АҚмЗСЖҚХБ – Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстан халықаралық бюросы
  • Басты
  • >
  • Белсенді Достияровтың соққыға жығылғаны хабарланды

Белсенді Достияровтың соққыға жығылғаны хабарланды

15.07.2021

Саяси белсенді Абзал Достияровқа қысым жасалып, соққыға жығылғаны хабарланды.

Белсендінің адвокаты Жанар Балғабаеваның сөзінше, Абзал Достияров кеше 16-00 шамасында ұсталған. Алған соққы салдырынан оның миы шайқалған.

«Қазір ғана Абзал Достияров аштық жариялайтынын мәлімдеді. Оны жалғыз адамдық камераға ауыстарытын сияқты. Бүгін ол апелляциялық шағым жазды. Себебі ол сот шешімін қолына алмаған және ол өзін қорғаған адвокатқа сенімсіздік білдірген. Бірақ сот оған назар аудармаған… Қазір Абзал Достияровтың денсаулығы қалыпты деп айта алмаймын. Кеше оны №4 ауруханаға алып барған. Сараптама қорытындысы бойынша, оған ми шайқалу және өзге де дене жарақаттары деген диагноз қойылған. Нақты диагнозды білетін боламыз», – деді Балғабаева.

Абзал Достияров арызында өзін Алматы қаласының Алатау және Бостандық аудандық полиция бөлімі мен Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті қызметкерлері ұстағанын, Жанболат Мамайды камера алдында жамандауға мәжбүрлеп, қысым көрсеткенін жазған.

«Жанболат Мамайды камера алдында қаралап сөйлеуімен қол жеткізбек болды. «Жанболат проекты, сен қорлық көріп отырсың, ол үйінде отыр» деген сөзді бірінен соң бірі айтты. Сот отырысы 19-00-ге дейін бітсе де, мені изоляторға түнгі 12-де әкеліп қамады. Жолдан №4 ауруханаға апарды. Қалған уақытта бір көліктен бір көлікке ауыстырып, қоқан-лоқы көрсетумен болды», – делінген Достияровтың арызында.

Жанболат Мамайдың сөзінше, Демократиялық партияның белсенділеріне қысым көрсету күшейген. Бұның барлығы митингке шығармаудың амалы.

«Қазір Демократиялық партияның белсенді мүшелеріне қысым көрсетіліп жатыр. Олар митингтерге шықпас үшін, наразылықтарын білдірмес үшін қудаланып жатыр. Абзал Достияровқа осындай қоқан-лоқы көрсеткен. Дәурен Достияров пен Ырысбек Тоқтасынды 10 тәулікке қамады. Оларға да қысым көрсетіліп, соққыға жығылған. Аружан Дүйсебаеваны Сәкен Майғазиев деген әнші сотқа беріп жатыр. Біз міндетті түрде халықаралық ұйымдарға шағымданамыз, журналистерге айтамыз. Біздің Абзал Достияровтың өміріне қастандық бола ма деп қауіптенеміз. Кезінде Дулат Ағаділ де дәл осындай полиция департаментінде қайтыс болған болатын», – дейді Мамай.

Кеше саяси белсенділер Абзал Достияров пен Әлімжан Ізбасаровтың ұсталғаны жөнінде ақпарат тараған. Бірақ олардың не себепті ұсталғаны хабарланбаған. Кейіннен Абзал Достияровтың 6 күнге қамалғаны белгілі болған.