Астанада бір топ адам әкімдікке барамын деп полициядан бір-ақ шықты
  • Басты
  • >
  • Астанада бір топ адам әкімдікке барамын деп полициядан бір-ақ шықты

Астанада бір топ адам әкімдікке барамын деп полициядан бір-ақ шықты

05.11.2026

Астанада полиция қала әкімімен жолықпақ болған 20-дан астам адамды ұстап әкетті.

4 қарашада Астанада «Қосымша» бағдарламасы аясында жұмыс істейтін білім беру ұйымдарының 20-дан астам өкілі қала басшылығымен кездесуді талап етіп, әкімдікке барды. Алайда оларды полиция ұстап, бөлімшеге алып кетті.

«Otkir kurek» басылымы таратқан видеода адамдарды полиция күштеп автозакқа отырғызып жатқаны көрінеді. Видео авторы «Бәрімізді полиция алып кетіп жатыр» деп айтады. Кейбірі «Итерме, адвокатты жіберіңдер бізге» дейді.

Ұйым өкілдерінің айтуынша, олар бұған дейін де әкім мен оның орынбасарларының қабылдауына бірнеше рет кіруге тырысқанымен, кездесу мүмкін болмаған.

Астана қаласының әкімдігі ұйым өкілдері айтқан уәжге мүлде қарама-қайшы түсініктеме берді.

Әкімдік мәліметінше, келген адамдар әкім орынбасарымен кездесуге алын ала жазылмаған. Соған қарамастан, кездесу ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Алайда жиналған адамдар қарсылықтарын тоқтатпаған. Әкімдік оны қоғамдық тәртіпті бұзу деп бағалаған. Сол себепті полиция адамдарды Сарыарқа аудандық полициясына алып кеткен.

Ұйым өкілдерінің наразылығына білім беру ұйымдарында қызмет сапасын бақылау үшін енгізіліп жатқан Face ID жүйесі себеп болып отыр. Өкілдердің сөзінше, жабдық тендер өткізілмей және қажетті рұқсат құжаттарынсыз орнатылған.

Бұдан бөлек, балалардың биометриялық деректері Қазақстаннан тыс жерде, Yandex бұлтты сервисінде сақталуы мүмкін деген қауіп бар. Олар жүйенің заңдылығы мен балалардың жеке деректерінің қауіпсіздігіне қатысты әкімдіктен түсініктеме талап етіп отыр.

Былтыр шілдеде Астана әкімдігі 4-тен 18 жасқа дейінгі балаларға арналған үйірмелер мен секцияларға тегін ваучерлерді үлестіруге көмектесетін QOSYMSHA.KZ цифрлық платформасын енгізу бойынша пилоттық жоба басталғанын хабарлаған болатын.

Қалалық білім басқармасының хабарлауынша, «жүйе қорғалған деректер орталығында орналасқан және үшінші тұлғалардан толық оқшауланған». 2025 жылы бағдарлама 25 000-нан астам баланы қамтығаны хабарланған.