Қазақстанның екі қаласы – Шымкент пен Ақтауда «Құқық үстемдігі, құқық қорғаушылар мен белсенділердің құқықтарын қорғау» тақырыбында тренингтер ұйымдастырылды. Бағдарламаға қырыққа жуық азаматтық қоғам өкілі қатысты.
Азаматтық белсенділік кеңістігі тарылып, қоғамдық пікірдің басым бөлігі интернетке ауысқан қазіргі кезеңде «айтқан сөзің үшін жауапқа тартылмаудың жолдары» азаматтық қоғам үшін аса өзекті мәселеге айналды. Бұған Қазақстандағы журналистер мен блогерлерге қатысты қозғалған ондаған әкімшілік және қылмыстық істер дәлел бола алады.
Осыған байланысты екі қалада өткен тренингтердің ортақ тақырыптары ретінде «Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс аясында өз құқықтарыңызды қорғау», «Интернет кеңістігіндегі қауіпсіз белсенділік: заң талаптарын сақтай отырып қоғамдық қызмет жүргізу» және «Ақпараттық кеңістіктегі құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік» мәселелері қамтылды. Қатысушыларға теориялық және тәжірибелік сабақтарды, сондай-ақ практикалық тапсырмаларды құқық қорғаушы, заңгер және азаматтық әрі саяси құқықтар жөніндегі сарапшы Маржан Аспандиярова ұсынды.

Шымкент қаласындағы тренинг барысында Адам құқықтары жөніндегі бюро филиалының директоры Әділ Сейтқазиев бүгінде ерекше өзектілікке ие болған бейбіт жиналыстар өткізу еркіндігі мәселесін көтерді. Ол бейбіт жиын өткізу туралы хабарлама беру рәсімінен бастап, әкімдік тарапынан берілген бас тарту шешімдеріне шағымдану тетіктеріне дейінгі құқықтық мәселелерді жан-жақты түсіндірді. Қазіргі уақытта келісілген хабарламалар санының өте аз болуы бұл мәселенің өзектілігін айқын көрсетеді.
Ал Ақтауда өткен тренингте еңбек құқықтары және адам саудасына қарсы іс-қимыл саласының сарапшысы, Адам құқықтары жөніндегі бюроның Маңғыстау облыстық филиалының директоры Александр Муха еңбек заңнамасының негізгі талаптарын, еңбек құқықтарын қорғау тетіктерін және ереуіл өткізу құқығына қатысты құқықтық нормаларды талқылады. Маңғыстау өңірінде еңбек дауларының жиі орын алуы бұл тақырыптың маңызын арттыра түседі.
Тренингке қатысушылар мұндай оқыту іс-шараларының қажеттілігін атап өтті. Әсіресе, мемлекеттік тілде өткізілетін құқық қорғау бағытындағы оқыту бағдарламалары бұл өңірлерде сирек ұйымдастырылатынын ескере отырып, олардың маңыздылығы жоғары екені айтылды.
Қазіргі уақытта Қазақстанның өзге өңірлерінен де осындай тренингтер ұйымдастыру жөнінде өтініштер түсіп жатыр.
Аталған көшпелі оқыту бағдарламасы «Құқықтық қорғау құралдары арқылы адам құқықтарын ілгерілету» жобасы аясында ұйымдастырылды. Жобаға National Endowment for Democracy (NED) қоры қолдау көрсетті. Бұл қор Қазақстандағы азаматтық қоғам мен адам құқықтарын қорғау бастамаларын қолдауды жалғастырып келеді.