• Басты
  • >
  • Қоғам белсенділері қамаудағы Әйгерім Тілеужанды қудалауды тоқтатуды талап етті

Қоғам белсенділері қамаудағы Әйгерім Тілеужанды қудалауды тоқтатуды талап етті

14.03.2024

14 наурызда түрмедегі белсенді Әйгерім Тілеужанды қолдап адвокаты мен қоғам белсенділері баспасөз жиынын өткізді. Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының президенті Зауреш Батталова мен азаматтық белсенді Әлнұр Ілияшев түрмедегі белсендіге қысымды тоқтатуды талап етті. 

6 наурызда адвокаты Айнара Айдарханова түрмеде жанжал болғанын, соған байланысты Әйгерім Тілеужанның үстінен «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру» (107-бап) бабы бойынша іс қозғалғанын хабарлаған. 

Бүгін, 14 наурызда адвокаты Әйгерім Тілеужанның үстінен арыз жазған адам экспертизадан өтуден бас тартқанын айтты. Қылмыстық іс қозғауға жедел жәрдем қызметкерінің анықтамасы себеп болған. Анықтамада жәбірленушінің «саусағы сынғаны» жазылған. Ал Тілеужан адвокатқа түрме камерасында сөзге келіп қалғанын, ешкімге қол көтермегенін айтқан. 

Баспасөз жиынына қатысқан Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының президенті Зәуреш Батталова мұны саяси тапсырыс деп санайды. Ол депутаттарды, адам құқығын қорғау ұйымдарын белсендінің жағдайына назар аударуға шақырды. 

Белсенді Әлнұр Ілияшев та Әйгерім Тілеужанға қысым жасалып жатыр деп есептейді. Ол белсендіге байланысты ашылған іс әдейі ұйымдастырылған деп есептейді. 

Адвокат Айнара Айдарханованың айтуынша, бұл іс Тілеужанның негізгі ісі бойынша Жоғарғы сотқа шағымданған кезінде кедергі болады.

– Оның үстінен арызданған адам Жауғашты түрмесіне арыз жазып үлгерместен қылмыстық іс қозғалып, белсенді түрде тергеу басталып кеткен. Олардың мұндай жылдамдығы бізді таңғалдырды. Мұны Әйгерімнің жазасын өтеу мерзімін ұзарту мақсатында әдейі жасалған деп ойлаймыз. Бұл оның негізгі ісі бойынша кассациялық арызды қарауға кедергі келтіреді, – деді адвокат баспасөз жиынында. 

Белсенді, журналист, аудармашы Әйгерім Тілеужан былтыр 2022 жылғы Қанды Қаңтар кезінде «Алматы әуежайын басып алмақ болды» деп айыпталып, 4 жылға сотталған. Ол өзіне тағылған айыппен келіспей, бұны саяси тапсырыс деп бағалаған.