• Басты
  • >
  • Астанада бірнеше белсенді жоспарланған митинг алдында қамалды

Астанада бірнеше белсенді жоспарланған митинг алдында қамалды

20.03.2024

Activists Not Extremists («Активистер экстремист емес») бақылау тобының хабарлауынша, Астанада бірнеше белсенді қамауға алынған.

Наурыздың басында 15 күнге қамалған белсенді Айдар Сыздықовтың жазасына 16 наурызда тағы да 15 күн қосылған. Сот Сыздықов 2023 жылы 11 қазанда әділет министрлігіне барып, қамауда отырған белсенді Марат Жыланбаевты босатуды талап еткені үшін «заңсыз митинг өткізді» деп айыпталған. Сол күні «Алға, Қазақстан»бастамашыл тобы министрлікке партия болып тіркелу үшін құжат тапсырған еді.

Бұған қоса, «Алға, Қазақстанның» екі белсендісі Қанатқан Әмренов пен Әсет Кенжибеков те әділет министрлігіне барып, Жыланбаевты босатуды талап еткен үшін «бейбіт митинг заңын бұзды» деп 20 күнге қамалды.

Астаналық тағы бір белсенді Марат Мұсабаев 24 қаңтарда Астананың әскери сотының жанында «оң қолының ортан терегін көрсетті» (кімге екені белгісіз) деп «ұсақ бұзақылық» бабымен 5 күнге қамалды.

Бақылау тобы бұл қамауларды 21-22 наурызға шақырылған митинг алдындағы қудалау деп санайды. Шетелде тұратын оппозиционер Мұхтар Әблязов жұртты 21-22 наурыз Ұлыстың ұлы күні адам көп жиналатын жерге «шар ұстап келуге» шақырған.

  • Қазақстанда оппозиция жариялаған митингілер алдында билікты сынап жүрген белсенділерді ұстау, қамау, полицияға шақыру әдеткі жағдайға айналып кеткен. Мәселен, былтыр қазанда Астана мен Қостанайда, биыл қаңтарда Алматыда ондаған белсенді жоспарланған митинг алдында ұсталған. Белсенділердің көбін «бейбіт митинг өткізу» заңын бұзды деп 15-20 күнге қамаған.
  • Қазақстанда жұрт қандай да бір бейбіт шара өткізем десе жергілікті биліктен көтерілетін тақырыпты айтып, арнайы рұқсат алуы тиіс. Әкімдік рұқсат етілмеген митингілер «заңсыз шара» деп танылып, қатысушылары жауапқа тартылады.