• Басты
  • >
  • Билік органдары соттан қаңтаршылардан 15 миллиард теңге өндіруді сұрады

Билік органдары соттан қаңтаршылардан 15 миллиард теңге өндіруді сұрады

18.04.2023

Алматыда Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған 25 адамның соты жалғасуда. Бүгін, 17 сәуірде өткен сот отырысында бастапқыда жарыссөз болады делінген. Бірақ прокурор соттан жәбірленушілердің талап-тілектерін тыңдауды және оларға келтірілген шығынға байланысты қоятын сұрақтары барын айтып, жарыссөзді кейінге қалдыруды сұрады. Судья Мәукеев өтінішті қанағаттандырды. 

Процесс түске дейін ғана болды. Онда іс бойынша жәбірленуші деп танылған мемлекеттік орган өкілдері прокурордың сұрағына жауап беріп, айыпталушылар өтеуі тиіс шығындарды атады. Ол шығындар 51 мың теңгеден басталып, 12 миллиард теңгемен аяқталады. Ең көп сомманы Мемлекеттік активтер басқармасы (12 миллиард  теңге) мен Полиция департаменті (2 миллиард 288 миллион теңге) атады. Олар Қаңтар оқиғасы кезінде өздеріне осыншама шығын келгенін айтты. 

«Бұл сомманың барлығын күдікті деп танылған 25 адамнан өндіргілеріңіз келе ме?» деген адвокаттардың сұрағына олар мардымды жауап бермеді. Жәбірленуші тарап өкілдері өндіріп алғысы келетін соммаларды атағанда сотқа қатысып отырған кейбір адамдар «бұл ақшаны төлегенше сотталып келген оңай ғой» деп жатты. 

Күдікті Ғалымбек Бисаевтың адвокаты Жалғас Сапарханова келтірілген шығындарға байланысты жасалған сараптама негізсіз дейді. Оның сөзінше, бір ғимараттың ішінде отырған басқарма өкілдері нысанға келтірілген залалдың шығындарын жеке-жеке көрсеткен. 

– Келтірілген залалдарға байланысты жасалған сараптама қорытындысы бар. Мысалы, қала әкімдігінің ғимаратының шығындары көрсетілген. Бұған қоса, сол ғимараттың ішінде орналасқан кейбір мекемелер мүліктерінен басқа, ғимаратқа келтірілген шығындарды жеке-жеке көрсетіп отыр. Бұл орынсыз. Себебі барлығы бір ғимараттың ішінде отыр, – деді Сапарханова.

Оның сөзінше, іс бойынша күдікті деп танылған 25 сотталушыға жәбірленушілердің қойылып отырған миллиардтаған қаржылық шығынды өтеу туралы талап-тілегі заңсыз. 

– Қалалық басқармалардың, жәбірленушілердің миллиондаған, миллиардтаған шығындар туралы талап-тілегі негізсіз, заңсыз, орынсыз деп білемін. Бұл 25 қатысушыға қойылып отырған әділетсіз талап. Себебі Қаңтар оқиғасы бойынша бұл істен басқа да істер бар. Сол істерде де осы жәбірленушілер осы шығындарды көрсетіп отыр. Сотталушылардан қайтарылған мүліктер қазір сақтау қоймасында тұр. Сот біткен соң ол жәбірленушілерге қайтарылады. Алайда Полиция департаменті бұл мүліктерді қайтарып алғысы келмей отыр. Олар оны жаңадан алғысы келеді. Егер мүліктер жарамсыз болса арнайы сараптама жасалуы қажет. Бірақ ондай сараптама әлі жасалған жоқ, – дейді ол. 

Жалғас Сапарханова күдікті 25 адам өтелуі тиіс миллиардтаған шығынды төлей алмайды деп есептейді. Ол егер оларда бұндай қаржы болса Қаңтарда ол адамдар алаңға әлеуметтік талаптар қойып шықпас та еді дейді.

Қаңтарда алаңға шығып, ұсталып, азапталған Ғалымбек Бисаев жәбірленушілердің миллиардтаған шығынды өтеу талабымен келіспейді. Ол бұл шығындарды 25 сотталушы қосылып өмір бойы жұмыс істесе де төлей алмайды дейді. 

– Біз Қаңтарда алаңға шыққанда бізге жұмыс беріп, бала-шағамызды асырауға мүмкіндік берсе екен дедік. Алайда олар бізді қарумен күтіп алып, ұрып, соғып, азаптап, енді мойнымызға миллиардтаған шығынды іліп отыр. 25 адамның барлығы қосылып, өмір бойы жұмыс істесе де оны төлей алмайды. Мен Қаңтарда ешқандай ғимаратқа кірген жоқпын, өртеген жоқпын. Ол жерде «қойыңдар, шақпаңдар» дедім. Видео да бар. Мені айыптау бекер, – деді ол. 

Іс бойынша 25 адам күдікті деп танылған. Оның бірі – Қаңтарда оққа ұшып қаза тапқан Думан Қанатбек. 


Сондай-ақ қараңыз