• Басты
  • >
  • Әкім орынбасарының үстінен арызданған мектеп директоры әділдік іздейді

Әкім орынбасарының үстінен арызданған мектеп директоры әділдік іздейді

17.08.2020

Әкім орынбасарының үстінен жемқорлық ісі бойынша арыз жазған мектеп директоры әділдік іздейді.

Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Ембі қалалық №2 орта мектебінің директоры Райымбек Мұсағали аудан әкімінің орынбасары Ғалым Қобыландиннің үстінен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне арыз жазған. Себебі аудан әкімінің орынбасары «ҰБТ комиссиясын күтіп алуға» деп әр мектептен 100 мың, балабақшалар мен қосымшы білім беру мекемелерінен 50 мың теңгеден ақша жинаған.

Райымбек Мұсағалидің сөзінше, барлық дәлелдерге қарамастан сот айыпталушы тарапты ақтап үкім шығарған.

«Бізден ақша жиналып жатқандығы жөнінде мен және өзге де азаматтар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне арыздандық. Болайын деп жатқан қылмыс жөнінде хабарладық. Барлық дәлелдер бар. Бас прокуратура істе қылмыстық құрам бар деп сотқа жіберді. Іс сотта қаралып, 22-і процесс болды… Бізге ағайындыққа салып «арызыңды қайтарып ал» деген ұсыныстар жасалды. Бірақ біз оны дәлелдей алмаймыз. Себебі оны ешқандай видео, аудиоға түсірмедік. Менің ойымша, өзге де арызданушыларға осы сияқты ұсыныстармен адамдар барған сияқты. Ақыр соңында екі директор ғана қалдық та, сот ақтау үкімін шығарды. Прокурор 5-6 жыл бас бостандығын айыру жазасын сұрады», – дейді Мұсағали 

Бұдан бөлек, Райымбек Мұсағали «енді ақтау үкімі күшіне енетін болса, онда арызданушы тарап ретінде өздері кінәлі болып шығуы мүмкін» екенін айтады. Оның сөзінше, осыған байланысты олар енді апелляциялық шағым түсірген. Бірақ соттың әділ өтетініне күмәнмен қарайды.

Райымбек Мұсағали бұған дейін әлеуметтік желіде президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов және Жоғары сот төрағасы Жақып Асановтың атына бейнеу үндеу жасаған. Онда ол аталмыш мәселенің әділ шешілуін сұраған.  


Сондай-ақ қараңыз