• Басты
  • >
  • Тараздағы қаңтаршылардың апелляциялық соты: «Бұл сотқа да сенім арта алмаймын»

Тараздағы қаңтаршылардың апелляциялық соты: «Бұл сотқа да сенім арта алмаймын»

28.07.2023

Таразда Қаңтарда «ҰҚК подполковнигі Дастан Әділбайды өлтірді», «қару-жарақ ұрлады және сақтады» деп айыпталып, 16 жылға сотталған Ербол Жұманов пен өзге бес адамның апелляциялық соты жалғасуда. 27 шілдеде өткен сот отырысында адвокат Жалғас Сапарханова мен қамауда отырған төрт айыпталушы – Ербол Жұманов, Айбол Сағынтай, Жақсылық Абдуллаев, Нұрахан Махатов тыңдалды. 

28 шілдеде өткен сот отырысы N67 мекеме (СИ-13) ғимаратында өтті. Адвокат Жалғас Сапарханова сот алқасына бірнеше өтініш хат түсірді. Сот алқасы оны ішінара қанағаттандырды. Атап айтқанда, оқиға орнында болған екі әскериді сот залына шақырту, іске қатысты мемлекеттік сараптама жасаған үш сарапшыдан жауап алу, Ербол Жұмановқа тиесілі актив нөміріне детализация жасау өтінішін қанағаттандырып, іске қатысы бар видеоға сараптама жасау, оқиға орнында болған 18 әскериден жауап алу өтініш хатын қанағаттандырмады. 

Ербол Жұманов соттан 380-1-бабының 2 бөлігі 2-10-тармақтарын «Құқық қорғау органының қызметкері өміріне қол сұғушылық» алып тастауды сұрап, Қаңтар оқиғасы кезінде қару-жарақ алғанын мойындады. 

Бұдан бөлек, ол журналистерге апелляциялық соттың әділдігіне күмәнмен қарайтынын айтты. 

– Сот шешеді қалай болатынын. Бірақ бұл сотқа да сенім арта алмаймын. Өздеріңіз көргендей, прокурор да, сот та зерттеп, көмектескісі келіп тұрғанға ұқсамайды. Адам өліп жатқаннан кейін, зерттеп, қарауы керек қой. Не болатынын көреміз. Алда көреміз не болатынын,  деді Жұманов.

Ол бастапқыда абақтыда қысым жасалғанын, қазір ешқандай қысым жоғын айтты. Бұған дейін БАҚ-та оның қысымға шыдамай өз-өзіне қол жұмсағаны жөнінде ақпарат тараған. Masa Media тілшісінің «сол кездегі дене жарақатын көрсете аласыз ба?» деген сұрағына Ербол Жұманов: «Жоқ, қазір барлығы жақсы» деп қысқа қайырды. 

Айбол Сағынтай мен Жақсылық Абдуллаев Қаңтар оқиғасы кезінде алаңға шыққандарын мойындап, соттан өздеріне тағылған «жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру» бабын алып тастауды сұрады. Ал Нұрахан Махатов өзін толықтай ақтауды сұрады. 

Нұрахан Махатовтың адвокаты Құрмағанбетов айыпталушылар бірін-бірі танымайтынын, оқиға болған кезде әр жақта жүргендерін алға тартып, сот алқасынан Ербол Жұмановтың ісін өзге сотталушылардан бөлек қарауды сұрады. Басқа қорғаушылар мен сотталушылар оның бұл өтінішін қолдады. Прокурор Саяхат Бағдатұлы қарсылық білдірді. Судья Нұрмахаммат Абидов өтінішті қанағаттандырмады. 

Келесі сот отырысы 11 тамызда өтеді. Бұл іс бойынша 9 адам сотталған. 28 сәуірде судья Қадірбек Нұржан Ербол Жұмановты 16 жылға, Нұрахан Махатов пен Айбол Сағынтайды 6 жылға, Жақсылық Абдуллаевты 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесіп, Қанат Нұраханұлы, Ермахан Сайлауов, Дәурен Нұрәлиев, Досмұхаммед Садықов және Саламат Қосановты рақымшылық заңын пайдаланып, сот залынан босатқан. 


Сондай-ақ қараңыз