• Басты
  • >
  • Маңғыстаулық екі әйел ұлдарына шыққан сот үкімімен келіспей, Астанаға барды

Маңғыстаулық екі әйел ұлдарына шыққан сот үкімімен келіспей, Астанаға барды

09.04.2024

8 cәуірде Маңғыстау облысының Бейнеу ауданы тұрғындары Дәмира Мұханбетова мен Аман Дүйсенбаева мәжіліс депутаттарының қабылдау орынына келіп наразылық акциясын өткізді. Мойындарына “Маңғыстауда әділдік, заң жоқ! Баламызды жазықсыз соттады!”, “ҰҚК президентке бағынады, ал Тоқаев бізді ести ме? Әділдік керек!” деген плакат ілген екеуді полиция мен арнайы жасақ бақылап тұрды.

Наразылық білдіріп отырған екеудің балалары Ғалымжан Сматов пен Асылбек Мұсабаевты ҰҚК Маңғыстау облысы бойынша департаменті былтыр қыркүйекте қамауға алған. Бірін жұмыс орнынан, екіншісін үйінен ұстап алып кеткен. Олармен қоса тағы бір Бейнеу ауданы тумасы Ерлан Жұмаев та бар. Сотталған үшеу Ақтау мен Жаңаөзеннен Бейнеу маңындағы Өзбекстан шекарасындағы Тәжен бекетіне көлікпен адам тасып жүреді.

Оларға “қылмыстық топ құрып, Өзбекстан азаматтарынан ақша бопсалады” деген айып тағылған. 28 наурызда Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот 24 жастағы Ғалымжан Саматовты 10 жылға, 33 жастағы Асылбек Мұсабаевты 9 жылға, ал 31 жастағы Ерлан Жұмаевты 11 жылға соттаған. Тағылған айыппен сотталғандар да, олардың туыстары да келіспейді. Олар “Маңғыстау құқық қорғау органдары істі дұрыс тергемеді, сот әділетсіз шешім шығарды” деп санап істі басқа аймақта қайта тергеуді талап етеді. Сотталғандар мен жақындары сыбайлас жемқорлық агенттігіне, ұлттық қауіпсіздік комитетіне, бас прокуратураға, адам құқықтары жөніндегі уәкілге арызданған. Бірнеше мәжіліс депутатына арыз түсіріп, іске назар аударуды өтінген.

– Менің балам ешқашан сотты болмаған. Мұнай компаниясында күзетші болып, 70 мың теңге жалақы алады. Мойнында үйге қажетті заттар алған бірнеше несиесі бар. Шаңырағымның иесі. Мені бағып отырған бала. Оны отырғызғалы үйімнің газы да, тоғы да төленбей ажырап жатыр. Мен не істерімді білмеймін. Жасым сексенге келді. Енді оны көрем бе, жоқ па, – дейді Ғалымжан Саматовтың анасы Аман Дүйсенбаева.

Саматовтың қоғамдық қорғаушысы болған туысы Маусымжан Саматова істің жүргізілу барысымен келіспейді. Ол жәбірленуші деп танылған өзбекстандықтар Зарипбай Бегжанов пен Шерзод Утегенов айыпталушылармен беттесу жасалмағанын айтады.

“Сот психологиялық-филологиялық сараптамасына бауырымның аудиоларының толық нұсқасын бермей тек айыптауға қажетті жерін берген” дейді Саматова. Ол “бұған судья мен прокурор назар аудармады” деп отыр.

Дәмира Мұханбетова баласы Асылбек Мұсабаевтың мүгедектігі бар екенін, қазір абақтыда денсаулығы нашарлағанын айтады.

Түс қайта бас прокуртаураға бармақ болған екі әжейдің мойындарына ілген плакаттарын полицейлер алып алмақшы болған әрекеттерінен Мұханбетованың қан қысымы көтеріліп, жедел жәрдем келді. Өзін Есіл аудандық әкімдігінің қызметкерімін деп таныстырған адам егер мойнындағы плакаттарын шешпесе заңсыз митинг үшін жауапқа тартылуы мүмкін екенін ескертті.

– Біздің баламыздың ісін қайта қарасын. Маңғыстау соты мен прокуратурасына, ҰҚК Маңғыстаудағы департаментіне сенбейміз. Олар бір-бірін қолдайды. Сондықтан істі басқа облыста қайта тергесін, – дейді олар.

Талабымыз орындалмай кетпейсіз деген екі зейнеткер 9 сәуірде бас прокурутару мен ҰҚК-ға баратындарын айтады.