• Басты
  • >
  • Белсенді Руслан Нұраханов 15 тәулікке қамалды

Белсенді Руслан Нұраханов 15 тәулікке қамалды

29.04.2024

Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында тұратын белсенді Руслан Нұрханов “әлеуметтік желіде заңсыз митингіге шығуға үндегені” үшін 15 тәулікке қамалды. Оны қамау жөніндегі шешімді Ұлан аудандық соты 26 сәуірде шығарған. Руслан Нұрханов сотта кінәсін мойындамайтынын айтқан.

“Руслан Нұрхановтың тұрғылықты халықты заңсыз митингіге шығуға шақырғаны түсініктеме, баянхат және бейнежазбамен толық расталады” деп жазылған сот қаулысында. Сонымен бірге ол “рұқсат етілмеген” митингіге шақыру әрекетін бір жыл ішінде екі рет қайталаған делінеді.

Руслан Нұрхановты 26 сәуірде полиция үйінен алып кеткен. Ол Facebook желісінде тікелей эфирге шығып, полиция шақыртуын “саяси қудалау” деп есептейтінін мәлімдеген. Сотта да өзін кінәлі деп есептемейтінін айтқан.

Тіркелмеген “Қазақстанның демократиялық таңдауы” (ҚДТ) қозғалысының жетекшісі, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов қазақстандықтарды митингіге шығуға жиі үндейді.

Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын “экстремистік” деп танып, ел аумағында қызмет етуіне тыйым салған. Еуропарламент ҚДТ-ны “бейбіт оппозициялық қозғалыс” деп таныған.

Фото: Азаттық радиосы