• Басты
  • >
  • Суретші Ахмедияров Қаңтарға арналған көрмеде үтік және сүйекпен перформанс қойды

Суретші Ахмедияров Қаңтарға арналған көрмеде үтік және сүйекпен перформанс қойды

02.05.2024

1 мамырда Алматыда 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына арналған суретші Асхат Ахмедияровтың “JAD” көрмесі өтті. Көрме Ахмедияровтың перформансынан басталды. Суретші ғимаратқа сүйектер байланған арқанды арқалап, жер бауырлап келді. Ол мұны 30 жылда елде ақиқаты ашылмаған қанды оқиғалардың көрінісі деп түсіндірді. Оның сөзінше, қоғам сол қасіретті әлі арқалап келеді.

Көрмеде Қаңтар оқиғасына қатысты 11 композиция қойылған. Оның ішінде қаралы оқиға кезінде түсірілген фотолар, үтік, полиция таяғы, медицина қызметкерінің киімі бар.

Көрме залында Асхат Ахмедияров үтікпен тағы бір перформанс қойды. Ол үтікті матаға басқанда полиция суреті бейнеленеді. Суретші Қаңтар оқиғасы кезінде болған азаптауларды осы перформансы арқылы бейнелеген.

Қара матамен бөлінген көрме залының екінші бөлмесі Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқандарға арналған. Мұнда екі қабырғаға Қаңтарда қаза тапқан 175 марқұмның фотосы ілінген. Жерде 63 бос рамка қойылған. Ұйымдастырушылар қабырғаға ілінген 175 адамның аты-жөнін анықтап, құжаттаған. Қалған 63 адамның деректері толық зерттелмеген.

Көрмені “Ар. Рух. Хақ” құқық қорғау ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина ұйымдастырған.

– Осы уақытқа дейін Қаңтар оқиғасына байланысты түрлі іс-шаралар, баспасөз мәслихаты, әртүрлі халықаралық ұйым жиындарында баяндамалар жасалып, кітаптар шығарылды, парламент депутаттары мен президентке үндеулер жасалды. Бұл енді Қаңтар оқиғасына заманауи өнер арқылы биліктің назарын аударту, – дейді ол.

101Dump галереясында өтіп жатқан бұл көрме 10 мамырға дейін жалғасады.

2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде ресми дерек бойынша 238 адам қаза тапқан. Құқық қорғаушылар Қаңтар оқиғасынан соң ұсталған адамдардың біразы қамауда азапталғанын айтқан. Билік те қамауда азаптау фактілері болғанын мойындаған еді.