«Балаларымыз үшін соңына дейін барамыз»: Әскерде қаза болған сарбаздардың аналары әділдік іздейді
  • Басты
  • >
  • «Балаларымыз үшін соңына дейін барамыз»: Әскерде қаза болған сарбаздардың аналары әділдік іздейді

«Балаларымыз үшін соңына дейін барамыз»: Әскерде қаза болған сарбаздардың аналары әділдік іздейді

05.11.2026

Әскерде қаза болған сегіз сарбаздың ата-анасы балаларының өлімін әділ тергеуді талап етті. Олар 4 қарашада адам құқықтарын қорғау бюросында баспасөз жиынын өткізді.

Индира Тұрғамбаеваның ұлы Алмас Шахимов үш жыл бұрын қаза тапқан. Ол Ұлттық ұланда небәрі екі ай қызмет еткен. Ресми мәлімет бойынша, сарбаз үш жыл бұрын құмды дауыл кезінде үстіне шатыр құлап, қаза тапқан. Алайда анасы ұлының өліміне қатысты ресми нұсқаға күмәнмен қарайды.

Индира Тұғамбаеваның сөзінше, ұлы әскерде жүргенде атына несие рәсімделген. Кейін банк өкілдері анасына хабарласып, қарыздың төленбегенін ескерткен. Анасы бұл мәселеге байланысты әскери бөлім басшылығына жүгінгенімен, нақты жауап ала алмағанын айтады.

Бұған дейін осы іске байланысты бұрынғы взвод командирі Ерболат Шаназар сарбаздардың атына несие рәсімдегені үшін кінәлі деп танылып, екі жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген. Алайда марқұмның анасы бұл үкімді тым жеңіл деп санайды. Ол істің қайта тексеріліп, ұлының өліміне қатысты барлық мән-жайдың анықталғанын талап етіп отыр.

«Біз, қаза болған сарбаздардың аналары, істерді ашуды, балаларымызды өлтіргендерді заңға сәйкес, жазалауды талап етеміз. Күресуден шаршадық. Кейбіріміз үш-төрт жылдан бері қабырғаға басымызды соғып келе жатқандаймыз. Қанша айтсақ та, дәлел келтірсек те, нәтиже жоқ. Сараптамаларды да өз ақшамызға жасатамыз. Енді не істерімізді білмей қалдық. Олармен күресуден шаршадық. Бірақ балаларымыз үшін соңына дейін барамыз», – деді марқұм сарбаз Алмас Шахимовтың анасы Индира Тұрғамбаева.

Қаза болған сарбаздардың аналары қарулы күштерді жүйелі реформалау қажеттігін  де айтты. Олар мұндай оқиғалар қайталанбауы керек екенін алға тартты.

2023 жылы Астанадағы Ұлттық ұланның №6636 әскери бөлімінде қаза тапқан Қайсар Сұлтановтың анасы Сәуле Тілеубергенова да ұлының «өз-өзіне қол жұмсағанына» сенбейді. Тергеу нұсқасымен келіспейді. Сөзінше, ұлының өліміне қатысты іс үш рет суицид дерегі бойынша жабылып, қайта ашылған.

Сәуле Тілеубергенова осы уақыт ішінде әділдік іздеп, түрлі органдарға жүгінген, алайда қандай да бір нәтижеге қол жеткізе алмаған. Ол істі қайта қарауға қол жеткізу үшін дәлелдер жинап, прокуратураға өзі жүгінгенін айтады. Алайда тергеу қайта басталғанымен, іс әлі күнге дейін аяқталмаған.

Сәуле Тілеубергенова істі суицид дерегі бойынша ғана тергеумен шектелмей, Қылмыстық кодекстің 99-бабы – «Адам өлтіру» бойынша қайта саралауды талап отыр.

«Ұлымның иек тұсына екі рет оқ атылған. Екі оқтың арасы 5–6 минут. Ал қылмыстық іс үшінші жыл қатарынан «өз-өзіне қол жұмсау» бабы бойынша тергеліп жатыр. Бірақ бұған ешқандай дәлел жоқ. Керісінше, ұлымның өлтірілгенін дәлелдейтін бұлтартпас айғақтарым бар. Сараптама қорытындылары да бар. Мен ұлымның ғана емес, әскерде қаза болған басқа да балалардың істерін әділ қарауды сұраймын. Қазақстан әскерінде осындай жағдайлардың болып жатқаны өте өкінішті. Бізге әскер керек, бірақ мұндай емес. Ұлымның өліміне қатысты істі әділ тергеп, кінәлілерді жазалауды талап етемін», – деді баспасөз жиыны кезінде әскерде қаза болған Қайсар Сұлтановтың анасы Сәуле Тілеубергенова.

Балаларынан айырылған ата-аналар әділ тергеуді талап етіп жүргенде, өздерінің де қысым көріп, аңдауға ұшырағанын, қорқыту мен қоқан-лоқы көріп жүргенін мәлімдеді.

Жиын өтіп жатқанда жарық бірнеше рет сөніп, ата-аналардың мәлімдемелері бірнеше рет үзілді. Белсенді аналар мұны қасақана жасалған кедергі деп топшылады.

Бұған қоса, ғимарат алдында полиция қызметкерлері жүрді. Жиынға үш ана келді, тағы бесеуі Zoom арқылы қосылды. Тағы бір сарбаздың ата-анасы жазбаша талабын жолдап, оны жиында оқып берді.

Бәрі ұлдарының өліміне қатысты тергеу әділ өтпеді деп есептейді. Кейбір істерде өлім суицид немесе жазатайым оқиға деп тіркелген. Бірақ аналар балалары адам қолынан қаза болуы мүмкін деп күдіктенеді. Олар істі әділ тергеп, кінәлілерді жауапқа тартуды және сотты ашық өткізуді талап етті.

Бұл ата-аналардың мәселесін 29 қазанда Қорғаныс министрі де қабылдап, тыңдаған. Министр он шақты ата-ананың әрқайсысымен жеке кездесіп, істерін бөлек қарауға уәде берген. Алайда әзірге олардың тек екеуі ғана министрлікке шақырылып, жеке сөйлескен. Қалғандары жеке кездесуді күтіп жүр.