• Басты
  • >
  • «Дәретханаға бейне камера қойған»: Мұхаммедкәрім мен Тілеужанның адвокаттары қысым жасалып жатқанын айтты

«Дәретханаға бейне камера қойған»: Мұхаммедкәрім мен Тілеужанның адвокаттары қысым жасалып жатқанын айтты

22.04.2024

Алматыда қамауда аштық ұстап жатқан журналистер Думан Мұхаммедкәрім мен Әйгерім Тілеужанның туыстары мен адвокаттары баспасөз мәслихатын өткізді. Олар биліктен Мұхаммедкәрім мен Тілеужанға қысымды тоқтатуды талап етті. 

Адвокат Ғалым Нұрпейісовтің сөзінше, қазір Думан Мұхаммедкәрімнің үстінен “экстремизмді қаржыландыру, тыйым салынған ұйымның ісіне араласу” баптары бойынша айып тағылған қылмыстық іс уақытша тоқтап тұр. Оған «азаптау» жөнінде түсірген шағымынан кейін қозғалған өзге іс себеп. Мұхаммедкәрім ақпан айында Талдықорғаннан Қонаев қаласындағы сот залына жеткізілгенде полиция суық машинаға отырғызды, дөрекілік көрсетті деген жәні оны азаптау деп атаған. Қазір бұл іс бойынша сот-психиатриялық сараптама тағайындалған. Думан Мұхаммедкәрім істің баяу жүріп жатқанына қарсылық білдіріп, он күн бұрын аштық жариялаған.

– Азаптау істерінде басты мәселе – дәлелдеу. Біз бұл жөнінде жиі дауласамыз. Құқық қорғау органдары, ның ішінде прокурорлар «азаптау болғанын дәлелдеңдер» дейді. Не себепті біз оны дәлелдеуіміз керек? Мен бұл жерде «сіздер біздің арызымызды жоққа шығарыңыздар» деп айтамын. Олар оны жоққа шығара алмайды. Себебі бұл жерде Думан айтқан жағдайлардың барлығы шын мәнінде болған. Олар оны жоққа шығара алмайды, – дейді Ғалым Нұрпейісов. 

Алматы облысы Жауғашты елдімекеніндегі әйелдер колониясындағы журналист Әйгерім Тілеужан да 13 күннен бері аштық жариялап отыр. Ол қазір тәртіптік изоляторда. Түрме әкімшілігі адвокатқа оны «аштық жариялағандарға арналған жеке орын жоқ» деп түсіндірген. Бірақ журналист мекеме тәртібін бұзбаған. Ол қамауда ұстау режиміне қарсылық білдіріп аштық жариялаған.

– Қарапайым дүниелер туралы айтқым келеді. Тіпті бейне бақылау камераларының өзі дәл дәретхана үстіне орнатылған. Біз бұны азаптау деп есептейміз. Ол шыдауға немесе сыртқа шығаруға сұрануға мәжбүр. Бұл қарапайым дүниелер. Ол жөнінде тіпті айтқың да келмейді, – дейді Айнара Айдарханова. 

Азаттыққа Думан Мұхаммедкәрім қамауда отырған мекеме әкімшілігі журналистің денсаулығы жақсы екенін, ешқандай шағымы жоғын айтты. Ал Әйгерім Тілеужан қамауда отырған колония әкімшілігі пікір беруден бас тартты. Журналист, белсенді Әйгерім Тілеужан «Қаңтар оқиғасында Алматы әуежайындағы жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды» деген айыппен былтыр шілдеде 4 жылға сотталған. Ол істі «саяси тапсырыс» деп атап, айыпты мойындамаған. Журналист Думан Мұхаммедкәрім де сондай ұстанымда. Оған қарсы қылмыстық іс 2022 жылдың желтоқсан айында шетелдегі оппозиционер, қуғындағы банкир Мұхтар Әблязовтан алған сұхбатынан соң қозғалған.