанат Тәшімованы ұстап әкетпек болды. Ешқандай шақыру қағазын көрсетпеді. Не себепті белсенді олармен бірге бару керек екенін де түсіндіре алмады.
Кеңсе дәлізінде болып жатқан жағдайды журналистер видеоға түсіре бастағанда полиция жазбаны өшіруді талап етті. Кейбір тілшілер олардың бұл талабын орындады. Кейіннен полиция қызметкерлері шығып кетті.
Баспасөз мәслихаты өткеннен кейін дәл осы қызметкерлер Салтанат Тәшімоваға полиция департаментіне келіп, тағы бір эко-белсенді Аруна Ортаеваның ісі бойынша жауап беруін талап етті.
Аруна Ортаева бұған дейін Instagram парақшасында құрылыс аймағында қалып кетуі мүмкін Қызыл кітапқа енген ағаштардың тағдыры талқыланатын аудиожазбалар жариялаған. Бұл жазбалар Алматы әкімдігінде Көк-Жайлауда курорт салуға қатысты мәселелер талқыланған жиынға байланысты болуы мүмкін.
Жарияланған материалдарға қарағанда, аудиожазбада құрылыс аймағына енуі мүмкін шамамен 2000 ағаштың тағдыры талқыланады. Олардың арасында Қызыл кітапқа енген шамамен 700 алма ағашы бар.
Атап айтқанда, аудиожазбада бұл ағаштардың Қызыл кітаптағы мәртебесінен қалай айыруға болатыны талқыланған. Сонымен қатар «қоғамдық тыңдаулар» өткізу және оларды қалай «дұрыс» ұйымдастыру керектігі де сөз болаған.
Осы оқиғадан кейін Аруна Ортаева сот шешімімен 15 тәулікке қамалған. Кейіннен Қылмыстық кодексінің 148-бабы «Хат-хабар, телефон арқылы сөйлесулер, пошта, телеграф немесе өзге де хабарламалар құпиясын заңсыз бұзу» бойынша іс қозғалған.
Салтанат Тәшімова бұл іс бойынша әзірге куәгер ретінде танылған. Алайда ағаштарды заңсыз кесу мәселесіне байланысты қандай да бір құқықтық баға берілді ме, жоқ па белгісіз. Ағаштарды заңсыз кесуді талқылау Қылмыстық кодекстің 340-бабына жатады.
Салтанат Тәшімова полиция департаментіне адвокат Вячеслав Лимен бірге барды.