• Басты
  • >
  • «Судьялар үкімді оқыды да, қашып кетті»: Тараздағы апелляциялық сот қаңтаршы «аруақтардың» біреуін ғана ақтады

«Судьялар үкімді оқыды да, қашып кетті»: Тараздағы апелляциялық сот қаңтаршы «аруақтардың» біреуін ғана ақтады

08.08.2023

Жамбыл облыстық апелляциялық сот алқасы қаңтаршы бес «аруақтың» біреуін ақтап, төртеуінің үкімін өзгеріссіз қалдырды. 

8 тамызда Жамбыл облыстық апелляциялық сот алқасы (судьялар – Нұрмұхаммат Абидов, Мейірхан Атимбеков және Рашид Досымқұлов) қаңтаршы бес «аруаққа» үкім оқыды. Сот алқасы Қанды Қаңтарда оққа ұшқан бес марқұмның бірі 18 жастағы Нұрсұлтан Қуатбаевты ғана ақтады. Қалған «аруақтардың» үкімін өзгеріссіз қалдырды. 

Марқұм Ержан Байжановтың анасы Нигора Закаряеваның сөзінше, сот N67 мекемеде (СИ-13 түрмесінде) өткен және сотталушылардың жақындары мен қоғамдық қорғаушыларын процеске кешіктіріп кіргізген. Олар залға кіргенде үкімнің жартысынан көбі оқылып қойған. 

– Сот 18 жастағы Нұрсұлтан Қуатбаевты ғана ақтады. Қалғандарының үкімін өзгеріссіз қалдырды. Сот үкімді өз орнында емес, СИ-13 түрмесінде оқыды. Біздің судьялар аруақтардан қорқады. Журналистерден қорқады. Өздерінің оқып жатқан заңсыз үкімдері елге жария болып кетпес үшін осылай жабық жағдайда сот өткізді. Тіпті, қайтыс болған балалардың ата-анасын кіргізбеді. Біз айқайдың күшімен әрең кірдік. Залға кіргенімізде сот үкімінің жартысын оқып тастаған екен. Сот алқасы бізге сөз де берген жоқ. Судьялар үкімді оқыды да, орындарынан тұрып қашып кетті, – деді Закаряева Masa Media тілшісіне. 

7 тамызда марқұмдардың туыстары процестің СИ-13 түмесінде өтуіне қарсылық білдіріп, сот алқасына өтініш хат жолдаған. Нигора Закаряеваның сөзінше, сот өтініш хатты қанағаттандырмаған.

Апелляциялық сот ақтаған Нұрсұлтан Қуатбаевтың әкесі Бақытжан Шыңғысбеков ұлын сот ақтаса да үкімге көңілі толмайтынын айтты. Ол ақтаса бөліп-жармай марқұмдардың барлығын ақтасын дейді. 

– Сот үкіміне көңілім толып тұрған жоқ. Қалған балаларды да ақтауы керек еді. Барлығы бір істе ғой. Мен бұнымен тоқтап қалмаймын. Алдағы уақытта да арызданамын. Өзге ата-аналармен біргемін. Астанаға, барлығына бірге барамын. Өлтірген адамдарды тапсын. Баламның аяқ-қолын кім сындырды? Барлық видеолары бар менде. Сол бойынша шағымданамын. Атып өлтірген адамның видеосы бар болатын. Оны кесіп, қысқартып тастады. Соны тауып берсін. Жай ғана ақтап бере салатын менің балам тірі емес қой. Енді қайтыс болған балаларды кім өлтірді соны тауып берсін, – деді Шыңғысбеков. 

Марқұмдардың ата-аналары алдағы күндері Жоғары сотқа шағымдану үшін Астанаға бармақ. 

7 ақпанда Тараз қалалық N2 сотының судьясы Бағдат Төребекұлы қаңтарда оққа ұшқан – Райс Рысбеков, Ержан Байжанов, Нұрсұлтан Қуатбаев, Тоқтар Ошақбай және Исатай Донбаевты кінәлі деп танып, қайтыс болуларына байланысты жазадан босатқан. Ел арасында бұл іс «аруақтар соты» деп аталып кеткен. Жалпы, Қазақстан бойынша Қаңтар оқиғасына қатысты 12 марқұм сотталған. 


Сондай-ақ қараңыз