• Басты
  • >
  • Президент резиденциясы мен әкімдікке «шабуыл» ісі: прокурор 10 жылдан 12 жылға дейін жаза сұрады 

Президент резиденциясы мен әкімдікке «шабуыл» ісі: прокурор 10 жылдан 12 жылға дейін жаза сұрады 

15.04.2024

12 сәуірде Алматы қаласының Наурызбай аудандық сотында Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда «жаппай тәртіпсіздікке қатысты», «билік өкіліне күш көрсетті» және «ғимаратқа шабуыл жасады» деп айыпталған 11 адамның сотында жарыссөз басталды. 

Сот процесінде прокурор Рахат Естебек соттан айыпталушылардың барлығын кінәлі деп танып, 10 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Прокурордың сөзінше, тергеу барысында 11 адамның 9-ы тағылған айыпты ішінара мойындаған. Қалған екеуі – Нұртас Қаранеев пен Серік Кекілбаев мойындамаған. 

Прокурор соттан Тұрсынбай Алпысбаев, Нұртас Қаранеев, Рысбек Мамыров, Қосай Маханбаев, Таубай Әбидолла, Арман Әлімбеков, Нұрсұлтан Байгисиев, Дәурен Бакиев, Серікбол Орынғазыны – әр қайсысын 10 жылға, Серік Кекілбаевты – 11 жылға, Ақжол Жандарбековті – 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Айыпталушы 11 адамның бірі – Ақжол Жандарбеков тергеу изоляторында қамауда отыр. Қосай Маханбаев үйқамақта, қалған 9 адам бостандықта жүр. 

Сот жарыссөзінде адвокат Жалғас Сапарханова қорғауындағы Рысбек Мамыров, Арман Әлімбеков және Тұрсынбай Алпысбаевқа тағылған қайта қарап, ҚК 272-бабының 2-бөлігіне саралауды сұрады. 

Ақжол Жандарбеков сот жарыссөзінде Қаңтар кезінде азапталғанын айтты. Оның сөзінше, бұл істе ол жөнінде мүлде айтылмаған. 

Адвокат Шынқуат Байжанов Жандарбековтің ісін 272-баптың 2-бөлігімен саралауды өтінді. Ол қалған баптармен тағылған айып дәлелін таппады деп, оны рақымшылық заңын пайдаланып, шартты жазаға кесуді сұрады.

Серік Кекілбаевтың адвокаты Роза Өміртай сотқа дейінгі тергеу кезінде қателіктер болды дейді. Оның сөзінше, тергеушілер айыптауға қайшы келетін куәлердің куәлігін іске қоспаған. Осы арқылы істі бір жақты жүргізген.

Ал іс бойынша айыпталушы Нұртас Қаранеев бастапқыда тергеу кезінде өзіне ҚК 272-бабының 2-бөлігі бойынша айып тағылғанын, кейіннен азаптау туралы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне арызданған соң, тергеу тарапы 269-баптың 3-бөлігі бойынша айып таққанын айтты. Бірақ азаптау ісі «дәлел жеткіліксіз» деген себеппен тоқтатылған.

– Мен өзіме тағылған айыпты мойындамаймын. Себебі мен Қаңтар оқиғасы кезінде ешқандай заңбұзушылық жасаған жоқпын. Бейбіт митингке қатысқым келді. Сол себепті ол жерге [президент резиденциясы алдына] бардым. Тергеу обьективті қаралған жоқ, – деді ол. 

Нұртас Қаранеевке Қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиіп, жамбасынан жарақат алған. Оны полиция ауруханада жатқан жерінен тергеу изоляторына алып кеткен.

  • Серік Кекілбаев – ҚК 272-бабының 2-бөлігі, 269-бабының 3-бөлігі, 380-бабының 3-бөлігі бойынша айып тағылған. 
  • Тұрсынбай Алпысбаев – ҚК 272-бабының 2-бөлігі, 269-бабының 3-бөлігі, 380-бабының 3-бөлігі бойынша айып тағылған.
  • Ақжол Жандарбеков – ҚК 272-бабының 2-бөлігі, 269-бабының 3-бөлігі, 380-бабының 3-бөлігі, 261-бабының 3-бөлігі бойынша айып тағылған.
  • Нұртас Қаранеев – ҚК 272-бабының 2-бөлігі, 269-бабының 3-бөлігі бойынша айып тағылған. 
  • Рысбек Мамыров – ҚК 272-бабының 2-бөлігі, 269-бабының 3-бөлігі бойынша айып тағылған. 
  • Қосай Маханбаев – ҚК ҚК 272-бабының 2-бөлігі, 269-бабының 3-бөлігі бойынша айып тағылған. 
  • Әбидолла Таубай – ҚК 272-бабының 2-бөлігі, 269-бабының 3-бөлігі бойынша айып тағылған.
  • Арман Әлімбеков – ҚК 272-бабының 2-бөлігі, 269-бабының 3-бөлігі бойынша айып тағылған.
  • Нұрсұлтан Байгисиев – ҚК 272-бабының 1 және 2-бөлігі, 269-бабының 3-бөлігі, бойынша айып тағылған. 
  • Дәурен Бакиев – ҚК 272-бабының 2-бөлігі, 269-бабының 3-бөлігі бойынша айып тағылған.
  • Cерікбол Орынғазы – ҚК 272-бабының 2-бөлігі, 269-бабының 3-бөлігі бойынша айып тағылған.

Сот процесі былтыр қыркүйек айында басталған. Істі судья Ерлан Болатов қарауда.