Алматыда жүк көліктеріне енгізілген шектеулерге қарсылық білдіруге шақырған ер адам 15 тәулікке қамалды. Бұл жөнінде Алматы қалалық полиция департаменті 1 қарашада хабарлады.
«Ауыр жүк көліктерін жаппай тоқтату туралы үндеу 15 тәуліктік әкімшілік қамаумен аяқталды. Алматыда полиция жүргізушілерді салмақ шектеулеріне қарсы наразылық білдіруге шақырған видеоның авторын анықтады», – деп жазылған полиция хабарламасында.
Полицияның айтуынша, үндеу авторы – 41 жастағы Асылжан Баймұханов. Ер адам 1 қарашада жүк көліктерін жаппай тоқтатуға шақырған.
30 қазанда желіде тараған видеода Асылжан Баймұханов бір оське түсетін салмақ 8 тоннадан асатын жүк көліктеріне қойылған шектеуге қарсылық білдіріп, құрылыс жұмыстарына ауыр жүк көліктері қажет болғандықтан, мұндай шектеу олардың жұмысына кедергі келтіретінін айтқан.
Ол видеода Алматыда үнемі құрылыс жүріп жатқанын, жолдар асфальтталып, монолитті үйлер салынып жатқанын айтқан. Оның пікірінше, құрылыс материалдарын тасу үшін ауыр жүк көліктері қажет.
2026 жылғы 25 шілдеден бастап Алматының орталық бөлігінде ауыр жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылды. Шектеу күн сайын таңғы 07:00-ден кешкі 22:00-ге дейін қолданылады. Ол Саин көшесі, Әл-Фараби даңғылы, Шығыс айналма автомобиль жолы және Рысқұлов даңғылының арасындағы аумаққа қатысты.
Алматы әкімдігі мен полициясының түсіндіруінше, оның мақсаты – қаладағы негізгі көшелердегі көлік жүктемесін азайту, жолдардың өткізу қабілетін арттыру, көлік қозғалысының қауіпсіздігін жақсарту, асфальтты сақтау.
2026 жылғы қыркүйектегі ресми мәлімет бойынша, шектеуді бұзған 3,7 мыңнан астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
30 қыркүйекте Алматыда ондаған жүк көлік жүргізушісі журналистер алында шығып, жаңа талаптар енгізілгелі бері миллиондап айыппұл арқалап жатқандарын айтып шағымданған.
Жүргізушілердің айтуынша, жолдарға салмақ өлшейтін құрылғылар орнатылғалы бері жұмыс істеу қиындаған. Қолданыстағы талап бойынша, үш осьті жүк көлігіне 10 тонна жүк артуға рұқсат етіледі. Ал белгіленген мөлшерден асып кеткен жағдайда жүргізушілерге қомақты айыппұл салынады.
«ҚазАвтоЖол жол салып жатқан кезде Алматыдан Сарыөзекке асфальт тасып жүрдім. Салмақ өлшейтін құрылғыға түсіп, 1 миллион 887 мың теңге айыппұл алдым. Бізге бір оське 8 тоннадан тиесілі дейді. Бұл Кеңес Одағы кезінде қабылданған талап. Қазір кемінде 14 тонна болуы керек деп есептеймін. Мысалы, сізге бір рейспен жүк жеткізген тиімді ме, әлде төрт-бес рет қатынап әкелген тиімді ме? Мұны жоғарыда отырғандар неге түсінбейді? Алатау қаласын саламыз деп жатыр, оны немен салады?», – деген сол уақытта жүргізугілердің бірі Ринат Күсембеков журналистерге.
Дау туындаған уақытта көлік министрлігі өкілдері жүк көліктеріне қатысты салмақ нормалары биылдың өзінде қайта қаралып, арттырылғанын мәлімдеген. Ведомство өкілдерінің айтуынша, өзгерістер тиісті сараптамадан өтіп, мамандармен келісілген. Сондықтан әзірге қолданыстағы шектеулерді одан әрі жеңілдету жоспарланып отырған жоқ.
Көлік министрлігі Көліктік бақылау комитетінің бас сарапшысы Мейрамбек Базаровтың айтуынша, бір шиналы оське түсетін салмақ 10,5 тоннаға, ал екі шиналы оське 11,5 тоннаға дейін көтерілген. Қосарланған білікке түсетін салмақ та 16 тоннадан 18 тоннаға дейін ұлғайтылған.