АҚмЗСЖҚХБ – Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы
  • Басты
  • >
  • Нельсон Манделаның құрметіне арналған халықаралық науқанда Әсия Төлесованың аты аталды

Нельсон Манделаның құрметіне арналған халықаралық науқанда Әсия Төлесованың аты аталды

16.07.2020

CIVICUS халықаралық ұйымы Нельсон Мандела 18 шілде туған күні қамауда отырған құқық қорғаушыларды босатуға шақыратын халықаралық науқан өткізіп, дәл қазір түрмеде отырған алты тұтқынның өмірбаянын жариялады.  Солардың бірі – 6 маусым күні Қазақстан қалаларында өткен наразылық шеруінен кейін қамауға алынған азаматтық белсенді Әсия Төлесова.

Stand As My Witness (“Менің куәгерім бол”) деп аталған науқан ниет білдірушілерге Қазақстан билігіне хат жазып, түрмеде отырған Төлесованы, құқық қорғаушыларды, “ар-ұждан тұтқындарын” босатуға шақыруды ұсынады. Әлем елдерінің азаматтық қоғам ұйымдарын біріктіретін CIVICUS ұйымы билікке хат жазамын дегендерге арнайы үлгі дайындап қойған.

2019 жылдың қазан айында CIVICUS Қазақстанды белсенді азаматтық ұстаным үшін қудалайтын бес елдің қатарына қосқан. Ол тізімде Қазақстанмен бірге Қытай, Египет, Колумбия және Гвинея елдері болған.

Қазақстан билігі азаматтық белсенді Әсия Төлесованы 6 маусымдағы наразылық шеруден ұстап әкету кезінде полицейді “қорлады” және “билік өкіліне күш қолданды” деп айыптап отыр. 7 шілде күні Алматы қаласы Медеу аудандық соты белсендіге қарсы қылмыстық істі қарастыруды бастады. Сот адвокаттардың істі тоқтатып, белсендіні кепілдікке босату туралы өтінішін қанағаттандырмады.  

Істе жауапкердің қолынан зардап шекті деген алты полицей бар. Айыптауға негіз болған – билік ресурстарында тараған бірнеше секундтық видео. Онда Төлесованың жанындағы полицейдің фуражкасын қағып түсіргені бейнеленген. Белсенді эмоцияға берілгенін мойындады, бірақ полицияның бейбіт шеруге келгендерге қарсы әрекетін сынға алды.

Төлесованы 8 маусым күні тергеу абақтысына қамады. Екі күннен соң сот Төлесованы 10 тәулікке қамау туралы үкім шығарды. Кейін қамау мерзімі ұзартыла берді. Кінәлі деп танылса, Төлесова үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Белсендінің қамалуы биліктің бейбіт жиын қатысушыларын қамау мәселесіне қоғам назарын аударды. 9 маусым күні құқық қорғаушылар мен азаматтық ұйым өкілдері петиция жариялап, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Төлесованы босатуға және бейбіт шеруді күшпен таратпақ болған полицияның әрекетін тәуелсіз тергеуге шақырған. Белсенділер сондай-ақ Төлесованы қолдау мақсатында арнайы сайтты іске қосқан.

Адам құқықтары жөніндегі беделді халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін Әсия Төлесованы босатуға шақырып, белсендінің қамалуын негізсіз деп атаған.

“Әділетсіз сот процестері мен қолдан жасалған айыптаулар салдарынан мыңдаған адам түрмеде отыр. Дәл қазір көптеген адамдар сотқа дейінгі қамауда, олар адам құқықтарын қорғауға бағытталған әрекеті үшін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін” делінген Stand As My Witness науқанының парақшасында.

Науқан 18 шілде күні атап өтілетін Нельсон Манделаның халықаралық күніне арналған. Апартеид режиміне қарсы күрескен, сол үшін бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын алған саяси қайраткер Нельсон Мандела дәл осы күні туған. Атаулы күнді БҰҰ Бас ассамблеясы 2009 жылы белгілеген. Мандела 30 жыл түрмеде отырып, ОАР-дың тұңғыш қара нәсілді президенті болып сайланды. Ол 2013 жылы 96 жасында дүниеден өтті. Биыл оның түрмеден шыққанына отыз жыл толып отыр.