Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы Қырбалтабай ауылының тұрғыны Сайлау Әжімолдаев 2016 жылы ақпанда ұрлық, қарақшылық және адам өлтіру қылмыстарына айыпты деп танылып, 18 жылға сотталған ұлы Марат Әжімолдаевтың ісі бойынша тергеу де, сот та әділ өткен жоқ деп санайды. Ол кассациялық сотқа дейін арызданып, әділеттілік таппағанын алға тартады.
Сайлау Әжімолдаевтың айтуынша, Алматы қаласындағы фирмалардың бірінде дәнекерлеуші болып жұмыс істеп жүрген 1990 жылы туған ұлы Марат Әжімолдаевты 2015 жылы қазанның 29-ы күні Есік қаласындағы Еңбекшіқазақ ішкі істер басқармасына шақыртқан. Әкесімен бірге барған Маратты полиция күдікті ретінде ұстап, кейін сот тергеу кезеңінде оны қамау туралы шешім шығарған.
Қамауға алынардан екі ай бұрын Марат Әжімолдаевты полиция қылмысқа «күдікті» ретінде ұстап әкетіпті.
«2015 жылғы тамыздың 20-сы күні таңертең сағат 10 шамасында үйіміздің ауласынан Марат пен кәмелеттік жасқа толмаған кіші ұлым Жеңісті полиция әкеткенін тіпті үйде отырған әйелім де білмей қалған. Сағат 12-кезінде кіші ұлым келді, ол өздерін Балтабай ауылдық полиция бөлімшесіне апарғанын, оның кәмелеттік жасқа толмағанын білген соң босатқанын, ал ағасын ұрып жатқанын айтты. Мен жеткеше Балтабайдан Есікке алып кетіпті. Есікке қуып барсам, балам үсті-басы қан-қан болып Еңбекшіқазақ аудандық ішкі істер басқармасында отыр, – дейді ол.
Сайлау Әжімолдаев сол жерде аудан прокурорына арыз жазған соң полиция баласын босатқан.
«Бір күн бұрын ауылда дүкен тоналған. Соны «тонағаныңды мойында» деп ұрып-соғыпты. Және хаттаманы «Марат Әжімолдаевты Балтабай ауылдық полиция бөлімшесі қасында темекі шегіп тұрған жерінен ұстадық» деп толтырған. Баламды ұрып-соққанына байланысты іс қозғалғанымен кейін полиция қызметкері Икрам Есіркеновтің «Әжімолдаев өзін өзі ұрып мұрнын қанатты» деген жауабы негізінде істі жауып тастады, – дейді әкесі.
Сайлау Әжімолдаев бұл туралы облыс прокурорына, Астанаға дейін шағым жазғанымен іс жабулы қазан күйінде қалған.
Марат Әжімолдаевтың әкесі өздеріне қатысты шағым үшін полиция қызметкерлері ұлына жала жапты, ал сот оған қатысты бір де бір дәлелдің жоқтығына қарамастан соттады деп санайды.
Тергеу органдары Марат Әжімолдаевқа 2015 жылы тамыздың 28-і күні Қырбалтабай ауылындағы өз үйінде денесіне түскен жарақат ізімен өлі күйінде табылған 1930 жылы туған зейнеткер Варвара Попованың қазасына күдікті ретінде айып таққан. Бұған қоса, Әжімолдаевқа 2015 жылғы маусым-шілде айларында Қырбалтабай ауылындағы екі үйден өзгенің дүние-мүлкін ұрлау қылмыстары бойынша да айыптар тағылған. Сотқа дейінгі тергеу материалдарына сәйкес, Әжімолдаевқа айып тағуға осы қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен тергеуге алынған Қырбалтабай ауылында тұратын 8-сынып оқушысы, 2000 жылы туған кәмелетке толмаған жасөспірімнің кінәсін мойындап берген куәліктері негіз болған.
Сонымен қатар, сол ауылда тұратын, орысша білмейтін бірнеше азаматты тергеу кезінде куәлік беруге мәжбүрлеген дейді айыпталушының әкесі. Оған дәлел ретінде орысша жазылған куәлікке ол тілді түсінбейтін азаматтарды қол қойғызғандарын айтады.
Сот тергеуі барысында жасөспірім куәгер өзіне және сотталушы Марат Әжімолдаевқа тағылған айыптарға қатысты қылмысты жасағанын мойындап куәлік берген. Ол 2015 жылы маусымның 20-сы күні Марат Әжімолдаев және «Дикий» есімді лақап атқа ие тағы бір жігітпен бірге Қырбалтабай ауылы тұрғыны Тынымхан Есіркенованың үйіне терезесін шағып кіргендерін, үйден біраз затты ұрлап, үшеуі сыртқа қайтадан терезеден шыққандарын баяндаған.
Бұдан соң сол жылы шілденің 16-сы күні Марат Әжімолдаев оны автокөлігіне отырғызып, Қырбалтабай ауылының молдасы Бердібек Әкімханның үйі маңына алып келгенін, ашық тұрған есік арқылы үйге еніп, үстел үстінен ноутбукты көлікте өзін күтіп отырған Әжімолдаевқа апарып бергенін айтқан. Куәгердің сөзінше, ноутбук ұрлығынан соң арада бір апта өткенде Марат Әжімолдаев оған 19 мың теңге ұстатқан.
Куәгер баяндаған екі қылмысқа да бармас бұрын ұрлық істегісі келмейтінін айтып, бас тартпақ болғанын, бірақ екі жолы да Марат Әжімолдаев оны еркіне қоймай көндіргенін айтқан. Оның сөзінше, Қырбалтабай ауылындағы жалғызілікті зейнеткер Варвара Попованың үйін тонау туралы ұсынысты да 2015 жылы тамыздың 27-і күні кешке Марат Әжімолдаев жасаған. Әңгіме кезінде қолына қорғасын кастет тағып алған Әжімолдаев өзіне «егер бас тартатын болсаң алдыңғы ұрлықтарыңды полицияға айтам» деп қорқытқан соң еріксіз келіскенін сотта тағы қайталаған.
Марат Әжімолдаев «электрикпіз» деп алдап Поповаға есігін ашқызып үйіне кірген соң кәугердің қолына қызыл түсті бас орамал ұстатып зейнеткердің аяғын байлауды бұйырған. Орамалмен әжейдің сол аяғын екі рет орап байлаған соң дәлізге шығып тұрғанын айтады. Бір кезде аяғын босатып алған Попова дәлізге қашып шыққанда Әжімолдаев оны ту сыртынан екі рет – арқасынан және шүйдесінен ұрды дейді. Ол есіктің жанына құлаған қарияны бөлмеге апармақшы болып Әжімолдаевке болысып сүйреген кезде қарияның басынан сорғалған қанды көрген соң шыдай алмай дәлізге шығып кеткенін, біраздан соң Әжімолдаевтың сұрауы бойынша оған пакет апарып беріп, өзі қайтадан дәлізге шығып тұрғанын айтады. Сәлден соң сыртқа шыққан Әжімолдаев мұның қолына Попованың көк халаты, ақша, алтын сырға, сақина және т.б. заттар салынған пакетті ұстатып, өзі қайтадан үйге кіріп кеткен. Бірер минуттан кейін ол үйден шығып, куәгердің қолындағы пакетті алғаннан кейін екеуі екі жаққа кеткен деп жазылған сот материалында.
Сонымен бірге Варвара Попованың өліміне қатысты жүргізілген тергеу ісінде үйдің кіреберісіндегі есіктен, дәлізден, шелектерден қан дақтары табылғаны және олардың барлығы тек зейнеткер әйелдің өзінікі екені анықталғаны жазылған.
Сот процесі кезінде жасөспірім өз айыбын толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін, қылмысқа өзгенің мәжбүрлеуімен барғанын айтқан. Марат Әжімолдаев тағылған айыптардың ешбірін мойындамайтыны және ешқандай қылмыс жасамағаны туралы мәлімдеген. Сот оның бұл сөзін жауапкершіліктен жалтару мақсатында жасаған әрекеті деп қабылдаған.
Істі қараған Алматы облыстық ауданаралық қылмыстық соты Марат Әжімолдаевты Қазақстан қылмыстық кодексінің «кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімді қылмысқа тарту», «ұрлық», «қарақшылық» және «адам өлтіру» қылмыстарын жасағаны үшін айыпты деп таныған. 2016 жылы ақпанның 18-і күні Марат Әжімолдаевты 18 жылға бас бостандығынан айыру және жазасын қатаң тәртіптегі түзеу колониясында өтеуі туралы сот үкімі шыққан.
Жасөспірім «ұрлық» және «қарақшылық» жасағаны үшін айыпты деп танылып, сот оны 5 жылға бас еркіндігінен айыруға және жазасын жалпы режимдегі тәрбие колониясында өтеуге үкім еткен.
Сонымен бірге сот Марат Әжімолдаев пен жасөспірімнің заңды өкілінен мемлекет пайдасына сот шығындары мен жүргізілген сараптама үшін 690 мың теңге, Қырбалтабай ауылы тұрғыны Тынымхан Есіркеноваға келген зиянды өтеуге 503 мың теңге өндіріп алуды бұйырған. Бұған қоса Марат Әжімолдаевты марқұм Варвара Попованың туыстарына мүліктік зиян шектіргені үшін 150 мың теңге және моральдық өтемақы ретінде 2 миллион теңге төлеуге міндеттеген.
Бұл іс бойынша сотқа жәбірленуші тарап ретінде қатысқандар – марқұм Варвара Попованың ұлы А.Попов, Тынымхан Есіркенова және Бердібек Әкімхан сот үкіміне қанағаттанатындарын айтқан.
Сайлау Әжімолдаев тергеу орындары ұлының қылмыс жасауға қатысы барына ешбір дәлел келтірмегенін айтады.
«Қылмыс құралы, ұрланған зат дейтіндей еш айғақ ұсына алмады. Ал ондай дәлел болмаса адамды қалай айыпты деуге болады? Керісінше, сот-медициналық сарапшылар мен криминалист мамандардың зерттеу қорытындылары баламның қылмысқа қатысы жоғын дәлелдейді, бірақ Мараттың кінәлі екеніне күмән туғызатын нәрселерді сот қаперге алмады», – дейді ол.
Тергеу материалдарында Марат Әжімолдаев Попованы қорғасын кастетпен екі рет – арқасынан және шүйдесінен ұрған деп көрсетілген. Әділет министрлігінің сот-медицинасы орталығының №10-06-249 сараптама қорытындысында мәйіттің «бас терісінің шаш өсетін желке тұсында көлденең, қиғаш түскен үш жарақат бар, танауы мен маңдайының сол жағы сырылған. Жара орындарынан қорғасын бөлшектері табылмады» деген анықтама берген. Марқұм әйелдің арқасына соққы ізі түспеген.
Попованың қазасына қатысты сот-медициналық орталығы Алматы филиалының №416 сот-биологиялық сараптамасында Марат Әжімолдаев пен куәгер жасөспірімнің тексеруге алынған киімдері мен аяқ киімдерінен қан ізі табылмағаны айтылған. Сол сияқты, Варвара Попованың үйінен табылған саусақ іздері арасында Марат Әжімолдаевтың саусақ іздері кездеспеген.
Сайлау Әжімолдаев ұлын айыпты деп таныған сот шешіміне негіз болған жасөспірімнің тергеу кезіндегі, соттағы берген куәліктері күмәнді көрінгенін айтады.
«Ол кей эпизодқа қатысты куәлік бергенде алдыңғы айтқанынан жаңылысып, мүлде басқаша сөйлеген. Бірақ қылмысқа жалғыз куәгер саналған адамның сөзіндегі осындай маңызды алшақтықтар сот тергеуі кезінде ескерілген жоқ», – дейді Сайлау Әжімолдаев.
Мәселен, тергеу кезінде куәгер М. Әжімолдаевтың Попованы арқа тұсына кастетпен бір рет ұрып құлатқан соң оны басқа бөлмеге сүйреп апарғандарын айтса, сотта «алдымен арқасынан ұрды, құламаған соң басынан қайта ұрды» деген. Бірде ол «Попова соққы алып құлаған сәтте жан тапсырды» десе, енді бірде «ол құлағаннан кейін сыбырлап жатты» деп куәлік берген.
Сайлау Әжімолдаев жасөспірімнің анасы ұлының осыдан бірнеше жыл бұрын арнайы дәрігерлік есепте тұрғаны жайлы айтқандықтан сот оның сөйлеу мәнеріне қатысты жас ерекшелігі психологиясы бойынша маманның қатысуымен арнайы сараптама тағайындауы тиіс еді деп санайды.
Сонымен қатар, Сайлау Әжімолдаевтың айтуынша, Варвара Попованы алғаш көрген куәгерлердің оның есігі іштен жабық болғанын, аяғы байлаулы болмаған, дәліздегі киім ілгіш құлап, үстін киімдер жауып қалғанын айтқан.
Яғни, біраз жасқа келіп қалған зейнеткердің денсаулығына байланысты қаза тауып, азаптау ісі бойынша тіс қайрап жүрген полиция қызметкерлері ұлына жала жапты деген болжам жасайды.
Жоғарғы сотқа дейін жетіп, әділеттілік таппаған әке енді не істеу керегін, қалай әділеттілікке қол жеткізерін білмейді.