АҚмЗСЖҚХБ – Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстан халықаралық бюросы
  • Басты
  • >
  • Құқық қорғаушы наразылық акциясына шықты

Құқық қорғаушы наразылық акциясына шықты

23.02.2021

Алматыда құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев жалғыз адамдық пикет өткізді.

«Халықаралық құқықтық бастама» қорының жетекшісі Амангелді Шорманбаев Алматы қалалық әділет департаменті ғимаратының алдында рұқсат етілген жалғыз адамдық пикетке шықты. Ол сенатта қаралып жатқан «Адвокат қызметі және заңгерлік көмек» туралы заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды алып тастауды талап етті. Шорманбаевтың сөзінше, заңгерлер мен адвокаттардың қызметін реттеуге бағытталған түзетулер оларды мемлекетке бағынышты етеді.

«Заң жобасы бойынша жоғары құрылым – республикалық адвокаттар алқасы мен заң жөнінде кеңесшілердің республикалық палатасы құрылады. Біздің ойымызша, бұл құрылымдар төмендегі адвокаттық кеңселер мен адвокаттар және заңгерлер палатасын тәуелсіздіктен толық айыруды көздейді. Олар нені ұсынады? «Адвокат және заң қызметін жетілдіреміз» деген желеумен түрлі жарна енгізіп, қандай да бір ақпарат жүйелерін, деректер қорын тықпалап жатыр, оны пайдаланып, сол үшін ақша төлеу де міндетті болады», – деді құқық қорғаушы.

Шорманбаев сөзінше, билік 30 жылдан бері тәуелсіз салаларды мемлекеттендіру процесі жүруде. Енді ол тәуелсіз адвокаттар саласына да келген.

«Мемлекет әділет саласын мемлекеттендірмек. Ұзақ уақыт бойы заңгерлер мен адвокат тәуелсіз болып келді. Көптеген адамдар заңгерлер тәуелсіз болғанның арқасында көмек алды. Әділет министрлігі бірнеше жылдан бері «заңгерлер мен адвокаттардың жұмысын реттеуді» желеу етіп, тәуелсіз адвокаттықтың көзін жоюда. Заңгерлерді мемлекетке бағынышты етумен айналысуда… Қандай да бір тәуелсіз саланы мемлекеттендіру процесі тәуелсіздік алған 30 жыл бойы жалғасып келеді», – деді Шорманбаев.

Бұдан бөлек, Амангелді Шорманбаев заңгерлердің заң жобасын кері қайтару үшін күш салатынын айтып, президент пен парламент сенатына, БҰҰ-ның құқық қорғаушыларды қорғау, заңгерлерді қорғау және т.б арнайы үндеу жолдайтындарын мәлімдеді.