Сот журналист Азамат Омаровты шартты жазаға кесті
  • Басты
  • >
  • Сот журналист Азамат Омаровты шартты жазаға кесті

Сот журналист Азамат Омаровты шартты жазаға кесті

16.09.2026

Астана соты журналист, «Ахуал сегодня» You Tube арнасының авторы Азамат Омаров 3,5 жылға шартты жазаға кесіп, бес жыл материал жариялауға тыйым салды.

«Әлеуметтік араздықты қоздырды» деп айыпталған журналист Азамат Омаров процессуальдық келісіммен сот залынан босатылды. Бұл туралы Омаровтың адвокаты Төлеген Шайықов Азаттық радиосына айтқан.

«Ахуал сегодня» YouTube-арнасының авторы Омаров шілдеде екі айға қамауға алынған. Сот қаулысында журналистің президент туралы сатиралық сөздер айтқаны баяндалған.

Шілдедегі қаулыда «бейнежазбада Омаров қазіргі президент жайлы сатиралық пікірлер айтады, әлеуметтік-экономикалық саясат және мемлекет қызметі туралы мәселелерді қозғайды. Оның сөздері ирония мен сыни сипатта, осылайша халық арасында теріс пікір қалыптастырады» деп жазылған еді.

Азамат Омаров YouTube платформасында «Ахуал сегодня» арнасын ашып, елдегі қоғамдық-саяси оқиғаларды әзілмен жеткізіп жүрген.

Журналист ұсталған уақытта сол кездегі мәдениет және ақпарат министрі болған Аида Балаева Омаровтың ісіне қатысты пікір білдірген.

«Ең алдымен, елімізде сөз бостандығына кепілдік берілгенін, ал цензураға тыйым салынғанын ерекше атап өткім келеді. Сатира мен әзілдің өзі құқық бұзушылық болып саналмайды және ол үшін заңнамада жауапкершілік көзделмеген», – деген Аида Балаева.

Қазақстанда бұған дейін Qaznews24 сатиралық паблик авторы Темірлан Еңсебек те сотқа  тартылған. Оған да «алауыздық қоздыру» бабы бойынша айып тағылған.

2025 жылы сәуірде Алматының Наурызбай аудандық соты Еңсебекті кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығын шектеу жазасына кескен. Бұған қоса, сот Еңсебектің қоғамдық жұмыспен, соның ішінде журналистикамен айналысуына, митингіге қатысып, сұхбат беруіне тыйым салды.

2025 жылы тамызда Qaznews24 жұмысын тоқтататынын мәлімдеді. Жоба авторлары жабылу себебін құқық қорғау органдары тарапынан жасалған қысыммен байланыстырды.

«Қазіргі жағдайда біз жұмысымызды жалғастыра алмаймыз және Конституция кепілдік беретін сөз бостандығы мен шығармашылық еркіндігін жүзеге асыра алмаймыз», – деп мәлімдеді жоба редакциясы.