Апелляциялық сот Иаков Воронцовтың үкімін өзгеріссіз қалдырды
  • Басты
  • >
  • Апелляциялық сот Иаков Воронцовтың үкімін өзгеріссіз қалдырды

Апелляциялық сот Иаков Воронцовтың үкімін өзгеріссіз қалдырды

18.11.2026

Алматының апелляциялық сот алқасы бұрынғы дін қызметкері Иаков Воронцовтың үкімін өзгеріссіз қалдырды.

18 қарашада өткен сот процесі онлайн режимде болды. Сот отырысына Иаков Воронцовтың өзі қатыстырылмады. Тек адвокаты Ғалым Нұрейісов пен әпкесі Светлана Митько ғана қатысты.

Қорғау тарапы апелляциялық сот алқасынан Иаков Воронцовқа тағылған айып өз дәлелін таппағанын, осыған байланысты оны ақтауды сұрады. Алайда сот алқасы өтінішті қанағаттандырмай, үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Биыл 7 қазанда Алматының Медеу аудандық №2 соты Иаков Воронцовты кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айырған. Оған «Есірткі заттарын сату ниетімен заңсыз өңдеу, сатып алу, сақтау немесе тасымалдау» бабы бойынша айып тағылған. Ол өзіне тағылған айыппен келіспейді. Істің саяси астары бар деп есептейді.  

Иаков Воронцов сот залында істі «Ресейдің тапсырысы» деп атап, аштық жариялайтынын мәлімдеген.

«Меніңше, бұл – Ресей тарапынан түскен саяси тапсырыс. Бұл – заңсыз қылмыстық қудалау… Конституциялық құқығымның бұзылуына байланысты қарсылық ретінде мерзімсіз аштық жариялаймын», – деген ол.

40 жастағы Иаков Воронцов 2022 жылы Украинадағы соғысты айыптап, Ресейдің әрекеттерін сынаған. Осыдан кейін көп ұзамай 2023 жылы Ресей православ шіркеуі оны діни қызметінен айырды.

Кейіннен Воронцов Қазақстанда Мәскеу патриархатына бағынбайтын православ діни бірлестігін құруға әрекет жасап, оны тіркеуден бас тартқан Әділет министрлігінің шешіміне сот арқылы шағым түсірді.

Иаков Воронцов 13 ақпанда қамауға алынған. Оған Қылмыстық кодекстің 302-бабы («есірткі притонын ұйымдастыру») және 296-бабы («есірткі сақтау») бойынша айып тағылып, 72 сағатқа қамауға алынған. Кейін сот оны екі айға тергеу изоляторына қамау туралы шешім шығарды.

Сот қарсаңында адвокат Ғалым Нұрпейісов қылмыстық істен 302-бап («есірткі притонын ұйымдастыру») бойынша тағылған айып алынып тасталғанын мәлімдеген.

Наурыз айында (православ священнигі мәртебесінен айырылған) Воронцовты АҚШ-тың Халықаралық діни еркіндік жөніндегі комиссиясы (USCIRF) сенім-нанымы үшін қудаланған адамдар тізіміне қосты.

Шілдеде Иаков Воронцов Ақтастағы психиатриялық ауруханадан қайтадан Алматыдағы тергеу изоляторына ауыстырылды. Оған дейін оны адвокатына ескертпестен ауруханаға жіберген.

Дәрігерлер Воронцовтың денсаулығынан ешқандай психикалық ауытқу анықтамаған және оны мәжбүрлі емдеуге негіз жоқ деген қорытынды жасаған.