Құрылтай сайлауы қарсаңында белсенділерді қамауға алу жалғасып жатыр. Алматы соты азаматтық белсенді Руслан Төлеуді 25 тәулікке қамады.
19 тамызда Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Руслан Төлеуді 25 тәулікке қамау туралы шешім шығарды. Адвокат Ғалым Нұрпейісовтің сөзінше, белсендінің үстінен іс қозғауға Facebook желісінде жазған жазбасы себеп болған. Ол сот шешіміне қарсы апелляциялық шағым түсірмек.
«Іс материалында тек қана хаттама, скриншот сосын бұрынғы қаулылар ғана бар. Мен сотта мына жерде баянат қайда? Түсініктеме қайда? деп сұрадым. Баянат қолмен жазылған. Ол негізі заңсыз болып есептеледі. Мен сотқа айттым, осындай құжаттарды сотқа жіберу сотқа құрметсіздік деп. Бұндай құжаттармен адамды соттауға болмайды», – дейді Ғалым Нұрпейісов.
Адвокаттың айтуынша, сотта Руслан Төлеу өзіне тағылған айыппен келіспеген. Ғалым Нұрпейісов сот шешіміне қарсы апелляциялық шағым түсірмек.
Белсендінің үстінен қозғалған әкімшілік іс материалдарына қарағанда, учаскелік полиция инспекторы әлеуметтік желілерге мониторинг жасау кезінде Руслан Төлеудің Facebook желісінде жарияланған жазбасын тауып, онда заңсыз митинг өткізуге шақыру белгілері барын анықтаған. Осылайша оның үстінен әкімшілік кодекстің 488-бабының 12-тармағы бойынша іс қозғаған.
«19.08.2026 жылы әлеуметтік желіні барлау барсында азамат Төлеу Руслан Бөрібайұлы Facebook әлеуметтік желісімен азаматтарды заңсыз митингіге шақыру арқылы ҚР аумағында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу туралы заңнамада белгіленген тәртіпті бұзған… Аталған жағдайды бір жыл ішінде қайталап жасағаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінде көзделген 488-бабының 12-тармағы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық жасады», – делінген іс материалында.
Белсенді іс қозғауға себеп болған желіде жариялаған жазбасында Құрылтайға қарсылық білдіріп, оны ел арасында танымал «Қалаулым» ток-шоуына теңеген. Бұдан бөлек, белсенділердің қамалуын айтып, мәселені тек алаң ғана шешетінін жазған.
23-ші тамызда өтетін Құрылтай сайлауы қарсаңында елде тәуелсіз журналистер мен саяси белсенділерге қысым күшейді. Бұған дейін Алматыда азаматтық белсенді Бауыржан Әтінбаев 15 тәулікке қамалған. Оның да үстінен 488-баптың 1-бөлігі «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзу» бойынша іс қозғалған.
Істің қозғалуына осыдан жеті ай бұрын болған оқиға себеп болған. 27 қаңтарда Алматыда блогер Мирболат Мырзатайұлының апелляциялық шағымын қараған сот үкімді өзгеріссіз қалдырған. Сол жерде бір топ адам сот шешіміне наразылық білдірген. Олардың арасында Бауыржан Әтінбаев та болған.
Сотта Бауыржан Әтінбаев өзіне тағылған айыпқа келіспейтінін, ешқандай митингке қатыспағанын мәлімдеп, әкімшілік іс арада жеті ай өткеннен кейін қозғалып отырғанын алға тартқан. Оның адвокаты Жанар Балғабаева соттан Әтінбаевтың әрекетінде құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан істі тоқтатуды сұраған. Алайда сот ол өтінішті орындамады.