БҰҰ-ның Ерікті түрде қамауға алу жөніндегі жұмыс тобы бес санаттың төртеуі бойынша журналист Думан Мұхаммедкәрімді түрмеге қамауды заңсыз әрі әділетсіз деп таныды.
Биыл наурыз айында БҰҰ-ның Ерікті түрде қамауға алу жөніндегі жұмыс тобы «Ne Deaidi?» YouTube-арнасының авторы, қазақстандық журналист Думан Мұхаммедкәрімнің түрмеге қамалуын заңсыз деп танығаны белгілі болды. БҰҰ сарапшылары Қазақстан билігінің Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының сегіз бабын, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің алты бірдей ережесін бұзғанын анықтады.
№ 18/2026 қорытындысында жұмыс тобы журналистің кәсіби қызметіне байланысты бас бостандығынан айырылғанын, сондай-ақ саяси көзқарасына байланысты кемсітушілікке ұшырағанын мәлімдеді. Сонымен қатар, оған сот процесінде әділ сот талқылауы құқығын пайдалануға мүмкіндік берілмеген.
БҰҰ-ның жұмыс тобына жолданған шағымда журналисті қамауға алуды еріксіз әрі заңсыз деп тануға негіз болатын төрт уәж келтірілген.
Біріншісі – экстремизмге қатысты негізсіз айыптау. Қазақстан заңнамасындағы бұлыңғыр тұжырымдар азаматтарды нақты құқықтық негізсіз жауапқа тартуға мүмкіндік береді. Бұған шағымда қазақстандық сарапшылардың «экстремизм» ұғымына берген түсіндірмелері дәлел болған.
Журналист Қылмыстық кодекстің 405 және 258-баптары (тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысу және экстремизмді қаржыландыру) бойынша сотталған. 2023 жылы Қазақстанда сырттай сотталған оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовпен болған (алайда экстремистік баптар бойынша емес) сұхбатынан кейін Думан Мұхаммедкәрім көрермендерді Әблязовты қаржылай қолдауға шақырғаны үшін қамауға алынды. Әблязовтың айтуынша, оған депортация немесе экстрадиция қаупі төніп тұрғандықтан, адвокаттардың қызметіне ақы төлеу үшін қаражат қажет болған. Осы айыптар бойынша журналист жеті жылға бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар Әблязов құрған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысын Қазақстан соты жабық отырыста «экстремистік ұйым» деп танығаны белгілі. Алайда сот шешімі жария етілмеген. Ал Әблязовтың өзі ресми түрде «экстремист» немесе «террорист» деп танылмаған. Соған қарамастан, Қазақстанның тергеу органдары мен жалданған сарапшылар Мұхаммедкәрім, Әблязов және ҚДТ арасында тікелей байланыс орнатуға тырысқан.
Құжатта атап көрсетілгендей, журналистік сұхбатты тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысу деп қарастыруға болмайды.
Осылайша, журналистің сөз бостандығы құқығы да бұзылған. БҰҰ сарапшыларының пікірінше, «журналисті қылмыстық қудалауға алудың жеткілікті құқықтық негізі болмаған, ол заңды мақсатты көздемеген және қолданылған жаза айқын түрде шамадан тыс болған. Журналистік қызметі үшін жеті жылға бас бостандығынан айыруға жол берілмеуі тиіс».
БҰҰ сарапшылары мемлекет Думан Мұхаммедкәрімді саяси көзқарасына байланысты кемсітті деген қорытындыға да келген.
Төртінші негіздеме – сот талқылауының негізсіз түрде жабық өткізілуі және әділ сотқа қол жеткізу құқығының бұзылуы. Думанның қорғаушыларына ҚДТ-ны экстремистік ұйым деп тану туралы сот шешімі берілмеген, дегенмен айыптау тарапы оны негізгі дәлелдердің бірі ретінде пайдаланған. Сот негізінен мемлекеттік сарапшылардың жоғарыда аталған қорытындыларына сүйеніп, айыпталушының пайдасына берілген 18 куәгердің айғақтарын елемеген.
БҰҰ-ның жұмыс тобы бұдан бөлек, «бұл іс бойынша сот талқылауы мүлде болмауы керек еді» деген тұжырым жасаған.
Журналисті негізсіз қамауға алу фактісіне қатысты қорытындылардан бөлек, БҰҰ сарапшылары саяси тұтқынның қамаудағы жағдайына және оған медициналық көмек көрсетілмеуіне алаңдаушылық білдірді. Жұмыс тобының бағалауынша, тәртіптік жазалар жүйелі түрде қысым көрсету құралы ретінде қолданылып келеді. Сондай-ақ, Қазақстан билігінің өз жауабында Мұхаммедкәрімнің аштық жариялағаны туралы ақпаратты жасырғаны туралы айтылған.
БҰҰ-ның жұмыс тобы журналисті дереу босатуды, заңсыз қудаланғаны үшін ақшалай өтемақы төлеуді және бұлыңғыр құқықтық ұғымдарды теріс пайдалануға жол бермейтін заңнамалық өзгерістер енгізуді талап етті. Астанаға осы талаптардың орындалуы және қабылданған шаралар туралы есеп беру үшін алты ай уақыт берілді.
БҰҰ сарапшыларының қорытындысымен (ағылшын тілінде) мына жерде танысуға болады:https://www.ohchr.org/sites/default/files/documents/issues/detention-wg/opinions/session105/a-hrc-wgad-2026-18-kazakhstan-aev.pdf