• Басты
  • >
  • Белсенді Әсия Төлесованың ісі бойынша негізгі сот процесі басталды

Белсенді Әсия Төлесованың ісі бойынша негізгі сот процесі басталды

03.08.2020

Белсенді Әсия Төлесованың ісі бойынша негізгі сот процесс басталды.

Тамыздың үші күні Алматы қаласының Медеу аудандық сотында азаматтық белсенді Әсия Төлесованың ісі бойынша негізгі процесс басталды. Сот Zoom қосымшасы арқылы онлайн режимде өтті. Істі судья Тәкен Шәкіров қарады.

Сот барысында қорғаушы тарап Төлесованың полиция қызметкерлеріне қол жұмсағанын анықтау мақсатында фото сараптама жасауды және екі айға жуық уақыт қамауда отырған белсендіні үкім шыққанға дейін босатуды сұрады.

«Менің қорғауымдағы Төлесова орташа ауыр қылмыс жасады деген айыппен екі айға жуық қамауда отыр. Қылмыстық іс-жүргізу кодексінің 147-бабына сәйкес, қамауда ұстау бұлтартпас шарасы кемінде бес жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айрылуы мүмкін күдіктіге ғана қолданылады. Менің қорғауымдағы адамды қамауда ұстау үшін бұл бапта көрсетілген айрықша жағдайлар бізге беймәлім…», – деді адвокат Джохар Өтебеков.

Қорғаушының өтінішіне прокурор Ерлан Құланбаев пен жәбірленушілердің бірі Тілек Төлегенов қарсылық білдіріп, соттан өтінішті кері қайтаруды сұрады. Судья өтінішке қатысты шешім қабылдау үшін үзіліс жариялап, түстен кейін қорғаушылардың өтініштерін қанағаттандырмады. Тәкен Шәкіров адвокаттар ұсынған төрт куәгердің екеуінен ғана жауап алуға келісім берді.

Сот процесі өтіп жатқан уақытта «Оян Қазақстан» қозғалысының белсенділері Әсия Төлесованы қолдап Медеу аудандық сотының ғимаратының алдында наразылық акциясын өткізді. Олар «қуғын-сүргінді тоқтат» деген жазуы бар плакаттар алып шығып, Төлесованы босатуды талап етті.

Белсенді Әсия Төлесова 6-шы маусым күні Алматы қаласында өткен митингіден кейін ұсталған. Ол наразылық кезінде полиция қызметкерінің фуражкасын қағып түсірген. Бірақ белсендіге қарсы қозғалған қылмыстық істе Нұрбек Темірханов, Мейіржан Тұрғанбек, Ернат Сабалақов, Тасқын Талдыбаев, Ұлан Абибулла, Тілек Төлегенов есімді алты бірдей жәбір көрген полиция қызметкері бар.


Сондай-ақ қараңыз