• Басты
  • >
  • Тараздағы «аруақтар» соты: «Тергеу барысында да, сотта да әділдік жоқ»

Тараздағы «аруақтар» соты: «Тергеу барысында да, сотта да әділдік жоқ»

27.06.2023

Таразда ел арасында «аруақтар соты» атанып кеткен Қаңтарда оққа ұшқан бес марқұмның апелляциялық соты өтті. 

27 маусымда Жамбыл облыстық сотында Қанды Қаңтар кезінде оққа ұшып, қаза тапқан Исатай Донбаев, Райс Рысбеков, Ержан Байжанов, Нұрсұлтан Қуатбаев және Тоқтар Ошақбайдың туыстарының шағымдануымен апелляциялық сот отырысы өтті. 

Сотта Исатай Донбаевтың сенімді өкілі Шолпан Донбаева, Райс Рысбектің анасы Индира Бекежанова, Тоқтар Ошақбайдың әкесі Мұхтар Ошақбайұлы тыңдалды. Барлығы төменгі инстанция сотының шешімін бұзып, балаларын толықтай ақтауды сұрады. 

– Ұлым Тоқтар Ошақпайдың аруағын БТР-ге тас лақтырды деп, жазықсыз соттап жатыр. Ұлымды бір рет емес, бірнеше рет атып өлтірген. Ол адамдар неге жазаға тартылмайды? Сонда адам өмірінен БТР артық болғаны ма? Факты бойынша адам өлімі бар. Бірақ Қылмыстық кодекстінің 99-бабымен (адам өлімі) іс қозғалмаған. Менің баламның БТР-ге тас лақтырған дейді. Бірақ оған ешқандай дәлел жоқ. «Арлан» деген арнайы жасақ жаралы, оқтан тығылған балаларды артынан қуып жүріп өлтірді. Біз оның видеосын көрдік. Сот Бағдат Төберекұлына келсек (марқұмдарды кінәлі деп таныған қалалық сот судьясы – ред). Сол видеоның барлығын көрген жоқпын деп, марқұм балаларды кінәлі деп үкім шығарды. Сот мырзалар, сіздерге айтарым, марқұмдарды ақтауларыңызды сұраймын. Еш кінәлары жоқ балалар ғой, –  деді Мұхтар Ошақбайұлы сотта сөйлеген сөзінде.

Исатай Донбаевтың әпкесі Шолпан Донбаева тергеудің жалған деректермен құрастырылғанын айтып, тергеушілер тарапынан қысым жасалғанын айтты. 

– Тергеу негізі жалған деректермен құрастырылған. Бізге ешқандай қатысы жоқ фактілермен тергеу жүргізілген. Жаңабаев деген ведомствоаралық тергеу тобының бастығы «сен осы бапқа келіспесең, саған 4, 5, 6 қаңтар күндеріне куә (жалған куәлар – ред) тауып беремін. Ойлануға бір апта беремін» деді. Мен келіскен жоқпын. Айтқанындай, куәларды тауып берді, – деді ол. 

 Әділдік жоқ. Тергеу барысында да, сотта да әділдік жоқ. Судья Төребекұлы біз сұрамаған сұрақтың барлығын нақтылап сұрап тұрып, бір жақты үкім шығарды. Неге? Бар жазықтарды өлгендері, сөйлей алмайтындары ма? Баланы әкеден, ананы күйеуінен, мені бауырымнан айырды. Сонда қашан әділдік болады? Біз қашанға осылай марқұмдарды қинап жүреміз? Мен қазір жазғандарымды оқи алмай тұрмын. Өйткені мен сіздерге жеткізе алмай тұрмын. Бір жарым жыл болды бармаған жеріміз, баспаған тауымыз жоқ. Барған жеріміздің барлығының есіктері жабық. Барлығының айтатындары бір. Сонда біз қай жерден әділдік іздеуіміз керек. Мен үкіммен келіспеймін. Бауырымды, марқұмдарды ақтауыңызды сұраймын, – деді Донбаева. 

Сотқа тергеу изоляторынан жеткізілген Марат Бекбау N67 мекеменің медицина бөліміне шағым түсірді. Ол облыстық денсаулық сақтау басқармасына тексеру жүргізуді сұрады. 

– Аяғым болмаса, басқа денсаулығым жақсы. N67 мекеменің медицина жағы ешқандай қарамайды. Ауырсынуды басатын дәріден басқа ешқандай дәрі бермейді. Емдеу жүріп жатқан жоқ. Бір жарым жылда екі рет ренгенге шығарды. Соны міндет қылады. Мен шағымдандым. Бірақ ол мекемеден шығармайды. Сол жерде қалады. Жамбыл облыстық денсаулық сақтау мекемесіне қайырылғым келеді. N67 мекемесінің медицина бөлімін тексеріп кетулеріңізді өтінемін, – деді Бекбау. 

Таразда Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан бес марқұмға сот үкімі ақпан айында оқылған. Судья Бағдат Төребекұлы «аруақтардың» барлығын кінәлі деп таныған. Іс бойынша күдікті деп танылған Ғани Керімбаев, Асхат Ташекеев және Нұрбол Ережепов шартты жазаға кесіліп, Марат Бекбау екі жылға сотталған. 


Сондай-ақ қараңыз